Қазақстандық банктер белгілеген лимиттен жоғары көлемде клиенттер ақшасын есептен шығарып отырған. Бас прокуратура банктердің азаматтардан олардың несиелері мен қарыздары бойынша артық ақша қаражатын ұстап қалу фактілерін анықтапты.
Еңбек кодексі мен «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңда тиесілі жалақы мен зейнетақы сомасының 50 пайызынан астамын өндіріп алуға тыйым салынған. Алайда банктер азаматтардың шоттарындағы ақшалай қаражаттарын бекітілген тыйымнан жоғары көлемде есептен шығарған. Бұл ретте, Бас прокуратураның баспасөз қызметі – Kaspi Bank, «Еуразиялық банк», Halyk Bank, «Хоум Кредит энд Финанс Банк» АҚ банктерін атайды.
«Мысалы, Kaspi Bank Өскемен қаласы тұрғынының еңбекақы алуға арналған банктік шоты бойынша «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-ға төлем талабын қойған. Осы талап түскенге дейін жұмыс беруші алимент төлемдері үшін еңбекақының жартысын ұстаған болатын. Соның салдарынан барлық ұсталған сомалардан кейін оның есеп айырысу шотында небәрі 16 мың теңге (25 пайыз) қалған. Сот шешімімен талапкердің пайдасына артық ұсталған сома өндіріліп алынды, бірақ ол үшін сот дауларына 9 ай уақыт кетті», деп хабарлады баспасөз қызметі.
Осыған ұқсас фактілер Ақтөбе, Қарағанды, Жамбыл, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында анықталған. Бас прокуратураның дерегіне сәйкес бұл проблема банктердің ақшалай қаражаттың банктік шотқа түскенге дейін жүргізілген атқарушылық іс жүргізу бойынша ұстаулардан хабардар болмауының салдарынан туындап жатыр.
Әрине, мұндай жағдай қарапайым халықтың наразылығын туындатады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі аталған проблеманы келесі шараларды қабылдау арқылы шешкен. Клиенттің өтініші негізінде банктердің және сот орындаушыларының артық төленген соманы 5 жұмыс күні ішінде қайтару алгоритмі қолданысқа енгізілді, Қазақстан банктерінің базасы атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесімен интеграцияланды.
Агенттіктің пікірінше, бұл банктерге барлық кредитордың еңбекақы немесе зейнетақыдан жалпы ұсталынған сомалардың заңда белгіленген 50 пайыздан аспауы үшін олардың клиентінен қандай шегерімдер жасалғанын көруге мүмкіндік береді. Қандай да бір заңсыз өндіріп алу фактілері орын алған жағдайда азаматтар Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне, оның аумақтық бөлімшелеріне немесе прокуратураға шағыммен жүгінуге құқылы.