«Ашық НҚА» сайтында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бірыңғай жинақтық зейнетақы қорынан біржолғы төлемдерін тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалану қағидаларын өзгертуді көздейтін жаңа бұйрығының жобасы жарияланды, деп хабарлайды Egemen.kz.
29 қыркүйекке дейін көпшілік талқысына ұсынылып отырған құжатта тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін мына мақсаттармен пайдалануға жол берілетіні айтылған:
1) тұрғын үйді сатып алу-сату, айырбастау (айырбас жасау) шарттары бойынша (ипотекалық тұрғын үй қарызын ресімдемей) тұрғын үйді меншікке сатып алуға байланысты азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша түпкілікті есеп айырысу;
2) бір банктік қарыз шарты шеңберінде жөндеу жүргізе отырып, тұрғынжайды сатып алуға ипотекалық тұрғын үй қарызын алу, ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша берешекті ішінара немесе толық өтеу, ипотекалық тұрғын үй қарызын қайта қаржыландыру үшін бастапқы жарнаны енгізу;
3) тұрғын үй қарызын қайта қаржыландыру үшін тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы салымдарға аудару;
4) ислам банкінің қаржыландыруы шеңберінде тұрғын үй сатып алу, ислам банкінің тұрғын үй сатып алу жөніндегі мәмілені қаржыландыруы шеңберінде берешекті ішінара, толық өтеу;
5) тұрғын үй құрылысы бағдарламалары мен дағдарысқа қарсы бағдарламалар шеңберінде берілген тұрғын үйді жекешелендіру, төлеу мерзімін ұзарта отырып сатып алу-сату, сатып алу құқығымен ұзақ мерзімді жалға алу шарттары бойынша ішінара немесе толық өтеу;
6) ипотекалық тұрғын үй қарызын тарта отырып, сондай-ақ осындай ипотекалық тұрғын үй қарызын немесе қайта қаржыландырылған ипотекалық тұрғын үй қарызын ішінара немесе толық өтеу үшін жеке тұрғын үй салу (меншігінде нысаналы мақсаты бар жер учаскесі болуы шарт)
7) ипотекалық тұрғын үй қарызын ресімдемей, кейіннен тұрғын үйді пайдалануға беру туралы актіні бере отырып, сатып алу-сату, айырбастау шарттары бойынша жер учаскесін меншікке сатып алу (нысаналы мақсаты – жеке тұрғын үй құрылысы немесе жеке қосалқы шаруашылық);
8) жергілікті атқарушы органдар белгіленген тәртіппен тіркеген тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша бірыңғай тұрғын үй құрылысы операторы кепілдігі негізінде салынып жатқан объектіде тұрғын үй сатып алу қарыздары бойынша міндеттемелерді төлеу үшін тұрғын үйдің (пәтердің) құнын төлеуге берілетін ағымдағы нысаналы трансферттер.
«Тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қолма-қол ақшасыз тәсілмен жүзеге асырылады. Біржолғы зейнетақы төлемдерінің сомасы осы Қағидаларда көзделген мақсаттарға жеткіліксіз болған кезде меншікті қаражатын пайдалануға жол беріледі. Тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қолма-қол ақшасыз тәсілмен жүзеге асырылады», деп жазылған бұйрықтың жобасында.