Айыппұлдарды тексеру функциясы қызметтер спектрін кеңейткен «Е-Salyq Azamat» мобильдік қосымшасында пайда болды, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«E-Salyq Azamat» әзірлеушілері қолданыстағы қызметтерге әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін төленбеген айыппұлдарды тексеру мүмкіндігін қосты. Айыппұлды «Е-Salyq Azamat» сервисінде «деректемелер бойынша төлеу» сервисінде айыппұл түрін және Мемлекеттік кірістер органының кодын көрсете отырып төлеуге болады. Бұл функция қол жетімді болуы үшін AppStore немесе PlayMarket-тегі мобильді қосымшаны жаңарту қажет.
«E-Salyq Azamat» мобильдік қосымшасын пайдаланушылар саны 700 мың адамға жетті. Жалпыға бірдей декларациялаудың бірінші кезеңі шеңберінде декларацияны тапсыру сервисі ең талап етілетін қызмет болып табылады. Қосымшаны пайдалана отырып, 308 405 қазақстандық декларацияларын тапсырды.