Президент Тоқаев соңғы екі Жолдау қатарынан бюджет мәселесіне айырықша тоқталды. 2020 жылы Мемлекет басшысы керек жобаға ғана қаржы бөлейік, ақшаны суша сапыратын заман келмеске кетті десе, биыл бюджет кірісін арттыру үшін жедел түрде шара қабылдау қажет деп тапсырма берді. Бұл – сөздері әртүрлі болғанымен, түпкі мазмұны бір мәселе. Бүтін елдің қаржылық тұрақтылығын меңзейтін проблема.
Былтыр Президенттің ақшаны үнемдеп жұмсайық дегені біздің шенділердің құлағына дұрыс жетпеген сияқты. Биыл маусымда, яғни, Президенттің былтырғы Жолдауы жарияланғаннан кейін 10 ай өткенде Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова органдар нәтиже үшін емес, бюджетті кез келген жолмен игеру үшін жарысып жатыр деп мәселенің турасына көшіп еді.
– Дағдарысқа қарсы шаралардың тек 14 пайызы ғана ұзақмерзімді экономикалық активтер мен нысандар құруға бағытталған. Өзгесінің бәрі – жөндеу жұмыстары, жасылдандыру және басқалар. Яғни тиімділігі қысқа мерзімге жететін шаралар. Үкімет болса өз есептерінде барлық жоба аяқталғаннан кейін қол жетуге тиіс болжамды – дәл қазір қол жеткізген жетістік ретінде сипаттайды. Алайда аяқсыз қалған жобалардың үлесі 8 пайызға дейін жетеді. Тиісінше, қаржы да толық игерілмеген. Министрліктердің қалайша барлығын 100 пайызға игеріп жатырмыз дейтіні түсініксіз, – деп шағынды Н.Годунова.
Есеп комитетінің бізге ұсынған дерегі бойынша әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешуге бөлініп, тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражатының сомасы 2019 жылмен салыстырғанда 33,2 пайызға, яғни 569,4 млрд теңгеге дейін ұлғайған.
Президенттің одан кейін қойған тағы бір талабы – Есеп комитетінің құзыретін кеңейту мәселесі. «Мүдделер қайшылығына жол бермеу үшін Есеп комитетін қаржыландырудың өзгеше тәртібін белгілеу керек. Оны Үкімет жанындағы республикалық бюджеттік комиссия арқылы емес, Парламенттің салалық комитеттері арқылы жүзеге асырған жөн» деген еді. Бұл мәселе шешімін тапты ма? Комитет бізге былай жауап береді: «Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, мемлекеттік аудиттің жоғары органы қызметінің тиімділігі, ең алдымен, оның тәуелсіздік деңгейімен алдын ала анықталады. Мұндай талап Дүниежүзілік банк қалыптастыратын (D+ біріктірілген бағалау), яғни еліміздің рейтингтеріне әсер ететін ISSAI (Лима декларациясы) халықаралық стандартында бекітілген. Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру шеңберінде 2020 жылғы 26 желтоқсанда есеп комитетінің үкіметтен қаржы жағынан тәуелсіздігін қамтамасыз ететін құқықтық тетіктер көзделген «Бюджет кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды. Осы заңға сәйкес есеп комитетінің бюджеттік өтінімі оған қорытынды дайындап, өзгерістер енгізбей республикалық бюджет жобасына қосатын бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық мемлекеттік органға жіберіледі. Есеп комитетінің жоспарланған бюджетінің негізділігі – Парламент депутаттарының жұмыс топтарының тиісті отырыстарында және жалпы отырыстарда қарау және талқылау нысанасы болады».
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында да бюджет тақырыбын айналып өтпеді. Президент «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларының мерзімін тағы бір жылға ұзартатынын, соған байланысты кемінде бір триллион теңге бөлінетінін мәлімдеді. Әрине, бөлінген ақшаның әділ үлестірілуі аса өзекті.
«Соңғы кезде бюджеттің шығыс бөлігіндегі міндеттемелерді орындау үшін бюджет тапшылығы ұлғайып, Ұлттық қордан алынатын трансферттер көбеюде. Үнемі осылай «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүре алмаймыз. Біздегі қаржылық орнықтылықтың қоры соншалықты шексіз емес. Бюджеттің кірісін арттыру үшін шаралар қабылдау қажет екені сөзсіз. Бірінші кезекте, мемлекеттік шығыстардың ауқымын және оның тиімді жұмсалуын бақылауда ұстау керек» деді.
