Төрткүл дүниені тәжтажал жайлағалы тұрмыстан тарылған елдің жағдайына бейжай қарамайтын кәсіпкерлер түрлі әлеуметтік жобаларды қолға алып, шамасы жеткенше шарапатты іспен айналысуға бет бұра бастады. Қолынан іс келетін мұндай азаматтарға мемлекет те көмегін аяп отырған жоқ. Кәсіпкерлікті дамыту институттары арқылы қомақты қаржы гранттарын бөліп жатыр.
Мәселен, Қостанай облысында биыл «Бастау-Бизнес» жобасына қатысушылардың біразы бизнес пен қайырымды істі ұштастыруды көздеп отыр. Солардың бірі – Сарыкөл ауылының 25 жастағы тұрғыны Нұржан Бақыткереев. Жас кәсіпкер қайырымдылық шараларын ұйымдастырумен 19 жасынан бастап айналыса бастаған. Бұған дейін Нұржан елге жанашыр ауылдастарының басын қосып, қаржы жинап, ауыр дертке шалдыққан сәбилердің еміне дәрі-дәрмегін, тұрмысы төмен отбасылардың азық-түлігі мен киімін алып беру сияқты шарапатты мол қайырымды іспен айналысып келген. Нұржан Бақыткереев таяуда көмекке мұқтаж жандарды барынша көбірек қамту мақсатында Сарыкөл ауылында әлеуметтік асхана ашты. Мұнда аудан орталығында тұратын тұрмысы төмен адамдар белгіленген кесте бойынша екі мезгіл тегін тамақтанады.
Қайырымды кәсіпкер игі бастамасын жүзеге асыру үшін «Бастау Бизнес» жобасына қатысып, білімін жетілдіріп, өзі жасаған бизнес жобаны қорғап шыққан. Әлеуметтік бағыттағы бастаманың сәтті стартап жобаға айналуына Қостанай облысы кәсіпкерлер палатасының білікті бизнес-тренері Гүлсін Абдуллина көмектесіпті. Нәтижесінде, жоба мемлекет тарапынан қолдау тауып, жас кәсіпкер өзіне қажет грант қаржысына ие болған.
– Грантпен бөлінген 583 мың 400 теңгеге ас үйге арналған жабдық сатып алдым. Жұмысшы табу мәселесі де оңай шешілді, өзбек асханасының қыр-сырын жақсы меңгерген шебер аспаз жолықты. Енді үй-жайды ретке келтіру ғана қалды. Жөндеу жұмыстарына демеуші қаражат беремін деп уәде берді. Бізде игі іске жанашырлық танытып, көмек беруге дайын азаматтар көп, – деді Нұржан.
Жас кәсіпкердің ендігі мақсаты – асхана бизнесін дамыта отырып, қайырымдылық шараларын ұйымдастыруды жалғастыру. Өзінің айтуынша, жаңа ашылған асхана ақылы және тегін түрде екі бағытта жұмыс істейтін болады. Мұқтаж жандар үшін тегін тамақтану кестесі бекітіліп, түскен табыстың бір бөлігі қайырымдылыққа жұмсалып отырады.
– Қазірдің өзінде біз көпшіліктің күшімен 3-4 отбасын ай сайын азық-түлікпен қамтамасыз етудеміз. Асханадан түскен табыстан басқа да отбасыларға үлес бөліп, мүмкіндігінше көмек беріп отырамыз. Бізге ауыр дертке ұшыраған балалардың ата-аналары жиі келеді. Олар көбіне қымбат ота жасатуға қажет қаражат сұрайды. Мұндай жағдайда көпшіліктен жылу сұрап, қолымыздан келгенше көмек жасаймыз, – дейді жас кәсіпкер.
Нұржан Бақыткереев қолға алған қайырымдылық шараларына жұбайы мен Сарыкөл мешітінің жамағаты тұрақты қолдау көрсетіп келеді.
Қостанай облысы