Бірыңғай тұрғын үй операторы «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ құрылысты аяқтауға кепілдік алған объектілерге QR-кодтарды бере бастайды. Бұл шара салынып жатқан объектілерде тұрғын үйді сатып алуды жоспарлап отырған сатып алушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған.
Яғни компания кепілдік беру туралы шартын жасасқан Қазақстанның құрылыс салушылары бірегей QR-коды бар сертификаттарды алатын болады, оны сканерлеп, сатып алушылар сертификаттың түпнұсқалығын Бірыңғай операторының www.khc.kz сайтында тексере алады. Құрылыс салушыларға тұтынушылармен өз байланыс арналарында QR-кодтарды пайдалану құқығы беріледі.
«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау және жосықсыз құрылыс салушылардың тарапынан алаяқтық әрекеттердің алдын алу мақсатында ҚТК-ның әрбір кепілдігі бірегей QR-кодқа ие болады. Бұл адамдарға берілген сертификаттың түпнұсқалығына көз жеткізуге мүмкіндік береді. Жалпы, біздің тарапымыздан қазір тұрғындар мен құрылыс салушыларды тұрғын үй құрылысына кепілдік беру механизмі және бұл құралдың құрылыс тоқтап қалған жағдайда екі жаққа да қалай көмектесе алатындығы туралы ақпараттандыру бойынша үлкен жұмыс жүргізілуде. Әсіресе, өңірлерге ерекше көңіл бөлудеміз», деді «ҚТК» АҚ басқарма төрағасы Рустам Исаев.
Үлескерлердің қаражатын тарту үшін Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңына сәйкес құрылыс салушылар үш тәсілдің бірін пайдалануы тиіс екенін естеріңізге саламыз: Бірыңғай оператордың (ҚТК) кепілдігін алу; Екінші деңгейдегі банктің жобаға қатысуы; Көп пәтерлі тұрғын үйдің қаңқасын салғаннан кейін үлескерлердің ақшасын тарту. Көп пәтерлі тұрғын үйлерді салу үшін жеке және заңды тұлғалардың ақшасын өзге тәсілдермен тартуға тыйым салынады. Сондай-ақ, тұтынушыларға Бірыңғай оператордың кепілдіктері нақты құрылыс объектісіне берілетінін білу қажет. Яғни бір құрылыс салушының әртүрлі объектілерге бірнеше кепілдігінің болуы мүмкін. Сонымен қатар бірнеше кезектен немесе блоктардан тұратын объектілерге де жеке кепілдіктердің берілуі мүмкін. Бүгінгі таңда Бірыңғай оператормен Қазақстан бойынша 115 кепіл- дік берілді. 47 кепілдік бойынша объектілер пайдалануға сәтті енгізілді.
«Жақын арада құрылыс салушылардан жылжымайтын мүлікті сатуда делдал болып табылатын krisha.kz, homsters.kz, kn.kz, korter.kz сияқты ірі алаңдарда ҚТК кепілдігінің бары туралы белгілер орнатылатын болады. Сонымен қатар Tengrinews.kz сайтында қалалар мен құрылыс салушылар бойынша іздеу мүмкіндігімен бізбен кепілдендірілген барлық объектілердің тізімі бар арнайы бөлім ашылды», деді Р.Исаев.
QR-кодты телефон камерасы (iOS операциялық жүйесінде жұмыс істейтін смартфондар үшін) немесе QR-кодты оқуға арналған арнайы қосымша (Andriod операциялық жүйесінде жұмыс істейтін смартфондар үшін) арқылы сканерлеуге болады.