• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 15 Қыркүйек, 2021

Жедел дамыған құт мекен

1286 рет
көрсетілді

Тәуелсіз еліміздің шығыстағы қақпасы секілді алып көршіміз Қытаймен шекаралас өңірде орналасқан Зайсан қаласының тарихы өте қызық. Бір жағын Сауыр, Сайқан таулары, екінші жағын мұхитқа дейін жетіп жығылатын ұлы өзен Ертістің қос алабы, ал енді бір шетін кәрі Тарбағатай, айбынды Алтай тауларының сілемдері алып жатқан байтақ өлкеге адамзат ежелгі замандардан бастап көз тіккен болатын. Соның жарқын бір мысалы – аудан аумағында орналасқан Шілікті обаларынан 3 мың жылға дейінгі тарихты қозғайтын Алтын адамның табылуы.

Зайсан жерінің құттылығын аңыз ретінде айтуға болады. Шығыс Қазақ­стан облысының оңтүстік шетінде орна­ласқандықтан, әдетте басқа өңірлерге қарағанда Зайсан қысы жылырақ келеді. Көктем лебі де ертерек білінеді. Алып таулар қоршауында тұрған кең жазираға күн шуағы да молынан құйылады. Сондықтан күте білсе, бұл өңірде өспейтін жеміс, көкөніс түрі жоқ. Көп жері құмдауыт болғандықтан, дәмі де тіл үйіреді.

Көне түркі тілінде бізге беймәлімдеу «Зайсаң» сөзі «жайсаң» деген мағына береді екен. Ал Зайсан көлі осыдан мың жыл бұрын пайда болған «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырында «Бейне теңіз» деп аталады. Бір шетінен екінші шетіне көз жетпей шалқып, толқып жататын көлді әлі күнге дейін ақындарымыз теңізге теңейді. Міне, осыдан-ақ Зайсан жерінің қадір-қасиетін біле беріңіз.

Тағы бір ерекшелігі – жер астында жатқан қазба байлығы. Геология-ми­не­ралогия тілінде бұл өңірді Зайсан қазан­шұңқыры деп атайды. Қазаншұңқыр – табиғаттың адамзатқа сақтаған қоймасы секілді дүние. Алтын мен күмістен бас­тап, түрлі минералды шикізат көздері кездеседі. Бір ғажабы, еліміздің батыс өңірлерінде өндірілетін мұнай кендері алып Сарыарқаны аттап өтіп, Шығыс Қазақстанның Зайсанынан табылды. Табиғат қойнауындағы мұнайдың пайда болу процесі батыс өңірлерінен де ерте жүргендіктен, мұнда ол тым пісіп, қоюланып кеткен екен. Сондықтан бұл мұнайды өндіру кейінге қалдырыла тұ­рып, мұнаймен қоса кездесетін газ өндіру ісі бірнеше жыл бұрын басталып кетті.

Осындай құтты өңір үшін талас ерте бастан жүргендігін тарихи шежірелерден білеміз. Зайсан – көне түркі кемеңгерлері Тоныкөк, Білге қағандардың табандары тиген жер. Одан бергі замандары бірнеше жүз жылға созылған қазақ-қалмақ соғысында Зайсан өңірі үшін күрес күшті болған. «Қозы Маңырақ, Қу Маңырақ, Арасы толған көп қалмақ, Қалмақты қуып қашырдың, Алтайдан әрі асырдың», дейді атақты Бұқар жырау өзінің ең сүйікті батырларының бірі Қабанбайды жоқтауында. Маңырақ – Зайсан өңіріндегі тіршілікке жайлы тау. Кеңес өкіметі кезінде шопандар осы тау­дың арасын қыстау еткен. Бұқар жырау бабамыздың сан соғысты бастан өткерген баhадүр Қабанбайдың ерлігін жырлағанда Маңырақ арасын қалмақтардан тазарту ісіне ерекше мән беруі бекер емес.

Зайсан жерінің тартымдылығы Ре­сейді империя ретінде құрып, оның етек-жеңін кеңейткен І Петр патшаға да мәлім болады. Оған Сібір губернаторы Матвей Гагариннен «сол өңірде алтын бар» деген хабар түседі. Осыған орай өзіне белгісіз өңірге қатты қызығушылық танытқан патша подполковник Иван Бухгольцтің үлкен әскери экспедициясын аттандырады. Бұл экспедиция үш ай жол жүріп, аталған өңірге жеткенімен, жоңғарлар тарапынан жойқын шабуылға ұрынып, күйрейді. Үмітін үзбеген патша орыс-швед соғысында көзге түскен, өзіне сенімді гвар­дия майоры Лихаревті жеке қабыл­дап, жүзбе-жүз кездесуінде: «Осы жерден өзің қалаған мамандарды, офицерлерді, сол­даттарды алып, Тобыл, Семей бекіністері­не барасың, сол жерден үлкен экспеди­­ция жасақтайсың, бар­лық қажеттілікті бере­­мін, дайындық мық­ты болуы үшін сол өңір­­дегі орыс билігінің бәрін саған бағынды­ра­мын, экспедиция әбден әзір болған кезде кемемен Ертісті өрлеп жолға шығасың, Зайсан көліне жетесің, одан өтіп барып жаңа бекініс саласың, жоңғарлардың шамына тимей, бітімге келесің, Ертіс­тің тереңдігін, жағалауын, алтынның бар-жоғын зерттейсің, Гагариннен, Бух­гольцтен түскен ақпараттардың рас-өтірігін тексересің, барлық ақпаратты өзіме хабарлап отырасың» деген сипатта тапсырма береді.