Қаржы министрлігінің дерегінше, мемлекеттік бюджет кірістері құрылымындағы Ұлттық қор трансферттерінің үлесі 2018 жылы – 2,6 трлн, 2019 жылы – 3,1 трлн, 2020 жылы 4,8 трлн теңгені құраған. Яғни қордағы ақшаны жұлмалауды жыл санап үдетіп келеміз. Былтыр мемлекеттік бюджеттен 16,72 трлн теңге жұмсалыпты. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 23,6 пайызға жоғары екен.
Есеп комитетінің мүшесі Рашит Ахметовтің айтуынша, мембюджеттің дұрыс жұмсалмауының бір себебі – ескірген заңнамада. Сондықтан Президент айтқан мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасын енгізу – бюджет саясатын басқаруға тиімді құрал болмақ.
– Есеп комитеті нысандарда мемлекеттік аудит жүргізе келе бюджеттік және заңнамалық қайшылықтардың жүйелік сипатқа ие екенін байқады. Сондықтан бюджет қаржысы, мемлекеттік актив, мемлекеттік займдар және жалпы мемлекеттік қаржымен жұмыс істеуде ортақ тәсіл болуы тиіс. Бұл ретте Президент айтқан мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасы – бюджеттік саясатты, мемлекеттік және квазимемлекеттік қарыздарды бір форматта басқаруға, сондай-ақ Ұлттық қор қаражатын қалыптастыру мен пайдалануға мүмкіндік береді. Бюджетті жоспарлау кезінде қанша қаржы бар екенін біліп, шығындалу мүмкіндігімізді ескере отырып алдымен кіріс бөлігін қалыптастыру керек. Содан соң ғана түбінде жабуы қиынға түсетін несиелерге ұрынбас үшін шығыс бөлігін қалыптау қажет. Сонда ғана мемлекеттік ақшаның және азаматтардың әл-ауқатының өсу тұрақтылығы артады, – дейді Рашит Ахметов.
Айтпақшы, Президент Жолдауда мемлекеттік органдарға бюджеттік дербестік беру мәселесін де көтерген. Бұл орайда әрине, оларға дербестік беру қандай тиімділік алып келеді деген сұрақ тудырады. Керісінше, меморгандардың бюджеттік дербестік алуы түрлі қитұрқылық пен жемқорлықты өрістетіп жібермей ме? Президент айтқандай бұл «міндеттерді шұғыл шешуге және ұжымдық жауапсыздық пен әуре-сарсаңнан құтылуға» қаншалықты мүмкіндік береді?
Есеп комитетінің хабарлауынша, Президенттің мемлекеттік органдарға бюджеттік дербестік беруді ұйымдастыруға қатысты бөлігін орындау Үкіметке бекітіліп беріліп қойған және олар қазір бюджет заңнамасына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде ұсыныстар әзірлеуде. «Біздің құзіретімізге кірмегендіктен мемлекеттік органдарға бюджеттік дербестік беру тиімділігін бағалауды жүргізген жоқпыз» деп жауап береді комитет.
Енді тез арада үкімет Ұлттық қордың босап қалған бөлігін толтыруы тиіс. Президент тапсырмасы бойынша бұған қажетті заңнамалық өзгерістер осы жылдың соңына дейін қабылдануы қажет. 7 қыркүйек күнгі үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев бұл шаруаға кіріскендерін мәлімдеді.
– Бюджет қаржысын басымдыққа сай жұмсауды қамтамасыз ету үшін «блоктық» бюджетті және жаңа бюджеттік қағидаларды, сондай-ақ бюджеттік лимиттерді бөлудің объективті әдістемесін енгізу көзделеді. Жан басына қарай қаржыландыру тетігін қолдану кеңейтіледі, – деді министр.
Оның айтуынша, микро және шағын бизнес субъектілері үшін еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлем енгізілмек. Бұл осы төлемдерді есептеу мен төлеу тәртібін оңайлатуға, сондай-ақ еңбекақы төлеу қорына түсетін жалпы жүктемені 2023 жылдан бастап 34 пайыздан 25 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік бермек.