Қазақстандық, әлемнің 280-ракеткасы, 20 жастағы Тимофей Скатов Astana Open ATP 250 турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жуырда Қазақстанның абсолютті чемпионы атанып, осы жарысқа шақырту алған Т.Скатов алғашқы айналымда әлемнің 87-ракеткасы, 37 жастағы италиялық Андреас Сеппимен шеберлік сынасты. Бір қызығы, А.Сеппи 2002 жылы кәсіпқой спорттағы жолын бастаған кезде Т.Скатов 1 жаста еді.
Тәжірибелі теннисші бірінші партияда 3:0 есебімен алға кеткенімен, Тимофей қарымта қайтарып, таразы басын теңестірді. Тай-брейкте қазақстандық спортшы сәтті ойнады – 7:6 (7:3). Екінші сетте Скатов 3:0 есебімен алға шыққанымен, Сеппи алысқа ұзатпай, қатарынан бес гейм алды – 5:3. Ақыры ол өз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ – 6:4. Үшінші, шешуші партияда қазақстандық теннисші 5:0 есебімен алға кетті.
Содан кейін матчқа доп бергенде, қателеспеді – 6:1. Тартысты өткен бәсеке 2 сағат 56 минутқа созылды. Матч барысында Т.Скатов 2 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың төртеуін пайдалана білді. Қарсыласы 6 эйс, 3 брейкке (10 брейк-пойнт) қол жеткізді.
Т.Скатов екінші айналымда әлемнің 52-ракеткасы, Беларусь өкілі Илья Ивашка немесе рейтингте 169-сатыдағы швециялық Элиас Имердің біреуімен шеберлік байқасады.