• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қоғам 15 Қыркүйек, 2021

Мәжіліс буллинг пен кибербуллинг үшін жауапкершілік енгізуді ұсынды

741 рет
көрсетілді

Мәжіліс буллинг пен кибербуллинг ұғымдарын заңдастыратын түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады, деп жазады Egemen.kz.

Отырыс барысында депутаттар мен мемлекеттік орган өкілдері балалардың құқығын қорғауға қатысты пікір алмасып, заң жобасын жан-жақты талқылады.

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин депутаттардың бастамасымен әзірленген заң жобасында балалардың тұрғын үй және отбасылық жағдайда мүдделерін қорғауға, қадағалаусыз және панасыз қалудың алдын алу мәселелері қарастырылғанын атап өтті.

Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, соның ішінде, буллинг пен кибербуллинг қоғамда қатты алаңдатушылық тудырып отыр. Балаларды осы қауіптен қорғайтын нақты нормалар қажет.

Статистикаға жүгінсек, өткен жылы кәмелетке толмағандар арасында 143 суицид және 306 өз-өзіне қол жұмсауға әрекет ету жағдайы тіркелген. Тек жарты жылдың ішінде 105 суицид пен 193 өзіне қол жұмсау әрекеті болған.

«Шынымен буллинг және кибербуллинг өте қауіпті. Ол балалардың психологиясын бұзатын, суицидке алып баратын жол. Сондықтан, жаңа айтып кеткендей, балаларды, әсіресе, мектеп оқушыларын буллинг  және  кибербуллингтен  толықтай қорғайтын нақты нормалар енгізуіміз керек. Осыған байланысты, екінші оқылымға дейін тиісті жұмыс жүргізу қажет», деді Палата Спикері.

Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, бұл заң жобасы қазіргі қоғамға қажет көптеген мәселені, әсіресе, балалардың құқығын қорғау жолындағы проблемаларды шешуге тиіс.

Палата Спикері атап өткендей, қазір балаларды қорғау үшін отбасылық қатынастар, білім беру, денсаулық сақтау салаларында қосымша шаралар қарастырылды.

Заң жобасында жазылған нормалар, соның ішінде интернетте азаматтарды, әсіресе, балаларды осындай буллинг және кибербуллинг сияқты құбылыстардан қорғау керек. Бұл нормалар заман талабы екенін айтқан Нұрлан Нығматулин осы заң жобасы Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың азаматтарды интернет арқылы қысым көрсетуден заң деңгейінде қорғау жөніндегі тапсырмасын орындауға бағытталғанын айтты.  

Сонымен қатар, Мәжіліс Төрағасының пікірінше, бір ғана заң жобасымен балалардың құқығын қорғау саласындағы проблемаларды шешу мүмкін емес.

«Бұл жерде, әрине, жүйелі шаралар, кешенді тәсілдер қажет. Ол үшін барлық мүдделі мемлекеттік органның, педагогтар мен ата-аналар қауымының бірлесіп жұмыс істеуі қажет. Ал депутаттық корпус өз тарапынан балалардың құқығын қорғау тетігін жетілдіру бойынша заңнамалық жағынан қолдау көрсетуге дайын», деді Нұрлан Нығматулин.