• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Спорт 13 Қыркүйек, 2021

Қазақстандық балуан Румынияда өткен Әлем кубогында жеңімпаз болды

482 рет
көрсетілді

Солтүстік Қазақстан облысындағы «Қызылжар Арландары» спорт клубының мүшесі Мұхит Тұрсынов Румынияның Констанца қаласында халықаралық этникалық мәдениет фестивалі аясында қазақ күресінен өткен Әлем кубогында жеңіске жетті, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Qazaq kuresi» қауымдастығының мәліметінше, Румынияның Констанца қаласында өткен Әлем Кубогына 21 елден 128 балуан қатысты. Жарысты Қазақстан Республикасының «Qazaq kuresi» қауымдастығы, Румыния «Qazaq kuresi» қауымдастығы және Румыния Сыртқы Істер министрлігі ұйымдастырған. Екі ел бірігіп өткізген бұл сайыс - коронавирус пандемиясы басталғалы бері қолға алынған алғашқы ірі халықаралық дода.

«Бұл - Әлем чемпионатының алдындағы дайындық жарысы деуге болады. Жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Оған халықаралық мамандардың төл өнерімізге берген жоғары бағалары дәлел. Жарыс барысында қазақстандық балуан Мұхит Тұрсынов 100 кг салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанды», делінген хабарламада.

Әлем кубогы барысында ұлттық дәстүр насихатталып қана қоймай, өзге күрес түрлерінен де фестивальдер өтті. Атап айтқанда, құраш, аба және қырым күрестері бойынша сайыстар, ат жарыс, садақ ату, семсерлесу, найзамен айқасу сынды көшпенділер ойындары ұйымдастырылды.

Сондай-ақ, тоғызқұмалақ және мангала ойындарының таныстырылымы ұйымдастырылды. Қазақ күресінен Әлем кубогында топ жарған спортшылар медальдармен және ақшалай сыйақымен марапатталды.