2021 жылдың қыркүйегінде Ala Estate және ADS Industries жаңа өнеркәсіптік парктері іске қосылады деп күтілуде. Бұл туралы Алматы қаласында өткен шағын өнеркәсіптік парктер бағдарламасын (Almaty Business-2025 кәсіпкерлікті дамытудың Өңірлік бағдарламасын іске асыру шеңберінде) дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте белгілі болды.
Іс-шараға Алматы қаласының стратегиялық жоспарлау, бюджет және тиімділік жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы, «Алматы» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Асқар Білісбеков, Алматы қалалық Кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің төрағасы Максим Барышев, Алматы Индустриялық аймағының өкілдері және AlaEstate, ADS Industries, Asia Prom Textile, CityBus, KazStroyTrade ЖШС шағын өнеркәсіп парктерінің басшылары қатысты. Жиында шағын өнеркәсіп парктерінің өкілдері қаланың шағын бизнесті қолдау жөніндегі әлеуметтік жобасының үлкен пайдасын атап өтіп, одан әрі дамыту бойынша өз ұсыныстарын айтты және өзекті сұрақтарға жауап алды.
«Егер бұрын бизнес-қоғамдастықта шағын өнеркәсіптік парктердің дамуына күмәнмен қарайтын болса, қазір пандемия кезінде де осындай парктердің құрылысына үлкен сұраныс байқалады, деді А.Білісбеков кеңес қорытындысы бойынша. – Біз Алматы қаласының ӘКК аясында Almaty Business-2025 бағдарламасы бойынша инвесторлар үшін шағын өнеркәсіптік парктер салуға 6%-бен жеке несие желісін бөлдік, лимитті 300-ден 500 млн теңгеге дейін арттырдық және бұл бағдарламаның бүгінгі әлеуеті зор. Қазір осындай 5 парк салынып жатыр, жақын арада оның үшеуі іске қосылады деп күтілуде. Алматы қаласында тағы 4 шағын өнеркәсіп паркі жұмыс істейді, келесі жылы қосымша 2 парктің іске қосылуын күтеміз. Таяудағы 2-3 жылда біз 20-ға жуық өнеркәсіптік парктерді іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бүгінде 8 шағын өнеркәсіптік паркте онда жұмыс істегісі келетін резиденттердің тұтас кезегі бар».
Айта кетейік, бүгінде Алматыда 14 шағын өнеркәсіптік парк жұмыс істейді, оның 5-і Наурызбай, Түрксіб және Алатау аудандарында («БротМастер» ЖШС, Ala Estate ЖШС, Samruk Group ЖШС, CityBus ЖШС, AsiaProm Textile ЖШС). Жұмыс істеп тұрған өндірістік үй-жайлардың жалпы ауданы 17 435 шаршы метрді құрайды, инвестициялардың жалпы сомасы – 1 млрд 220 млн теңге. Алатау ауданындағы Индустриялық аймақтың аумағында бүгінде 6 шағын өнеркәсіп паркі салынуда (Ala Estate ЖШС, ADS Industries ЖШС, KazStroyTrade ЖШС, D&J Investments & Logistic ЖШС, Qazaq Plast ЖШС, «Алтын Дәурен Бизнес» ЖШС).
«Біз әртүрлі мәселені талқылау үшін шағын өнеркәсіптік парктердің басшылығымен үнемі кездесіп тұруға тырысамыз және олардың жұмысын одан әрі жетілдіру, парктерді тартымды ету, жақсы жағдай жасау туралы көбірек ұсыныс пайда болады. Алматы әкімдігімен бірге оларды қолдауға дайынбыз», деп түйіндеді А.Білісбеков.
Сондай-ақ Алматы Индустриялық аймағының аумағында тағы 3 жаңа шағын өнеркәсіптік парктің құрылысы мақұлданды. 2021 жылғы 16 маусымда шағын өнеркәсіптік парктерді құру және олардың жұмыс істеуі жөніндегі Комиссия мақұлдаған инвестициялардың жалпы сомасы 550-ден астам жаңа жұмыс орнын құрумен 2,05 млрд теңгені құрайды (Nurpak ЖШС, «Промпарк» ЖШС, Mirus Company ЖШС). Бүгінде компаниялар ЖСҚ әзірлеуді бастау үшін Өңірлік үйлестіру кеңесінің (ӨҮК) оң шешімін күтуде.
Шағын өнеркәсіптік парктер – Алматы қаласы әкімдігінің мегаполис шетіндегі (Наурызбай, Алатау, Түрксіб аудандарында) шағын бизнесті дамыту жөніндегі әлеуметтік жобасы. Өнеркәсіптік парктерде коммуникациялары жүргізілген үй-жайлар шағын бизнеске жеңілдікті шарттармен жалға беріледі. Процестің операторы – бизнес-қоғамдастыққа әкімшілік қолдау көрсететін «Алматы» ӘКК» АҚ. Өндірістік үй-жайлар қала шегінде инвесторлармен немесе өндірістік базалардың иелерімен салынады.