Қостанай облысына «Елім үшін егілемін» республикалық азаматтық штабының өкілдері келді. Жұмыс тобы өңірдегі бірқатар ірі кәсіпорындардың, сондай-ақ, денсаулық сақтау, білім беру мекемелерінің ұжымдарымен және қоғамдық ұйым өкілдерімен кездесіп, ел көлемінде жүріп жатқан індетке қарсы күрес шаралары жөнінде ой бөлісті. Азаматтық штаб өкілдері Тобыл өңіріндегі жұмыс сапарының екінші күні жергілікті БАҚ өкілдерімен кездесіп, журналистердің сауалына жауап берді.
Аталған штаб тамыз айында құрылған. Ел ішіндегі екпеге қарсы алып-қашпа әңгіме, негізсіз жел сөз әлі де басыла қойған жоқ. Азаматтық штабтың мақсаты – өңірлерді аралап, халыққа вакцина қабылдау шарасының мән-маңызын түсіндіріп, елді екпе туралы шынайы ақпаратқа ғана сеніп, мәселенің ақ-қарасын ажырата білуге үндеу. Бірлестік сапында сақа сарапшылар мен белгілі журналистер бар. Мұның сыртында, олардың қатарына өңірлерден 200-ден астам адам қосылып отыр.
«Қоғамдық келісім» мекемесінде өткен жиында сөз алған Рахым Ошақбаев елде жүріп жатқан вакциналау барысының соңғы нәтижелері туралы айтты.
– 6-тамызда Қазақстан коронавирустан қайтыс болғандар саны бойынша әлемде екінші орынға шығып кетті. Ондықтың ішінен жиырма күн бойы түскен жоқ. Мұнымен не айтқымыз келеді? Біз бұрынғы, қалыпты өмірге оралуды қалаймыз. Егер шын қаласақ, вакцина салдыруымыз керек. Екпе алған адам індет жұқтырса да қатты ауырмайды, оны әлемдік зерттеулер көрсетіп отыр, – деді азаматтық штаб өкілі.
Р.Ошақбаевтың айтуынша, бүгінде жаппай вакцина қабылдаудан Дания мемлекеті алда келеді. Бұл елде халықтың 74%-ы вакцина қабылдаған. Біздің елде де ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін кем дегенде халықтың осынша көлемі егілуі керек. Вакциналауды дұрыс жүргізу нәтижесінде даниялықтар 10-қыркүйек күні коронавирусты аса қауіпті аурулар тізімінен алып тастағанын жариялапты. Бұл санатта Израиль де бар.
– Бұл мемлекеттерде індеттің төртінші толқыны басталғандықтан, вакциналау қайта жүргізілмек. Бірақ онда өлім-жітім өте аз, өйткені екпе алғандар көп, – деді Р.Ошақбаев.
Қазақстанда індеттің таралуы бәсеңдеп келеді. Алайда жұрттың вакцина қабылдауы да кешеуілдеп қалған. Азаматтық бірлестік өкілдерінің айтуынша, өйткені дұрыс ақпарат көпшілікке жетпей, орта жолда бұрмаланып кетіп жатыр, мұның сыртында елдің үрейін тудыратын жалған ақпарат таратушылар көп.
– Көріп отырмыз, жұртшылық арасында, әлеуметтік желіде вакцинаға күмән тудыратындар әлі де кездеседі. Өтіріктің шегі жоқ, неше түрліні ойлап шығара береді. Бірақ біз көзіміз ашық адамбыз ғой, соның бәрін саралай білуіміз керек. Халыққа дұрыс мәлімет берілуі тиіс. Осы мақсатты ұстанып, өңірлерді аралап, түсіндіріп жүрген жайымыз бар, – деді штаб мүшесі, астаналық заңгер Серік Беркамалов.
«Елім үшін егілемін» республикалық азаматтық штабы өкілдері жұмыс сапарының екінші күні өңірлік коммуникация орталығына барып, БАҚ өкілдерімен кездесті.
– 19-тамыз күні Қазақстанда Covid-19 инфекциясынан 163 адам көз жұмды. Осылайша індеттен қайтыс болғандар саны бойынша әлемде екінші орынға шығып кеткен едік. Қазір науқастар азайып келеді. Оған көп үлес қосқан медицина мамандары екені даусыз. Азаматтық қоғам бұл үрдістен әрқашан қалмауы керек. Біздің де көмегіміз маңызды. Вакцина – пандемияны тоқтатып, қалыпты өмірге оралудың бірден-бір жолы. Азаматтық штабтың құрылу себебі де осы – қалыпты өмірге әкелетін уақытты қысқарту, – деді Серік Беркамалов.
Санитариялық-эпидемиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев соңғы мәліметтерді келтіре отырып, вакциналаудың маңызды екеніне тағы бір тоқталып өтті.
– Қазір 76 858 адам коронавирусқа шалдығып, ауырып жатыр. Оның 15 308-і стационарда, 61 550 адам амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда. Атап айтсақ, 1 196 адамның жағдайы ауыр, 345 пациенттің ахуалы өте нашар және 194 адам өкпені желдету аппаратымен тыныстап жатыр. Сондықтан пандемиядан шығар жалғыз жол – жаппай вакцина қабылау ғана, – деді комитеттің ресми өкілі.
Е.Байтанаевтың айтуынша, елімізде екпе алған 15 мың адам вирус жұқтырған, алайда олардың бәрі індетті жеңіл еңсерген. Баспасөз жиынында мониторингтік топтардың жұмысы жөнінде де мәлімет айтылды. Биыл карантин талаптары бұзылғаны туралы 25 073 факт тіркеліп, 105 нысан жабылған. Әкімшілік жазаға 23 мың азамат тартылған, оларға салынған айыппұлдың жалпы сомасы –1,9 млрд теңге.
«Елім үшін егілемін» азаматтық штабы қолға алған екпе алудың маңызды екенін ел ішінде түсіндіру жұмыстары тамыз айында басталған. Штаб өкілдері бұл шараның қазан айына дейін жалғасатынын айтты. Олар осы уақыт аралығында барлық аймақты қамтымақ ниетте.