• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
01 Мамыр, 2010

ҚҰНДЫЛЫҒЫМЫЗДЫ ҚҰНТТАЙ БІЛЕЙІК

585 рет
көрсетілді

Қазақстанның көршілес елдерге қарағанда өзіндік ерекшелігі бар. Бізде 130-дан аса этнос өкілдері тұрады. Олай болса, еліміз этнос­ара­лық түсіністік пен қоғамдық келісімді сақтау және нығайтуды басты мақсаттарының бірі ретінде қарастырып келеді. Төменде осы мәселе төңірегінде Мәжіліс депутаттары өз ойларын ортаға салады. 1992 жылы Елбасы Нұрсұлтан На­зарбаевтың тапсырмасымен Қа­зақстан халқының бірінші форумы өтті. Сол форумдағы баяндамасын­да Мемлекет басшысы “Қазақстан дамыған мемлекеттер қатарында болуы, халқының жақсы өмір сүруі үшін бізге ең керегі елдің бірлігі, қоғамдық келісім, еліміздегі бейбіт­шілік” дегенді баса айтты. Сол кез­дері жиналысқа қатысқан кейбі­реулер: “Жұрт уақытымен айлық ала алмай жатқан шақта, зейнетақы дер кезінде төленбей отырған кезде, зауыт-фабрикалар тоқтап жат­қан тұста осы ынтымақ пен бір­лікті айту керек пе еді”, дегендей де пікір білдіріп қалған-тын. Ел­басы халықтың бірлігі мен тыныш­тығы болса, барлығы да болады дегенді сол кездерден жоспарлаған екен ғой. Жалпы, бірлікке арнаған жақсы сөздер көп. Төле би бабамыздың “Бірлік болмай – тірлік болмайды” дегенінің өзі неге тұрады. Қай кез­де болса да қай мемлекетке болса да бірлік міндетті түрде керек. Кеңес Одағы тұсындағы еңбек­шілер күнін ел бірлігі мерекесіне айналдырып, атап өтіп жатқаны­мыздың өзі жарасымды емес пе?! Бұл күні біз тек ән айтып, би билеп қана қоймаймыз, әрбір этнос өкіл­дері мақсатымыз бен ние­тіміздің бір екенін білдіріп жата­мыз. Бәріміздің басымыз қосылып, ән тыңдауымыз немесе бір биді тамашалауымыздың өзі сол бірлік­тің нышаны. Сондықтан бұл мере­кені мен өзім ерекше мереке­лер санатына қосамын. Елдің бір­лігі болған жерде, өзге мәселелер­дің барлығы да қалпына келе береді. Бірлік болмаған жерде, кикіл­жіңдердің орын алатынын өмірдің өзі көрсетіп отыр. Тәжікстандағы азамат соғысы, Өзбекстандағы және Қырғызстандағы жағдайлар, Кавказ елдеріндегі қақтығыстар бірлік пен татулықтың жоқтығынан орын алған. Алла бізді осыдан аулақ қылсын. Әрине, ел болған соң шешіл­меген проблемалар кездеседі. Ал оларды басқа елдердегі сияқты жолдармен шешуге әрекеттенбес үшін Елбасы сол Қазақстан халқы­ның бірінші форумында: “Біз бір қоғамдық институт құрайық, сол қоғамдық институтқа барлық этнос өкілдері кірсін, сол жерде өздерінің проблемаларын талқылап, соның шешімін қарастырсын”, деген ой айтты. Сол ой дами келіп, Қазақ­стан халқы Ассамблеясы институ­тын өмірге әкелді. Ассамблеяның сессиясы, кеңесі және хатшылығы бар, одан қалса этномәдени бірлес­тіктері бар солар арқылы кез келген проблеманы шешуге болады. Осы тұрғыдан алғанда біздегі тұрақ­тылықта Ассамблеяның өзіндік үлесі бар дегенді айтқым келеді. Қазір аталған институт құрамында ғылыми-сараптамалық, қоғамдық кеңестер құрылып, ақсақалдар алқасы қоғамдық ұйымы да өмірге жолдама алуы тиіс. Осылардың барлығы ғалымдар мен зиялыларды Ассамблея жұмысына тартуға мүмкіндік береді. ҚХА-ның соңғы ХV сессиясында Ел бірлігі док­тринасының жобасы талқыланды. Бұл құжат жаһандану заманында біздің саясатымыз қалай болуы ке­рек деген сұраққа жауап береді. Сол жоба қарсылыққа ұшыраға­нымен, барлық қоғамдық ұйымдар­дың қатысуымен талқыланып барып мақұлданды. Жұмысшы тобы халықтан келген ұсыныстарды саралай отырып, оның маңызын арттыруға қол жеткізді. Жақында елімізге сапар жасаған БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның өзі ұлтаралық саясатқа үлкен баға беріп кетті. Қазақстан халқы Ассамблеясының негізгі міндеті –ел бірлігін нығайту. Доктринада да сол міндет атап көрсетілген. Қазіргі кезде этномәдени бір­лестіктер Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайына көшуде. Ғима­раттың төртінші қабатында орналасқан бірлестіктер өздерінің мұражайларын жасауда. Онда ұлттық киімдер, ұлттық аспаптар және өзгелері қойылып жатыр. Мұның барлығы ел бірлігі мен татулығы үшін қажет дүниелер. Розақұл ХАЛМҰРАДОВ, ҚХА-дан сайланған Мәжіліс депутаты.