Қарағанды облысының Абай қаласында тұратын жас жігіт төбелестен кейін өз-өзіне қол жұмсады. Марқұмның туыстары істің әділ қаралуын талап етіп, жігіттің өзіне-өзі қол жұмсауына себепкер болған кінәлілерді жазалауды сұрап отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Әлеуметтік желіде 20 жастағы жігіттің өз-өзіне қол жұмсағаны туралы хабарлама пайда болды.
Қайғылы оқиға 11 қыркүйекте болған. Кешке достарымен бірге жүргенде, ол басқа топтың жігітімен жанжалдасып, біраз сөйлескен соң тарап кеткен. Алайда, бұл жағдай қарсыластың достарына ұнамай, олар Әлішерді қуып жетіп, жабылып аяусыз ұрып тастаған. Қазір жігіттің туыстары мен жақындары әділеттілікті талап етеді және ұлын аяусыз ұрғандарға қатысты тиісті жаза қолданғанын қалайды.
Туыстарының айтуынша, дәл осы оқиға Әлішердің суицидке баруына себеп болған.
«Әлішеріміздің өзіне қол жұмсауына қатыгез жәбірлеушілер себепкер болды. Ол мықты адам болған және біз оның өмір сүргісі келмейтінін ешқашан естіген емеспіз», делінген хабарламада.
Марқұмның туғандарының айтуынша, олар осы факті бойынша Абай қаласының полиция бөліміне жүгінген.
«Сол күні аталған факт бойынша ҚР ҚК 105-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Ол бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды.
Қазіргі уақытта тергеу жүріп жатыр», деді Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.