• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әлем 14 Қыркүйек, 2021

Жиырма жылда үйренген үш сабақ

171 рет
көрсетілді

Осыдан жиырма жыл бұрын 11 қыркүйекте болған теракт әлемді дүр сілкіндірді. «Біз бәріміз америкалықпыз» деген сөйлем халықаралық ынтымақтастық ұранына айналды. Кенеттен Батыстың «қырғиқабақ соғыстан» кейін қауіпсіз екені елеске айналды. Жаһандану 1990-жылдары билік жүргізуші парадигмаға айналып, әлемде Батыстың экономикалық үстемдігін орнатқан еді. Осы оқиғадан кейін жаһанданудың көлеңкелі тұсы пайда болды.

Террористік шабуылдан жиырма жыл өткен соң, оқиғаның Батыс пен бүкіл әлемге тигізген салдарын бағалау қиын. Мемлекетке қатысы жоқ қатыгез ойыншы халықаралық күн тәртібін бекітіп, ерекше деңгейге шығарды. АҚШ бастаған Батыстың гегемониясы күмәнсіз екеніне қарамастан, 1990 жылдан басталған бір полярлы кезең аяқталуға жақындай түсті. Ал АҚШ-тың сыртқы саясаты «терроризмге қарсы жаһандық соғысқа» байланысты түбегейлі өзгерді.

Уақыт тұрғысынан қарасақ, АҚШ-тың Ауғанстанға басып кіргені халықаралық қоғамдастық тарапынан үлкен қолдау тапқаны таңғаларлық емес. Өйткені 11 қыркүйектегі террористік шабуыл жауапсыз қалмайтыны түсінікті еді. Сондай-ақ әл-Каиданың осы операцияны жоспарлауына, ұйымдастыруына және жүзеге асыруына пана берген «Талибан» болатын.

Бірақ Ауғанстандағы соғыс сәтсіздік ретінде есте қалады. Себебі оған жұмсалған көп қаражат пен жоспардың жүзеге аспауы заңды сұрақ туындатады. Мұның бәрі не үшін қажет еді? 20 жылға созылған қақтығыстар кезінде 48 мыңнан астам бейбіт тұрғын, кем дегенде 66 мың ауған әскері мен НАТО-ның 3500 сарбазы қаза тапты. АҚШ Ауғанстанда мемлекеттік институттар құруға 2 триллион доллардан астам қаражат жұмсады. Бірақ соның бәрі бірнеше аптаның ішінде жойылып кетіп, «Талибан» елді қайтарып алды.

Кабулда «Талибан» үкіметінің қайта құрылуы – «терроризмге қарсы жаһандық соғыс» қате қадам болғанының тағы бір дәлелі. Ауғандықтар, әсіресе әйелдер мен қыздардың жағдайы қиындап, фун­даменталистік режім ұстанатын билік­тің қол астында қала барды. Батыс­тың ендігі міндеті – осы қайғылы оқиғадан сабақ алып, ой елегінен өткізу.

Сабақ алуымыз керек бірінші мәселе – сыртқы әскери күштер, яғни шетелде әскери іс-қимыл жүргізу режімді ауыстырып, ұзақ мерзімге тұрақтылық орнатуда тиімді әдіс емес. Батыс «Талибаннан» төнген қауіпке төтеп бере алатын заманауи, демократиялық және тұрақты Ауғанстан мемлекетін құра алған жоқ. АҚШ 2003 жылы Иракқа заңсыз басып кіргеннен кейін дәл осы қателігін қайталады. Нәтижесінде, көп ұзамай ДАИШ (Қазақстанда тыйым салынған террористік ұйым – А.А) содырлары бас көтеріп, аймақты әбігерге салды. Ливияда тағы да осындай қателік жасады. Сөйтіп НАТО-ның Муаммар әл-Каддафи режімін құлатуы елді дағдарысқа ұшыратып, азаматтық соғыс өрті тұтанды.

Қысқасы, жоғарыдан төмен қарай мемлекет құру идеясының беделін тү­сірді. Бұл модельде әскер ұстап тұру, елге көп көлемде қаржы құю қауіпсіздікті, дамуды және демократиялық басқаруды қамтамасыз ететіні сөзсіз деген болжам жасалды. Бірақ мемлекет құру үшін халықтың қолдауы қажет болғандықтан, оны заңды түрде жүзеге асыру үшін жергілікті тұрғындардың ықыласы керек. Сонда ғана бұл қадам табысқа әкеледі.

Ауғанстанда мұндай жағдай болған жоқ. Көптеген қатыгездік жасаған Абдул Рашид Достум секілді әскер басшыларын қолдау, Батыстың мемлекет құруға деген талпынысына көлеңке түсіріп, ауған халқының көп бөлігін өзінен алшақтатты.

