• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 15 Қыркүйек, 2021

«Елім үшін егілемін» штабы – Қостанайда

527 рет
көрсетілді

Қостанай облысына «Елім үшін егілемін» республикалық азаматтық штабының өкілдері келді. Жұмыс тобы өңірдегі бірқатар ірі кәсіпорындардың, сондай-ақ, денсаулық сақтау, білім беру мекемелерінің ұжымдарымен және қоғамдық ұйым өкілдерімен кездесіп, ел көлемінде жүріп жатқан індетке қарсы күрес шаралары жөнінде ой бөлісті. Азаматтық штаб өкілдері Тобыл өңіріндегі жұмыс сапарының екінші күні жергілікті БАҚ өкілдерімен кездесіп, журналистердің сауалына жауап берді. 

Аталған штаб тамыз айында құрыл­ған. Ел ішіндегі екпеге қарсы алып-қашпа әңгіме, негізсіз жел сөз әлі де басыла қойған жоқ. Азаматтық штаб­тың мақсаты – өңірлерді аралап, ха­лыққа вакцина қабылдау шарасының мән-маңызын түсіндіріп, елді екпе туралы шынайы ақпаратқа ғана сеніп, мәселенің ақ-қарасын ажырата білуге үндеу. Бірлестік сапында сақа сарапшылар мен белгілі журналистер бар. Мұның сыртында, олардың қата­рына өңірлерден 200-ден астам адам қосылып отыр.

«Қоғамдық келісім» мекемесінде өткен жиында сөз алған Рахым Ошақ­баев елде жүріп жатқан вакциналау ба­ры­сының соңғы нәтижелері туралы айтты.

– 6-тамызда Қазақстан коронавирус­тан қайтыс болғандар саны бойынша әлемде екінші орынға шығып кетті. Ондықтың ішінен жиырма күн бойы түскен жоқ. Мұнымен не айтқымыз келеді? Біз бұрынғы, қалыпты өмірге ора­луды қалаймыз. Егер шын қаласақ, вак­цина салдыруымыз керек. Екпе ал­ған адам індет жұқтырса да қатты ауыр­майды, оны әлемдік зерттеулер көр­сетіп отыр, – деді азаматтық штаб өкілі.

Р.Ошақбаевтың айтуынша, бүгінде жаппай вакцина қабылдаудан Дания мемлекеті алда келеді. Бұл елде ха­лықтың 74%-ы вакцина қабылдаған. Біздің елде де ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін кем дегенде халықтың осынша көлемі егілуі керек. Вакциналауды дұрыс жүргізу нәтижесінде даниялықтар 10-қыркүйек күні коронавирусты аса қауіпті аурулар тізімінен алып тастағанын жария­лапты. Бұл санатта Израиль де бар.

– Бұл мемлекеттерде індеттің төр­тін­ші толқыны басталғандықтан, вак­ци­налау қайта жүргізілмек. Бірақ онда өлім-жітім өте аз, өйткені екпе алған­дар көп, – деді Р.Ошақбаев.

Қазақстанда індеттің таралуы бәсең­деп келеді. Алайда жұрттың вакцина қабылдауы да кешеуілдеп қалған. Аза­маттық бірлестік өкілдерінің айтуынша, өйткені дұрыс ақпарат көпшілікке жетпей, орта жолда бұрмаланып кетіп жатыр, мұның сыртында елдің үрейін тудыратын жалған ақпарат таратушылар көп.

– Көріп отырмыз, жұртшылық арасында, әлеуметтік желіде вакцинаға күмән тудыратындар әлі де кездеседі. Өтіріктің шегі жоқ, неше түрліні ойлап шығара береді. Бірақ біз көзіміз ашық адамбыз ғой, соның бәрін саралай білуіміз керек. Халыққа дұрыс мәлімет берілуі тиіс. Осы мақсатты ұстанып, өңірлерді аралап, түсіндіріп жүрген жайымыз бар, – деді штаб мүшесі, астаналық заңгер Серік Беркамалов.

«Елім үшін егілемін» респуб­ликалық азаматтық штабы өкілдері жұмыс сапарының екінші күні өңірлік коммуникация орталығына барып, БАҚ өкілдерімен кездесті.

– 19-тамыз күні Қазақстанда Covid-19 инфекциясынан 163 адам көз жұмды. Осылайша індеттен қайтыс болғандар саны бойынша әлемде екінші орынға шығып кеткен едік. Қазір науқастар азайып келеді. Оған көп үлес қосқан медицина мамандары екені даусыз. Азаматтық қоғам бұл үрдістен әрқашан қалмауы керек. Біз­дің де көмегіміз маңызды. Вак­цина – пандемияны тоқтатып, қалыпты өмірге оралудың бірден-бір жолы. Азаматтық штабтың құрылу себебі де осы – қалыпты өмірге әкеле­тін уақытты қыс­қарту, – деді Серік Беркамалов.

Санитариялық-эпидемиялық ба­қылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев соңғы мәлі­меттерді келтіре отырып, вакци­налаудың маңызды екеніне тағы бір тоқталып өтті.

– Қазір 76 858 адам коронавирус­қа шал­дығып, ауырып жатыр. Оның 15 308-і стационарда, 61 550 адам амбу­ла­то­риялық деңгейде ем қабыл­дау­да. Атап айтсақ, 1 196 адамның жағ­дайы ауыр, 345 пациенттің ахуалы өте нашар және 194 адам өкпені желдету аппаратымен тыныстап жатыр. Сондықтан пандемиядан шығар жалғыз жол – жаппай вакцина қабылау ғана, – деді комитеттің ресми өкілі.

Е.Байтанаевтың айтуынша, еліміз­де екпе алған 15 мың адам вирус жұқ­тырған, алайда олардың бәрі індетті жеңіл еңсерген. Баспасөз жиынында мониторингтік топтардың жұмысы жөнінде де мәлімет айтылды. Биыл карантин талаптары бұзылғаны туралы 25 073 факт тіркеліп, 105 нысан жа­былған. Әкімшілік жазаға 23 мың азамат тартылған, оларға салынған айыппұлдың жалпы сомасы –1,9 млрд теңге.

«Елім үшін егілемін» азаматтық штабы қолға алған екпе алудың ма­ңыз­ды екенін ел ішінде түсіндіру жұмыстары тамыз айында басталған. Штаб өкілдері бұл шараның қазан айына дейін жалғасатынын айтты. Олар осы уақыт аралығында барлық аймақты қамтымақ ниетте.