Конкурстық комиссияның қорытындысына сәйкес Алдияр Халелов Батыс Қазақстан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы болып тағайындалды, деп хабарлайды Egemen.kz.
БҚО әкімінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, Алдияр Сансызбайұлы 1958 жылы дүниеге келген. Білімі жоғары. Жамбыл гидромелиоративті-құрылыс институтын инженер-гидротехник мамандығы бойынша тәмамдаған.
Әр жылдары Батыс Қазақстан облысы Приурал ауданындағы Желаев аудандық арнайы ауыл шаруашылығы бірлестігінің аға инженер-гидротехнигі, кәсіподақ ұйымының төрағасы, М.Мәметова атындағы колхозы партия комитетінің хатшысы, Трекин ауылдық кеңесінің төрағасы, Трекин ауылдық округінің әкімі болып жұмыс жасады.
Сондай-ақ Зеленов ауданы әкімінің орынбасары, Шыңғырлау және Бөрлі аудандарының әкімі болды. 2018 жылдан бүгінгі күнге дейін Тасқала ауданының әкімі қызметін атқарды.