Жалпы алғанда, елдегі қолданыстағы институттарды жаңаларымен алмас­тыру деген пікір мүмкін емес. Мұны мо­йындау керек еді. Көптеген мемлекет біртіндеп және эндогенді түрде, шетел­дің мәж­бүрлеуімен емес, ұзақ уақыт бо­йы ын­тымақтастық пен ымыраға келу арқы­лы құрылады. Қызықтыру мен елікті­ру се­кілді жұмсақ саясат күш пен мәжбүр­леу­ге қарағанда әлдеқайда жақсы әсер етеді.

Ең қиыны, АҚШ президенті Джордж Буш әкімшілігі 11 қыркүйек оқиғасынан кейін Американың ең құнды активі сана­латын дипломатияның орнына әскер күшін қолданғанды жөн көрді. Сөйтіп бүкіл әлем үшін тартымды бол­ған ерекшелігінен айырылды. Берлин қабыр­ғасы әскер күшінің әсерінен емес, коммунизм жағдайында өмір сүретіндердің Батыстағы экономикалық моделдің өмір сүру стандарттарын жақсартқанын, өздері қалағаннан да жоғары деңгейге жеткізетінін түсінгендіктен құлады.

Ауғанстандағы 20 жыл ішінде үйре­нуіміз тиіс екінші сабақ – мемлекеттік ішкі құрылысты аймақтық стратегиялармен ұштастыру керек. Негізгі аймақтық ойын­шыларды жоққа шығаратын тәсілдер өміршең емес, әсіресе қазіргі көпполярлы әлемде бұл маңызға ие. Жалғыз әрекет ету арқылы Батыс халықаралық күштердің теңгерімін түсінбеді.

Ауғанстанның көршілері түрлі ұсыныс жасағанымен, оның бәрі босқа кетті. Қытай соғыс басталғанда елеулі үлес қоса алмады, бірақ жаһандық держава ретінде таныла бастағанда тиімді серіктеске айналатын еді. АҚШ басқаратын тұрақтандыру әрекеттері мен Қытайдың Ауғанстанға салған инвестицияларын тығыз үйлестіргенде, жергілікті тұрғындардың жағдайын жақсартып, даму жобаларының пайдасын барынша арттыруы мүмкін еді.

Сол секілді, Ресеймен келісімге келу солтүстік арқылы Ауғанстанға көбірек ресурстардың келуіне мүмкіндік берер еді. Сөйтіп әскер өткізу арқылы бірқатар басымдыққа ие болған Пәкістанға қажеттілікті төмендететін еді.  Сонымен қатар АҚШ қару-жарағын басты сатып алушы әрі Пәкістанның ірі инвесторы саналатын Сауд Арабиясы өзінің ықпалын пайдаланып, Пәкістан үкіметін аймақтық мәселелерді шешуде неғұрлым конструктивті рөл атқаруға сендіруі мүмкін еді.

Ауғанстандағы жеңілістің ақырғы сабағы Еуропаға қатысты. Қарт құр­лық­тың әрекеті стратегиялық мүдделерге сәйкес мүмкіндіктерді пайдаланудың қажеттілігін көрсетті. Америка сыртқы саясатының өзгеріп, әлемдік бақылаушы міндетінен бас тартуы Еуропаны ойландырып, АҚШ-тың мүмкіндіктері мен сая­сатына тәуелділігі жөнінде ұйғарымға келуі тиіс.

Азаматтарды Кабулдан эвакуация жасаған кезде бәске не түсіп тұрғаны анық байқалды. АҚШ-тың әскери ұшақтары болмаса, Американың одақтастары өз қызметкерлерін елден шығара алмайтын еді. Енді алдағы уақытта Еуропада тағы бір мәрте босқындар дағдарысы туын­дауы мүмкін екенін ескерсек, Ауған­станда дербес әрекет ету мүмкін емесі анық аңғарылады. «Істеп жатқанда үйре­ну» әдісі Еуропалық одақты нақты қадам­ға барып, тұрақсыздықтың өңірге жақын­дауына жол бермеу мақсатында негізгі аймақтардағы азаматтық-әскери операцияларын күшейтуге итермелеуі керек.

Кейінгі 20 жылда әлем айтарлықтай өзгергенімен, халықаралық терроризм мәселесі әлі шешілген жоқ. Мысалы, Сахелдегі қиын жағдай бәрімізге бола­шақта қандай шара қолдану керектігі тура­лы ойлануға мәжбүр етуі керек. Бірақ бір нәрсе анық: «Мәңгілік соғыстар» өте қолайсыз. Әсіресе оған төзуге тура келетіндер үшін. 11 қыркүйек оқиғасынан кейін біз бәріміз америкалық болдық, бірақ ауған болуды ұмытып кеттік.

 

Хавьер СОЛАНА,

Еуропалық одақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты бойынша бұрынғы жоғары өкілі, НАТО-ның бас хатшысы, Испанияның сыртқы істер министрі қызметтерін атқарған, EsadeGeo деп аталатын жаһандық экономика мен геосаясат орталығының президенті және Брукингс институтының құрметті қызметкері

 

Copyright: Project Syndicate, 2021.

www.project-syndicate.org