Ақтөбеде коронавирус инфекциясын жұқтырған төрт жүкті келіншек көз жұмды. Үшеуінің сәбиі аман қалды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ақтөбеде инфекциялық кереуеттер жүктемесі 43, ал реанимациялық кереует жүктемесі 40 пайызды құрап отыр. Сонымен бірге 1700-ден астам кереует резервте тұр.
«Қазір ауруханадағы 800-ден астам науқастың 88-і жансақтау бөлімінде жатыр. Жыл басынан бері 521 адам көз жұмды. Оның 353-і коронавирус инфекциясы, өзгесі пневмониядан», деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Күштаева.
Облыс бойынша жыл басынан бері 4 жүкті әйел коронавирус инфекциясынан көз жұмған. «Өкінішке қарай 26-38 жас аралығындағы төрт жүкті әйел көз жұмды. Олардың жүктілігі 34-36 апталық еді. Аман-есен өмірге келген үш баланы қазір туған-туыстары тәрбиелеп жатыр. Біреуі шетінен кетті. Жас аналардың созылмалы ауруы бар болған соң олардың өмірін сақтап қалу мүмкін болмады. Олар семіздік, созылмалы холецистит, пиелонефрит ауруларына шалдыққан», деді Айгүл Күштаева.