Қостанайда кәсіпорын жұмысшыларының короновирусқа қарсы екпе алған-алмағанын тексеру басталады. Тексеру рейдтерін өткізу алгоритмі КВИ-дің таралуына жол бермеу жөніндегі салааралық комиссия отырысында мақұлданды.
Қала әкімінің орынбасары Саят Шаймұрыновтың айтуынша, мониторингтік топтар таяу күндері рейд шараларын бастайды. Қала әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімі ұжымда вакцина қабылдағандардың үлесі 60%-ға жетпейтін кәсіпорындардың тізімін әзірлеп қойған. Мониторингтік топ ең бірінші кезекте осы ұжымдарды тексереді.
– Қазірше тек короновирус инфекциясына қарсы вакцинаның бірінші компонентінің бар-жоғын тексереміз. Бізде жұмысшыларының саны 50-ден асатын кәсіпорындардың тізімі бар. Бұл тізімге енген нысандардағы ұжымның жартысынан көбі вакцинаның бірінші компонентін алмаған. Егу науқаны 1 қыркүйекке дейін аяқталуы тиіс еді. Бұл туралы республика көлемінде де жиі айтылды. Бірақ әлі де вакцина қабылдамағандар баршылық, – деді қала әкімінің орынбасары.
Мониторингтік топ тексеру барысында ешкімге айыппұл салмайды. Егер вакцина қабылдамағандар болса, оларға бұл адамзат баласының індетке қарсы жасаған сақтық шарасы екенін түсіндіріп, бір-екі апта уақыт береді. Егер ұжым екінші қайтара тексерілгенде вакцина салдырмағандар тағы табылып жатса, кәсіпорын басшысына айыппұл салынады. Мониторинг топ өкілдерінің айтуынша, жұмыс берушілер кәсіпорынға келген тексерушілерге қарамағындағы жұмысшылардың толық тізімін ұстатуы тиіс. Бұл тізімде жұмысшының аты-жөні мен ЖСН-і, егілгені немесе егілмегені көрсетілуі керек. Сондай-ақ екпеден босатылған жұмысшылардың тиісті құжаттары да толық көрсетілуі шарт.
Қостанай облысы