• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Аймақтар 14 Қыркүйек, 2021

Жалпыға жанашыр кәсіпорын

359 рет
көрсетілді

Рудный қаласында «Жомарт жүрек» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Салтанатты рәсімде қаланың дамуына сүбелі үлес қосқан шүлеңгір кәсіпорындардың басшыларына құрмет көрсетілді.

Жиында пандемия кезінде көп­теген қайырымдылық жобасын тиімді жүзеге асырып, емдеу мекемелеріне көмек қолын соз­ған «Сарыбай-Соколов кенбайыту өндірістік бірлестігі» АҚ «Жылдың үздік ұйымы» аталымы бо­йынша жеңімпаз болып танылып, кәсіпорынның президенті Валерий Гриненкоға арнайы грамота мен мүсінше табыс етілді.

Өңірде індет өршіп тұрған күрделі кезеңде іргелі кәсіпорын көптеген игі істі қолға алып, қайырымдылық акцияларына белсенді қатысты. Бірқатар әлеуметтік бағдарламаны іске асыруға ұйытқы болып, карантин кезінде тұрмысы қиындаған азаматтарды қолдауға бағытталған «Ел тірегі – Елбасы» акциясына белсене қатысты.

– Біз аталған акция аясында мың­да­­ған мұқтаж жанға азық-түлік се­бе­тін жеткіздік. Жалпы, ERG кә­сіп­орындары өздері орналасқан өңірлерде көмекке мұқтаж жандарға 11 мыңға жуық азық-түлік себетін табыстады. Олардың ішінде біздің бірлестік дайындаған 2 мыңнан астам азық-түлік жиынтығы бар. Бұдан бөлек ССКӨБ ұжымы балалар үйі мен сәбилер үйіне тұрақты түрде көмек көрсетіп келеді. «Донор күндерін» жиі ұйымдастырады. Тек осы жылдың өзінде біздің 200 кенші 90 литрден астам қан тапсырды. Сондай-ақ кәсіпорын «Түркістан-Сібір магистралінің 90 жылдығына орай СӨС үшін челлендж», «Қарттар күні», «Ұлы Отан соғысы ардагерлерін Жеңіс күнімен құттықтау», «Наурыз – игі істер айы» және тағы басқа көптеген қайырымдылық іс-шарасына соңғы бір жылдың ішінде шамамен 92 млн теңге қаржы жұмсады, – деді «ССКӨБ» АҚ президенті В.Гриненко.

«Жомарт жүрек» жыл сайын әлеуметтік саланың дамуына мол қаржы жұмсап, қайырымды ісімен ерекшеленген кәсіпорындарға табыс етіледі. Аталған сыйлық осыдан үш жыл бұрын Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен елімізде қайы­рым­дылық қызметін дамытуға елеу­лі үлес қосқандарды іздестіру және көтермелеп, ынталандыру мақ­са­тын­да беріле бастады.

 

Қостанай облысы,

Рудный қаласы