Бастаманы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ECOJER Қауымдастығы Кеңесінің төрағасы Ләззат Рамазанова Орталық Азия экология министрлерінің «C5+1» кездесуінде айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Іс-шара АҚШ Президентінің арнайы өкілі Джон Керридің төрағалығымен онлайн режимінде өтті.
«Қазақстан бүгінде климаттық өзгерістердің салдарын сезінуде. Оларды барынша азайту үшін ECOJER қауымдастығы жасыл қаржы орталығымен бірлесіп «Астана» АХҚО базасында Еуразиялық экологиялық қор құрды. Ол көгалдандыру, биоалуантүрлілікті сақтау және аумақтардың шөлейттенуіне қарсы күрес жөніндегі жобаларды дамытатын болады», деп мәлімдеді Ләззат Рамазанова.
Ол Қазақстанда құрғақшылық ұлғайып, жаппай көгалдандыру шешуші рөл атқаратынын атап өтті. Эрозияға қарсы және желден қорғайтын орман екпелері климаттың өзгеруіне бейімделуге және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етеді. Орман екпелері парниктік газды сіңіріп қана қоймайды, сонымен қатар тұрақты Ландшафттардың пайда болуына ықпал етеді: олар су режимін реттейді, топырақтың жағдайын жақсартады, оларды ауылшаруашылығына сақтайды, сонымен қатар өсімдіктер мен жануарларға қоныс аударатын дәліздер жасайды.
«Қазақстанның бастамалары көрші елдерге қызықты болуы мүмкін деп сенемін. Арал және Каспий теңіздерін, терең теңіз өзендерін, Тянь-Шань мұздықтарын сақтау бүкіл Орталық Азия экологиялық қоғамдастығының міндеті болуға тиіс. Дәл осы бағытта елдеріміз күш біріктіруі қажет», деп мәлімдеді кездесуде Ләззат Рамазанова.
ECOJER басшысы экономиканың «тұрақты даму рельстеріне» көшу қажеттілігін атап өтті.
«Біздің еліміз көміртекті энергоресурстарға бай, алайда Қазақстанда декарбонизация болмай қоймайтынын шындық көрсетіп отыр. Көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу үшін саланы өзгерту ғана маңызды емес. Тұрақты және ұтымды тұтыну қағидаттарына, экологиялық ізді азайтуға және ресурстарды үнемдеуге сүйене отырып, бүкіл қоғамның мінез-құлық мәдениетін өзгерту қажет», деп атап өтті депутат.