Бүгін, 20 қыркүйекте, Өзбекстан астанасында Түркі кеңесінің жастар және спорт істері министрлерінің 5-ші отырысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Оның аясында министрлер Түркі кеңесінің IDEA жас кәсіпкерлерінің 1-ші форумының ашылу рәсіміне қатысты.
Қазақстандық делегацияны ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева бастады.
Өз сөзінде Аида Балаева Түркі Кеңесінің қатысушыларын жаһандық пандемия тудырған сын-тегеуріндерге қарсы тұру үшін жастармен жұмыстың жаңа құралдарын іздеуге шақырды.
«Мажарстанды қоса есептегенде Кеңеске мүше мемлекеттердің халық саны 150 миллион адамды құрайды екен. Соның 30 миллионы жастар. Бұл – түркі әлемі келешегінің зор әлеуетінің дәлелі. Жастар – біздің болашағымыз деп біз үнемі айтып келеміз», деп атап өтті ол.
Бұл ретте, жастар саясаты саласындағы ортақ жұмыстардың нәтижелі болуы үшін Министр Түркі кеңесінің қатысушыларына жеті бағытта бірлескен ұсынымдар жасады.
«Жастар саясаты саласында ынтымақтастықты нығайтудың маңызы зор. Біздің Мемлекет басшылары бұл бағытта нақты бағдарды көрсетіп, барлық жағдайды жасап беріп отыр. Біздің міндетіміз осы мүмкіндікті барынша толық пайдалану. Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тәжірибе алмасып, білгенімен бөлісуге, баянды бастамаларға қолдау көрсетіп, ортақ жобаларға белсенді қатысуға қашанда дайын», деді А.Балаева.
Оған қоса, отырыс жұмысы аясында министр Аида Балаева Түрік Республикасының Жастар және спорт министрі Мехмет Мухаррем Касапоғлумен және Өзбекстан Республикасының Жастар істері Агенттігінің директоры Алишер Садуллаевпен кездесулер өткізді.
Сонымен қатар, Түркі кеңесіне қатысушы мемлекеттердің министрлері Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі шеңберінде IDEA жас кәсіпкерлерінің 1-ші Жастар форумының ашылуына қатысты.
Қазақстандық жас бизнесмендер 6 сессияға қатысты: агробизнес, IT-стартап, туризм, жеңіл өнеркәсіп, тамақ өнеркәсібі, маркетинг.
Естеріңізге сала кетейік, Министрлер отырысы Түркі кеңесіне қатысушы елдердің жастар саясаты, білім беру және спорт саласындағы ынтымақтастығын кеңейтуге байланысты бірқатар мәселелерді шешуге ықпал етуге бағытталған.