ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және Қазақстанның Еуропалық бизнес қауымдастығы онлайн-кездесу өткізді, деп жазады Egemen.kz.
Шараға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов, бірінші вице-министр Ақмәди Сарбасов, ҚЕБҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Ерлан Досымбеков, атқарушы директоры Юлия Кусаиди және қауымдастықтың басқа да мүшелері қатысты.
Онлайн-кездесу барысында еңбек және көші-қон заңнамасының өзекті мәселелері, атап айтқанда, персоналды ұсыну, қызметкерлерді іссапарға жіберу, қашықтан жұмыс істеу, шетелдік жұмыс күшін тарту, жұмыспен қамтудың жаңа нысандары және т.б. мәселелер талқыланды.
Ақмәди Сарбасов баяндама жасады. Спикер еңбек қатынастарын заңнамалық деңгейде реттеу және Қазақстан жағдайында шетелдік жұмыс күшін тарту ерекшеліктері туралы айтып берді.
«Онлайн-кездесудің соңында Серік Шәпкенов пен Ерлан Досымбеков Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат шеңберінде тараптар инвестициялық тартымдылықтың өсуі, еңбек және көші-қон заңнамасын жетілдіру, Қазақстан мен Еуропалық Одақ елдері арасындағы әлеуметтік бастамаларды іске асыру үшін бірлескен күш-жігер жұмсайтын болады», деп жазады Еңбекминінің баспасөз қызметі.