Әр ата-ананы сәбидің іңгәлап өмір есігін ашуы үлкен қуанышқа бөлейді. Ал отбасына үшем келсе ше? Әрине, әр сәбидің өз несібесі боларына үміт арта қарайтын қазақ отбасы үшін үшемнің жөні тіптен алабөтен. Атырау облыстық перзентханасында бір аптада екі үшем жарық дүние есігін іңгәлай ашып, екі отбасын мәре-сәре қуанышқа кенелтті.

Аталған перзентханада алғашқы үшем 8 қаңтарда өмірге келген. Әрқайсысының салмағы 2600, 2400 және 1900 грамды құраған үшемге ата-анасы Аман, Есен, Жүрсін деген есімдерді таңдапты. Олардың анасы Айнұр Жұмашеваның сөзіне қарағанда, бұған дейін бұл отбасында құлдыраңдап шауып жүрген үш ұлдың қатары бір күнде алтауға жетіпті. Отбасының үлкен ұлы 2-сыныпта оқиды. Алайда, бір күнде 6 ұлды атанған отбасына жергілікті биліктің қолдауы қажеттігі сезіледі.
Тағы бір үшемге жарық өмір сыйлаған ана – Ирина Сафиева. Перзентхана дәрігерлерінің пікірінше, Милана, Радмила, Темірлан есімдері берілген үшемдердің ішінде ұлдың салмағы 1600 грамм, ал екі қыздың салмағы 1900 грамм болған. Иринаның отбасында жиырма жыл бұрын туған бір қыз бар екен. Бұл отбасы да енді көпбалалылар қатарына қосылды.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
Атырау облысы