Патша жарлығын мүлтіксіз орын­даған Лихарев үлкен дайындық жұмыс­тарын жүргізіп барып, бірнеше кемеге мінген 171 адаммен 1720 жылдың жазға қара­ған көктемінде қазіргі Зайсан жеріне жет­кенімен, оған да мұнда қалудың сәті түс­педі. Қалмақтар тарапынан жиі шабуыл­ға тап болып, 400 шақырымдай қайта кері жүзіп, Ертіс пен Үлбі өзендерінің қосылған тұсындағы биік таулар ара­сындағы үлкен алаңқайдан бекініс салады. Бұл – Өскемен бекінісі еді. Өткен жылы Өскемен бекінісінің құрылғанына 300 жыл болды.

Ресей империясына І Петрдің тапсырмасын жүзеге асырудың сәті осыдан бір жарым ғасырдай уақыт өтіп, қазақтар Зайсан өңірін қалмақтардан әбден тазартқаннан кейін ғана түсті. Зайсан бекінісі салынды. Ол әуелгі бас­та Жеменей өзенінің атына орай «Жеме­нейка» деп аталды.

Қазір Зайсан қаласының пайда болуы­на қатысты әртүрлі дерек кездеседі. Вики­педияда «Зайсан қаласының негі­зі 1830-1840 жылдары қаланған» де­ген дерек бар. Ал Географиялық энцикло­пе­дияның 1903 жылы Санкт-Петербургте А.Ф.Дербиен шығарған 18 томында Зай­сан қаласының іргетасы 1864 жылы қалан­ған делінген. Қазақша Википе­­ди­яда «қаланың іргесі 1868 жылы Ресей мен Қытай елдерінің арасындағы шекараны межелеу кезінде қаланды, ке­йін уездік қалаға айналды» делінген. Әри­не, осылардың қай-қайсысын да жоқ­қа шығаруға болмайды. Мәселен, шамалауымызша, 1830-1840 жылдары қазіргі Зайсан қаласының орнында немесе маңайында қазақ ауылы қоныс тепсе керек. Алғашқы дерек осыны негізге алған. Ал Ресей билігі жөнелткен әскери экспедициялар бұл араны басында бекініс, артынан станицаға айналдыруы 1860 жылдардан бастау алады. Осы деректерді еліміздің шығыс өңірін, ондағы қазіргі заманғы қалалардың пайда болуын, халық шаруа­шылығының өркендеуін көп зерттеген тарих ғылымдарының докторы, профессор Жанұзақ Қасымбаев дәлме-дәл деректермен одан әрі бекіте түседі. Ол өзінің «Города Восточного Казахстана. В 1861-1917 гг.» атты монографиялық кітабында Орынбор облысы мемлекеттік архивінің деректеріне сүйене отырып, «Зайсанның негізі 1868 жылы қаланды, 1871 жылы оған қала мәртебесі берілді» деп анық жазған. Осы деректі зайсандық өлкетанушы, аудан шежіресі туралы бірнеше кітап жазған Қалибек Алтыбаев одан әрі қуаттайды және соған көптеген дерек келтіреді.

Сонымен Зайсанға қала мәртебесі берілгеніне биыл – 150 жыл. Бұл жерде назар аударуға лайық ең бір қызықты жайт – патша өкіметі тұсында Зайсанның соншама жедел дамып, аздаған жылдың ішінде қала мәртебесіне ие болуы. Тіпті «Зайсанның негізі 1864 жылы қаланды» деп алғашқы дерекке сәйкес сәл ертерек алғанның өзінде бар болғаны 7-8 жылдың ішінде ол қала мәртебесін алып үлгерген. Ол заманда қала атану оңай болмаған.

Зайсан қаласының патша өкіметінің тұсында жедел дамып, көпестер мен сау­дагерлер қаласы атануына оның Моң­ғолия мен Қытай арасындағы сауда жо­лының бойында Қытайға жақын шекара маңында орналасқаны түрткі болған секілді. Қаланың географиялық орналасуы оған жан-жақтан ағылған көпестер мен саудагерлер үшін бір жағы Қытай, бір жағы Ресей, бір жағы Моңғолия, бір жағы Қазақстанның өз іші, былайша айт­қанда дүниенің төрт құбы­ласына саудамен шығуына өте қолайлы мүмкіндік тудырған. Сондықтан мұн­да жылма-жыл Никольск жәрмеңкесі өткізіліп тұрған.

