Жеке сот орындаушылардың республикалық палатасы Алматыдағы Ақбұлақ ықшам ауданында болған оқиғаға қатысты түсініктеме берді, деп жазады Egemen.kz.
«Бұл екі жеке тұлғаның арасында шыққан дау. Тұрғын үйді электронды аукцион арқылы сатып алған және меншік құқығы тіркелген адам бұрынғы иелері үйді босатуы үшін сотқа жүгінген. Сот талапты 2020 жылдың 10 маусымында қанағаттандырған. Борышкерге бірнеше рет үйді босату туралы ескертілген. Сот шешімін орындау кезінде қайғылы жағдай орын алып, бес адам қаза тапты», деп жазылған хабарламада.
Осыған байланысты жеке сот орындаушылардың республикалық палатасы қызмет бабында қаза тапқандардың отбасы мен жақындарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтты.
«Зардап шеккендердің отбасылары мен кәмелетке толмаған балалары қалды. Жеке сот орындаушылар қоғамдастығы зардап шеккендердің отбасына жан-жақты қолдау мен көмек көрсетеді. Оқиғаның мән-жайын құқық қорғау органдары тексеріп жатыр», деп атап өтті палатадан.
Еске салайық, 20 қыркүйек күні Алматының Алатау ауданындағы «Ақбұлақ» ықшам ауданында 1967 жылы туған ер адам сот орындаушыларына, учаскелік полиция инспекторларына және бейбіт тұрғындарға оқ жаудырды. Бес адам қаза тапты. Аталған факті бойынша «Екі немесе одан да көп адамға қатысты кісі өлтіру» бабы бойынша тергеу басталды. Бұл қылмыс үшін 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Күдікті арнайы жасақтың қатысуымен ұсталды.