Бала тәрбиесі мен қоғамдық еңбектерден де тасада қалмаған аяулы аналардың бірі – Түркістан облысы, Жетісай ауданы, Ж.Ералиев ауылдық округіне қарасты Бәйтерек елді мекенінің тұрғыны Забира Смаилова. Ауылдық округ мамандарының көмегімен Забира әжейдің әулеті халық санағына онлайн тіркелді, деп жазады Egemen.kz .
101 жастағы Забира Смаилова әжей бүгінде ауыл тұрғындарының тұтастық өмірінің өзекті мәніне айналған. 1920 жылы дүние есігін ашып ашаршылық пен жоқшылықты, екінші Дүниежүзілік соғысты басынан өткізген кейуана 9 перзенттің анасы. Белі қатып, бұғанасы бекімей жатып тың игеруге қатысып, кейіннен екінші дүниежүзілік соғыста қан майдандағы жауынгерлерге қолынан келгенше көмек берген Забира әжей соғыстан кейінгі жылдары тұралап қалған ауылдарды қалпына келтіру ісіне атсалысқан. Қолына кетпен алып шабық шауып, масақ терген. Диірменде ұн өткізіп, мал да баққан. Адал еңбегінің арқасында елдің құрметіне бөленіп, кеңес дәуірінде өмір бойы колхозда қарапайым жұмысшы болып, белі талмай еңбек еткен қарияның өмір жолы көпке үлгі боларлықтай. Бүгінде 101 жасқа келген қарт ана елде жақсылықтың толастамауын тілейді.
«Осындай тоқшылықта, бейбіт елде өмір сүріп жатқан сендер бақытты ұрпақсыңдар ғой. Оқ пен оттың қатері жоқ. Сондықтан, қолда бар құндылықтарды бағалай білу керек. Кезінде аш та болдық, жәутеңдеп үреймен өмір сүрдік. Бүгін міне, өз еркіміз өзімізде. Тәуелсіз елміз. Барымызға қанағат жасап, болашаққа жақсы үміттермен өмір сүре білейік. Қашан да еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын», деген Забира әжей елдегі болып жатқан жағымды жаңалықтардан да хабардар екенін білдіріп, елді ынтымақ-бірлікке шақырды.
Зәбира ананың 9 перзенттен тараған 40 немере мен 120 шөберенің үлкен әулетке айналғанын айтуға болады. Кезінде қолымен канал қазып, жер жыртып, мақта терген, түйекеш те болған әжейдің үлкен ұлы Төлеген Смаиловтың өзі бүгінде 70-тен асқан. Мемлекеттік есеп – халық санағының жүргізілуін дұрыс деп біледі. Өз отбасымен белсене қатысып отыр.
«Санақтың жүргізілуі өзіміз үшін маңызды. Өйткені, осы санақ арқылы бәріміздің есебіміз жүргізіледі. Жалпымемлекеттік есепке алынған соң біздің демографиялық, экономикалық, әлеуметтік жағдайымызға, өсімімізге қарап мектеп, балабақша, аурухана, үй салады. Оның игілігін өзіміздің перзенттеріміз, халқымыз көреді», дейді Төлеген Әбдіқадірұлы.
Айта кетейік, бүгінде Жетісай ауданында жасы 100-ден асып, ғасырды ғасырға жалғаған 6 қария тұрады. Ұзақ жасаушылардың 5-і қарт әжелер болса, 1-і ақсақал қария. Бәрі де тыл ардагері. Маңдай терімен шөл даланы гүлдендірген ұзақ жасаушылар жергілікті жердегі әкімдіктер арқылы жалпымемлекеттік санақтан онлайн өтіп отыр.