Әлеуметтік желіде «Қостанай қаласындағы №7 мектептің оқушыларына ата-аналардың рұқсатынсыз вакцина егіліп, салдарынан 2 оқушы көз жұмды. Тағы үш бала жансақтау бөлімінде жатыр» деген жаманат хабар тарап кетті. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы жұртты дүрліктірген бұл ақпараттың жалған екенін ресми түрде мәлімдеді.
Whatsapp желісіндегі хабарламада аузынан ақ ит кіріп, көк ит шыққан әлдекім: «...Бүгін менің әйелім ұйықтап қалып, ұлымды мектепке апара алмады. Қызым да оқымайды. Өйткені бір бала ковид жұқтырған ба, әлде науқаспен байланыста болған ба, әйтеуір, 7 сыныпты таратып жіберіпті. Бүгін «манту» сынамасын аламыз деп алдап, балаларға екпе салыпты. Юркамен бірге бір бала оқитын. Ол екпе қабылдап, үйіне келген соң, өзін нашар сезініп, дене қызуы 40-қа дейін көтерілген соң, жансақтау бөліміне алып кетіпті, балақай сол жерде көз жұмған. 9 жастағы бала, екпеден өлді. Тағы үш бала ауыр халде ауруханада жатыр. Осының бәрін істеп отырған Қостанайдағы №7-мектеп. 13 балаға манту деп, оның орнына вакцина еккен. Екпені ата-аналардың рұқсатынсыз еккен, тезірек таратыңдар осыны», деп ышқына сөйлейді.
Екінші біреу қып-қызыл өтірікті қыздыра түсіп: «Қазір ғана Серега қоңырау шалды, екінші бала да көз жұмыпты. Жансақтау бөлімінде 4 бала жатқан, соның екеуі өлді», дейді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен білім басқармасының өкілдері бұл ақпаратты жоққа шығарып, Қостанай облысында бірде-бір мектепте оқушыларға коронавирустық инфекцияға қарсы вакциналау жүргізілмегенін мәлімдеді. Полиция желіден жел сөз таратқан белгісіз екеуді анықтау үшін кешенді жедел-іздестіру іс-шараларын қолға алды.
– Аталған фактіге қатысты ҚК-нің 274-бабында көзделген «көрінеу жалған ақпарат тарату» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Аталған бап бойынша 1 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, болмаса 400 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту, сондай-ақ бір жылға дейін бас бостандығын шектеу және бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Жалған хабар немесе әлеуметтік желіде негізсіз ақпарат тарататындар қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертеміз, – деді облыстық ПД басшысының кеңесшісі Елена Кашарина.
Бұл жайдан аталған мектепте балаларын оқытып жатқан ата-аналар да хабардар екен. Білім ошағында ешқандай екпе жүргізілмегенін олар да айтып отыр.
Қостанай облысы