• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 14 Қыркүйек, 2021

Саяси жаңғыру – қоғам қолдауына зәру

1115 рет
көрсетілді

Ата Заңымызда Қазақстан өзін демо­кра­тиялық мемлекет ретінде орнық­ты­­ратынын жариялады. Тәуел­сіздікті ны­ғайтудың бастапқы кезе­ңін­де саяси қа­тынастарды демократия­лан­дырудан гөрі экономиканы либера­ли­за­ция­лауға ба­сымдық беруге тура келді.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының соңы мен екі мыңыншы жылдары саяси жүйе­ні дамыту қажеттілігі түсінікті болды. Өйт­кені саяси реформаның қарқыны эко­но­­микалық өзгерістердің ауқымынан бір­ша­ма кейіндеп қалды. Заңдылық пен консти­ту­ция­лық тәртіп сақталмаған жерде демократияны құру мүмкін болмайтындықтан және ол әлеуметтік-экономикалық бей-бере­кет­тікке әке­летіндіктен азаматтық қоғам институттарын қалыптастырудың құқықтық не­гіз­дерін қа­лып­тастыру қажеттігі туындады. Қор­даланып қалған проблемалар түбегейлі өзге­рістерді талап етті. Алайда бұл күрделі үде­ріс­терді бірден еңсеру мүмкін емес еді. Оның үстіне ол кезде оған қоғам да дайын болмады. Ендеше, өкі­ніш­ке қарай, бұл міндеттердің бар­лығы бірдей толыққанды шешілді деуге кел­мейді.

Президент Қ.Тоқаев адам­зат­тың алдында тұрған жаңа және тосын талап-міндеттерді ескере отырып, Қазақстанның стратегиялық бағдарының басым міндеті ре­тінде саяси жаңғыруды айқындап отыр. Қазіргі қауіп-қатерлер елдің бүкіл әлеу­мет­тік-экономикалық және қоғамдық-саяси жүйесін жеделдетіп модернизациялау мін­де­тін шешуді қажет етуде. Бұл жұмыстар саяси жүйені тұрақтырақ етуге, оның тепе-теңдігін қамтамасыз етіп, жетілдіруге бағыт­талуда. Ол күштер теңгерімі мен билік тар­мақ­тарының жауапкершілігін, азаматтық қоғамның белсенділігін арттыруды көздейді. Ендеше, демократиялық қайта құруларды жүргізу барысында іргелі құндылықтар мен қоғамдық мәмілеге келу арқылы елдің тұ­рақ­ты дамуына бағытталған шешуші қа­дам­дар жасалуы керек.

Президенттің соңғы екі жылда қолға алып, заңдастырып, іске асырып жатқан елеулі қоғамдық-саяси өзгерістерін аумалы-төкпелі жаңа дәуірдің талаптарына берген нақты жауабы деуге болады. Олар еліміздің саяси жүйесі әлеуетінің сапалық негізін күшейтіп, тұрғындардың мемлекет басқару ісіне араласуын ынталандырмақ. Ал ол қазақстандық қоғамдағы саяси үдерістердің ашықтығын және оның бәсекелестігін арттыра түседі. Нәтижесінде, мемлекеттің тиімділігі артады. Ең бастысы, мықты, әділ әрі озық мемлекет құруға бағытталған өзгерістер Қазақстанның өзіне тән ерекшеліктерін ескере отырып, эволюциялық жолмен іске асырылмақ. Сонымен бірге Мемлекет басшысының мемлекетті басқарудағы саяси көзқарастары мен өзіндік қолтаңбасына кешенділік, бірізділік, жүйелілік пен нақтылық тән. Оның айғағы ретінде ауыл әкімдерінің сайлауынан кейін, яғни 2024 жылы аудан әкімдерінің тікелей сайлауын өткізу туралы шешімді атап өткен жөн. Түптеп келгенде, бұл батыл қадамдардың азаматтық мәдениетті дамыту мен ауыл тұрғындарының әлеуметтік белсенділігін арттыруға тікелей ықпал етіп, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін нығайтары сөзсіз.

Президенттің Жолдауындағы ауылдық жер­дегі азаматтық бастамаларға қолдау көр­сету, ондағы үкіметтік емес ұйым­дар­ды жергілікті бюджеттен қаржы­лан­ды­ру­ды ұлғайту тетіктерін жасауға ба­ғыт­тал­ған заң жобасы қоғамдық талқы­лау­дан өтті. Отбасылық және гендерлік саясаттың тұжы­рым­дамасында отбасының өмір сапасын көтеру, ана мен баланы қорғау мәселелері қарастырылмақ. Мәжілістің қара­уы­на түскен заң жобаларының арасында Қылмыстық кодекске өлім жазасына байланысты заңнамалық жаңалықтар, құқық қорғау қызметін өткеру тәртібін жетілдіруге және жемқорлыққа қарсы күрес мәселелеріне қатыстылары да бар.

Сонымен аз уақыттың ішінде көп жұмыс атқарылды. Елімізде жүйелі өзгерістер мен реформалар жүргізуге қажетті заңнамалық негіз жасалуда. Олар халықтың мүддесі мен мемлекеттің мүмкіндіктерін зерделеу не­гізінде қабылданды. Ел дамуының шешуші кезеңіне қадам басқан кезде және дүние жүзіндегі ахуалдың құбылмалы екенін ескере келе, Қ.Тоқаев ұстанатын бағытын белгілеп, мақсатын айқындап, нақты жоспарын жасап, бастаған ісін соңына дейін жеткізуге деген үлкен сеніммен белін бекем буды. Ендігі жерде уақыт ұттырмай, алдымызда тұрған мақсаттарды нәтижелі орындау үшін қоғам болып, біртұтас ел ретінде адал еңбек етіп, реформаларды жүргізуге белсенді атсалысу қажет-ақ. Отанымыздың, тәуелсіздіктің болашағына деген жауапкершілікпен әркім азаматтық борышын адал орындап, заңмен өмір сүріп, өскелең ұрпақты осыған баулыса, барлығы дұрысталады. «Ендеше, бірлігімізді бекемдеп, ел үшін еңбек етейік!», деген Мемлекет басшысының сөзінде үлкен мән-мағына мен жауапкершіліктің бары анық, ағайын.