Ата Заңымызда Қазақстан өзін демократиялық мемлекет ретінде орнықтыратынын жариялады. Тәуелсіздікті нығайтудың бастапқы кезеңінде саяси қатынастарды демократияландырудан гөрі экономиканы либерализациялауға басымдық беруге тура келді.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының соңы мен екі мыңыншы жылдары саяси жүйені дамыту қажеттілігі түсінікті болды. Өйткені саяси реформаның қарқыны экономикалық өзгерістердің ауқымынан біршама кейіндеп қалды. Заңдылық пен конституциялық тәртіп сақталмаған жерде демократияны құру мүмкін болмайтындықтан және ол әлеуметтік-экономикалық бей-берекеттікке әкелетіндіктен азаматтық қоғам институттарын қалыптастырудың құқықтық негіздерін қалыптастыру қажеттігі туындады. Қордаланып қалған проблемалар түбегейлі өзгерістерді талап етті. Алайда бұл күрделі үдерістерді бірден еңсеру мүмкін емес еді. Оның үстіне ол кезде оған қоғам да дайын болмады. Ендеше, өкінішке қарай, бұл міндеттердің барлығы бірдей толыққанды шешілді деуге келмейді.
Президент Қ.Тоқаев адамзаттың алдында тұрған жаңа және тосын талап-міндеттерді ескере отырып, Қазақстанның стратегиялық бағдарының басым міндеті ретінде саяси жаңғыруды айқындап отыр. Қазіргі қауіп-қатерлер елдің бүкіл әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси жүйесін жеделдетіп модернизациялау міндетін шешуді қажет етуде. Бұл жұмыстар саяси жүйені тұрақтырақ етуге, оның тепе-теңдігін қамтамасыз етіп, жетілдіруге бағытталуда. Ол күштер теңгерімі мен билік тармақтарының жауапкершілігін, азаматтық қоғамның белсенділігін арттыруды көздейді. Ендеше, демократиялық қайта құруларды жүргізу барысында іргелі құндылықтар мен қоғамдық мәмілеге келу арқылы елдің тұрақты дамуына бағытталған шешуші қадамдар жасалуы керек.
Президенттің соңғы екі жылда қолға алып, заңдастырып, іске асырып жатқан елеулі қоғамдық-саяси өзгерістерін аумалы-төкпелі жаңа дәуірдің талаптарына берген нақты жауабы деуге болады. Олар еліміздің саяси жүйесі әлеуетінің сапалық негізін күшейтіп, тұрғындардың мемлекет басқару ісіне араласуын ынталандырмақ. Ал ол қазақстандық қоғамдағы саяси үдерістердің ашықтығын және оның бәсекелестігін арттыра түседі. Нәтижесінде, мемлекеттің тиімділігі артады. Ең бастысы, мықты, әділ әрі озық мемлекет құруға бағытталған өзгерістер Қазақстанның өзіне тән ерекшеліктерін ескере отырып, эволюциялық жолмен іске асырылмақ. Сонымен бірге Мемлекет басшысының мемлекетті басқарудағы саяси көзқарастары мен өзіндік қолтаңбасына кешенділік, бірізділік, жүйелілік пен нақтылық тән. Оның айғағы ретінде ауыл әкімдерінің сайлауынан кейін, яғни 2024 жылы аудан әкімдерінің тікелей сайлауын өткізу туралы шешімді атап өткен жөн. Түптеп келгенде, бұл батыл қадамдардың азаматтық мәдениетті дамыту мен ауыл тұрғындарының әлеуметтік белсенділігін арттыруға тікелей ықпал етіп, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін нығайтары сөзсіз.
Президенттің Жолдауындағы ауылдық жердегі азаматтық бастамаларға қолдау көрсету, ондағы үкіметтік емес ұйымдарды жергілікті бюджеттен қаржыландыруды ұлғайту тетіктерін жасауға бағытталған заң жобасы қоғамдық талқылаудан өтті. Отбасылық және гендерлік саясаттың тұжырымдамасында отбасының өмір сапасын көтеру, ана мен баланы қорғау мәселелері қарастырылмақ. Мәжілістің қарауына түскен заң жобаларының арасында Қылмыстық кодекске өлім жазасына байланысты заңнамалық жаңалықтар, құқық қорғау қызметін өткеру тәртібін жетілдіруге және жемқорлыққа қарсы күрес мәселелеріне қатыстылары да бар.
Сонымен аз уақыттың ішінде көп жұмыс атқарылды. Елімізде жүйелі өзгерістер мен реформалар жүргізуге қажетті заңнамалық негіз жасалуда. Олар халықтың мүддесі мен мемлекеттің мүмкіндіктерін зерделеу негізінде қабылданды. Ел дамуының шешуші кезеңіне қадам басқан кезде және дүние жүзіндегі ахуалдың құбылмалы екенін ескере келе, Қ.Тоқаев ұстанатын бағытын белгілеп, мақсатын айқындап, нақты жоспарын жасап, бастаған ісін соңына дейін жеткізуге деген үлкен сеніммен белін бекем буды. Ендігі жерде уақыт ұттырмай, алдымызда тұрған мақсаттарды нәтижелі орындау үшін қоғам болып, біртұтас ел ретінде адал еңбек етіп, реформаларды жүргізуге белсенді атсалысу қажет-ақ. Отанымыздың, тәуелсіздіктің болашағына деген жауапкершілікпен әркім азаматтық борышын адал орындап, заңмен өмір сүріп, өскелең ұрпақты осыған баулыса, барлығы дұрысталады. «Ендеше, бірлігімізді бекемдеп, ел үшін еңбек етейік!», деген Мемлекет басшысының сөзінде үлкен мән-мағына мен жауапкершіліктің бары анық, ағайын.