• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Пікір 15 Қыркүйек, 2021

Адамзатты емдейтін салаға ашықтық керек

465 рет
көрсетілді

Осыдан 3 жыл бұрын ветеринария саласында көп жыл қызмет еткен бір кісі келіп: «Қолымда ветеринарияға қатысты «бомба» бар. Министрлікке кіремін, сосын сіздерге айтамын», деп мәлімдеді. Расында да, аталған салада табан аудармай қызмет еткен кәсіби маман екен. Алайда министрліктегілерге жолыққаннан кейін бастапқы ойынан айнып (әлде айнытты ма), ауылына қайтып кетті. «Бомбаның» не  екенін де айтпады. 

Әлгі ағамыздың «бомбасын» біле алмасақ та, ветеринария саласында қордаланып қалған мәселенің тым көп екеніне кейінірек көзіміз жетті. Бұл тақырыпқа «Егеменде» бірнеше рет мақала да жазылды. Бірақ аса бір өзгеріп кеткен ештеңе жоқ. Баз баяғы қалпында. Басқа мәселелерін айтпағанда, жүйеде ашықтық, айқындық жетіспейді. Ашықтық жоқ жерде, жемқорлыққа жол ашық. Мысалы, мал ұстаған қарапайым шаруа мал дәрігері мен ветеринарлық зертханаларға күдікпен қарайды. Өйткені малдан қан талдауына сынама алудан бастап, оның ауру, не сау екендігі туралы қорытынды анықтама беретін зертханаларға дейінгі тізбек малшы қауым үшін жұмбақ. Осыны ветеринарлар да тиімді пайдаланып, мал иесінің «қанын теспей сору» амалын сенімді жолға қойып алған. Қалай дейсіз ғой? Айталық, ауылда он-он бес шақты сиырыңыз бар. Мал дәрігері келіп, зертханалық талдауға деп қан алып кетеді. Бірнеше күннен кейін екі-үш сиырыңыздан бруцеллез шыққаны туралы анықтама әкеліп көрсетеді. Заң бо­йынша бруцеллез анықталған мал мемлекетке өткізілуге тиіс. Әрине, тегін емес, Үкімет тарапынан белгіленген өтемақысы бар. Бірақ оның көлемі әдетте мал иесін қанағаттандыратындай шамада емес. Ветеринардың шаруаны жанды жерінен ұстайтын тұсы да осы. «Баққан еңбегің, шығының бар, обалыңа қалмайын, сау деп анықтама жазып берейін, базарға шығарып сатып жібер», деп жанашырлық таныта қояды. Ал анықтаманың құны – бір малға 10 мың теңге. Әлбетте, кез келген адам 300-400 мың теңгесінен айырылғанша, 20-30 мың теңгені «садақа» қылғанды жөн көреді. Бірақ көкейде күмән қалады. Ауру малды не үшін сатуы керек? Басқаның обалына қалуы үшін бе? Мүмкін, малы сау шығар. Мүмкін зертхана мен ветеринар өзара ымыраласып алған шығар? Өйтпесе, ветеринардың өзі неліктен сатып жібер деп үгіттеп отыр? Ауру малды сатып жібер дейтіндей басы екеу емес болар. Демек ол малдың ауру  еместігіне сенімді. Тек ақ­ша табу үшін осылай істеп отыр. Ал егер  мал шы­нымен ауру болса ше? Бір ауылдан бір ауылға сатылып кете барса не болады? Ойлау­дың өзі қорқынышты. «Бомба» деген осы емес пе?

Осындай жауабы жоқ сауалдар күдік пен күмәннің бояуын қоюлата беретіндіктен, ауылдағы мал ұстаған халық ветеринарға сенуден қалған. Бұл бір ғана мысал болғанымен, бар­лық өңірге тән. Мәселен, «Егеменде» кезек­ті бір мақала Қостанай өңіріндегі жағдайға бай­ланысты «Бруцеллез мал өрісте жүр» деген тақы­рып­пен жарияланды. Онда да тура осыған ұқсас жағдай. Айыр­масы – ма­лы­нан бруцеллез анықталған шаруаға,  қай­дан біліп алғаны белгісіз, «арзанға бере ғой» деп етке мал сатып алғыштар келе қалады. Ша­руаны «қанын теспей сорудың» жең ұшынан жалғасқан тәсілі демей, не дейміз мұны?

Бұған жол бермеудің бірден бір амалы – жүйенің ашықтығын, әсіресе  ветеринарлық тексеру тізбегін, яғни малдан сынама алудан бастап, оның зертханада талдануы мен нәти­жесін мал иесіне жеткізуге дейінгі аралықтың ай­қын­дығын қамтамасыз ету. Қысқасы, профессор И.Павлов айтқан «адамзатты емдейтін» салаға да ашықтық керек. Сонда ғана мал баққан қауымның ветеринарға, зертханаларға деген сенімі қалпына келеді. Ауру малдың өзгелерге қауіп төндірмеуі үшін, басқа малының амандығы үшін ветеринармен тығыз жұмыс істеуге мүдделі болады.

Бір жақсысы, Президент биылғы Жол­дауында осы ветеринария саласына да арнайы тоқталып, Үкіметке жыл аяғына дейін нақты реформалар пакетін қабылдауды тапсырды. Сол ұсыныстардың ішінде жоюға алынатын мал үшін төленетін өтемақы көлемі де қисынды деңгейде қарастырылуы керек, бұл ауру малды жасырып қалудың немесе жалған анықтамамен сатып жіберудің алдын алады. Ал Жолдауда айтылған саладағы үдерістерді цифрландыру, мәлімет жинау және оны автоматтандыру, маман даярлау және олардың жалақысын көбейту іс-шаралары түптеп келгенде, тұтастай мал шаруашылығына мультипликативті ықпал ететін болады деп пайымдаймыз. Өйткені бұл қадамдар ветеринария саласындағы ең негізгі түйткіл – сыбайлас жемқорлық факторларының алдын алуға септігін тигізеді. Ал жемқорлық сияқты жымысқы мүдде жоқ, тек ашық бәсеке бар жерде серпінді дамуға да мүмкіндік мол.