• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 13 Қыркүйек, 2021

Медициналық мекемеден есірткі табылды

426 рет
көрсетілді

Алматы облысында медициналық мекемені тексеру кезінде есірткі және психотроптық препараттарды сақтау фактісі анықталды. Бұл туралы ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті басқармасының бастығы Бақытжан Әмірханов мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

«6-12 қыркүйек аралығында есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңды айналымындағы бұзушылықтарды анықтау бойынша «Дәрмек» операциясының кезекті кезеңі өткізілді. Алты күн ішінде полиция 865 субъектіні, оның ішінде 599 дәріхананы, 24 қойманы, 205 емдеу-алдын алу мекемелерін, сондай-ақ 37 өнеркәсіптік кәсіпорынды тексерді. Нәтижесінде 1,2 тонна прекурсор айналымы шектелген», деді Бақытжан Әмірханов брифингте.

Оның айтуынша, операция есірткіге ұқсас дәрі-дәрмектерді рецептісіз босатуды анықтауға бағытталған.

Ол жедел алдын алу іс-шарасы барысында 18 қылмыстық құқық бұзушылық, оның ішінде 17 есірткі заттарымен жұмыс істеу ережелерін бұзу, бір заңсыз медициналық және фармацевтикалық қызмет және рецептілерді заңсыз беру немесе қолдан жасау анықталғанын айтты.

«Алматы облысында медициналық мекемені тексеру кезінде есірткі және психотроптық препараттарды сақтау фактісі анықталды: морфин - 417 ампула, промедол - 255 ампула, фентонил - 100 ампула, реланиум - 140 ампула лицензиясыз. ҚР ҚК 303 - бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», деді Бақытжан Әмірханов.

ІІМ ақпараты бойынша, бақылаудағы заттар айналымы саласында 93 әкімшілік құқық бұзушылық, оның ішінде 28 объектіні техникалық нығайту талаптарын бұзу және лицензиялау нормаларының сегіз фактісі анықталды.

«Препараттарды рецептісіз босатудың 57 фактісі анықталды. Қолданыстағы заңнаманы бұза отырып сақталған немесе сатылатын құрамында есірткі бар барлық препараттар, яғни есірткі құралдарының 1343 ампуласы және 1 мыңнан астам таблетка мен психотроптық заттардың 1206 ампуласы айналымнан алынды», деп қорытындылады Әмірханов.