Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Бюро отырысы өтті, онда депутаттар 2021 жылғы 16 қыркүйекке жоспарланған Парламенттің жоғарғы палатасы отырысының күн тәртібін бекітті, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бейсенбі күні сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарайды.
Заң жобасы біздің елімізде мүгедек адамдардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшерін арттыру, зейнетақымен қамсыздандыру, халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік сақтандыру мәселелерін жетілдіру мақсатында әзірленді.
Осылайша, заң жобасында бірінші топтағы мүгедектерге күтім жасайтын адамдарға ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1,40 мөлшерінде жәрдемақы енгізу көзделеді, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балалардың барлық топтары үшін жәрдемақы мөлшерін ұлғайту жоспарлануда.
Заң жобасында жұмыссыздарды еңбек биржасында тіркеу, жұмыссыз мәртебесін алу және тиісті жәрдемақы алу рәсімдерін жеңілдететін нормалар жазылған.
Бюро отырысы барысында Палата отырысының күн тәртібіне Сенат депутаты Серікбай Трұмовтың ант беруі және оның Сенаттың тұрақты комитетінің құрамына сайлануы туралы мәселені енгізу ұсынылды.
Бұдан басқа, Мәжілістен бұрын келіп түскен «Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға қоршаған ортаға трансшекаралық контексте әсер етуді бағалау жөніндегі хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы Бюро отырысында Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі комитетіне берілді.