Осының ішінде біздің ойымызша, Зайсанның Моңғолия мен Қытайдың арасын байланыстыратын сауда жолының бойында орналасуының маңызы зор болған. Моңғолияда бұрын да, қазір де мал көп. Бұл мал тірі күйінде немесе жүн мен тері есебінде Қытайға жөнелткен. Сібір­ден бағалы аң терілері мен темір-терсек жеткізілген. Ал Қытайдан шай, мата, бас­қа да тұрмысқа қажетті заттар екінші жақ­қа саудаланады. Зайсанның өзінен аз уақыт­та шағын екі тері-былғары зауыты салы­нады.

Еліміздің шығысында басқа өңірлерге қарағанда Зайсан көпұлтты болып келген. Себебі жан-жақтан орыс көпестері, татар саудагерлері, өзбектер мен тәжіктер ағылған. Саудамен айналысқандардың барлығы тез көтерілген. Соның бір мысалы, мұнда қызыл кірпіштен өрнектеліп салынған еңселі үйлердің жиі кездесуі.

Сауданы қазақтар да жақсы үйреніп, олардың арасындағы пысықтары жаңа тұрмысқа бет түзеген. Қалада бір­не­ше қазақтан шыққан саудагердің жеке дү­кендері болған. Мәселен, татар сауда­геріне ат айдаушы болған бала Бидахмет Бәдікеновтің дүниені көріп көзі ашы­лып, орыс тілін меңгеріп алуының нәтиже­сін­де тез байып, гильдия көпесі атанып, орыс­тың атақты фабрикант байы Савва Морозовпен сауда әріптестігін орнатуы – жеке зерттеуге тұрарлық жайт. Ол Ре­сей­­­дегі Нижегород сауда жәрмеңкесі­­не қатысу үшін кейін фамилиясын Бобкин ­деп өзгертуге мәжбүр болады. Қазір ке­зін­де оның салдырған керемет үйін­де Зайсан өлкетану музейі орналасқан. Білетіндер­дің айтуына қарағанда, бұл үйдің салынғаны­на 130 жылдан астам уақыт болған.

Еліміз өз тәуелсіздігіне ие болысы­мен байырғы Зайсан қаласы өзінің тарихи даму жолына түсе бастады. Се­бебі Зайсан ауданының аумағында Қазақ­станды Қытаймен байланыстыратын Майқапшағай кедені ашылды. Осыдан кейін Зайсан қаласында сауда тағы да қайнап берді. Шағын қаланың өзінде бұл күндері бірнеше ірі сауда үйлері, көптеген дәмхана, мейрамханалар, бір­неше қонақүй ашылды.

Сауыр, Сайқан тауларының бауырын- да, Жеменей өзенінің жағасында, сая­бақтар ортасында жайғасқан Зайсан қаласына барғанымызда, оның кешкі көркін көріп ерекше әсер алдық. Әдетте, қалаға келген адам у-шудан шаршайтыны белгілі. Ал мұнда келсеңіз, демаласыз. Қала көшелерінің бойындағы арықтармен сылдырап ағып жатқан бұлақтарының өзі неге тұрады. Көше бойлай орналасқан тал-теректері төгіліп, гүлзарлары қалы кілемдей құлпырып, жұпар иісі Зайсан кешіне мақпалдай жұмсақтық сыйлайды. Биік таулар төбесінен мейірлене төгілген ашық күннің кешкі шапағын Сауырдан соққан салқын самал тербеп жіберген кезде денеңіз ғана емес, ию-қию тіршіліктен шаршаған санаңыз да сергіп сала береді.

Зайсан қаласы – көне мен жаңаның астасқан тұсы. Мұнда Рудаки, Сағди, Хафиз сынды атақты шайырлар жыр­лағандай, шығыстық қалаларға тән ескір­мейтін суреттер бар. Осыдан 100-150 жыл­дай бұрын Зайсан көпестері мен сау­дагерлерінің қызыл кірпіштен оюлап са­лып кеткен үйлері қала көркіне көрік қос­са, қазіргі кәсіпкерлердің салдыр­ған супермаркеттері мен қонақүйлері Қа­зақ­станның қазіргі қарышты даму қар­қы­нын бейнелейді. Зайсан – Қазақ­станның ең әдемі шағын қаласы немесе ең сәнді үлкен ауылы. Әлемнің кез келген атақты, асқақ қалаларынан таба алмайтын жанға жайлылықты Зайсан қаласынан табасыз. Зайсан тазалығы, гүлдендірілуі мен абаттандырылуы шағын қалалар үшін үлгі етуге тұрарлық. Осының жолын тапқан Зайсан ауданының әкімі Серік Зайнулдинді халық құрметтейді.

Көшелерге қара төсеніш төселіп, жа­рықтандырылыпты. Әрбір бос жат­қан жер­лер гүлзарларға, саябақтарға айнал­ды­рылған. Ауданның өз мұнайы мен газы, көмірі, арасан суы бар. Қазір осы­ның бәрі іске жаратылуда. Облыста тұң­ғыш рет Зайсан қаласына көгілдір отын беріле бастады. Енді ол ауылдарға та­ра­тылып, ортақ игілікке айналдырылуда.