• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Коронавирус 15 Қыркүйек, 2021

57 сынып карантинге жабылды

114 рет
көрсетілді

Қостанай облысында өңірлік жедел штаб күнделікті жариялап отыратын мәліметтер аймақта індеттің таралу деңгейі өткен аптаның соңында едәуір төмендегенін көрсетеді. Мысалы, 1 қыркүйекте облыста 237 адам COVID-19 жұқтырса, өткен жұмада бұл көрсеткіш 172-ге дейін азайған. Алайда оқу жылы басталғалы мектеп партасына қайта отырған балалардың тәж вирусын жұқтыруы жиілеп бара жатқаны алаңдатады.

Облыстық санитарлық-эпи­де­мио­логиялық бақылау депар­таменті мен денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің айтуынша, жалпы пандемия басталғалы өңірде коронавирус­пен ауырған 30 мыңнан астам адам тіркелген. Соның 2 мың 920-сы – 14 жасқа дейінгі балалар.

Соңғы кездері балауса жастағы балғындардың індет жұқтыруы кө­бейіп бара жатқанын Қостанай облысы бас санитарлық дәрігерінің орынбасары Юрий Севостьянов та айтып отыр.

«Кеше ғана Қостанайдағы 40-тан астам сынып карантинге жабылды. Егер бұған дейін COVID-19 анықталған барлық науқастың ішінде 5-10 баладан тіркеліп отыратын, өкінішке қарай, қазір 20-25-ке жетті. Індет жұқтырған балалардың жалпы тәуліктік өсімі бұрын 5-10% болатын, қазір – 11-ден 15%-ға дейін. Бір сөзбен айтқанда, балалар жиі ауырады. Сондықтан ата-аналардан сұрайтынымыз, сәл ғана болса да ауру белгісі байқалған баланы мек­тепке жібермеу керек», деді Ю.Севостьянов.

Қалалық білім бөлімінің басшысы Гүлсім Оразбаеваның айтуынша, Қостанайда сабақ басталған бір жарым аптаның ішінде 19 мектептегі 57 сынып карантинге жабылған. Оның ішінде, мәселен, №7 және 16 орта мектептер бар. COVID-19-бен ауырған оқушы анықталған жағдайда, сыныпты екі апта мерзімге қашықтан оқуға жібереді. Қалған сыныптар қалыпты оқудан қол үзбейді. Бүгінде 1 081 оқушының науқаспен байланыста болғаны белгілі болып отыр.

«Егер сыныптағы бала қауіпті вирус жұқтырып алса, онда эпидемиолог науқас оқушымен байла­ныста болғандарды анықтап, ол тізім­ді емханаға жіберуі тиіс. Ем­ха­на дәрігерлері бұл балаларды тегін ПТР-тестілеуден өткізеді. Мұн­дай жағдайда, сынып немесе бала­бақ­ша­дағы топ карантинге жібе­ріледі. Егер оқушының ата-анасы коронави­ру­с­пен ауырса, онда карантинге ба­ла­ның өзі ғана жіберіліп, оның сыны­бы қалыпша оқи береді», деді бас са­ни­тар­дың орынбасары.

Сондай-ақ, тұмау тиген немесе тамағын қарлықтырып алған бала­лар да сабақтан босатылады. Са­ни­тар­лық дәрігерлердің айтуынша, егер сыныптағы балалардың 20-30%-ы суық тигізіп алған жағдайда, сабақ тоқтатылуы тиіс. Мұндай балалар бір апта бойы дәрігер бақылауында болады.

 

Қостанай облысы