• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
04 Ақпан, 2014

Үшінші индустриялық революция

766 рет
көрсетілді

Оның жетістіктері жұмыссыздық проблемасын шешуге жәрдемдеседі

Қазіргі күні көптеген халықаралық сарапшылар әлемнің көптеген елдерінде бой көрсетіп отырған жұмыссыздық мәселесін адамзат қауымының алдында тұрған №1 проблема деп атап жүр. Өйткені, Еуропаны соңғы жылдары әбден кернеп алған әлеуметтік шиеленістер мен ереуілдердің, халық наразылығының түпкі мәні осы жұмыссыздыққа келіп тірелетіндігі түсінікті. Жұмыссыздық проблемасының алғаш­­қы қауымдық, құл иеленушілік, феодал­дық қоғамдар құрылыстары тұсында қозғал­мағандығы белгілі. Өйткені, ол қоғамдарда, біріншіден, адамдардың басы еркін болған жоқ, екіншіден, жалақы алатын жұмыс та болған жоқ. Адамдар құл иеленушінің, феодалдың, помещиктің қолында тегін жұмыс істеп, тамағын ғана асырап жүрді. Демек, адамзаттың алғашқы жұмыссыз­дық проблемасы осыдан бірнеше ғасыр бұрын Батыста белең ала бастаған нарықтық жүйе мен капиталистік экономикалық қатынастардың терең қойнауында қалыпта­сып, жетілді. Себебі, ояна бастаған сан түрлі өнеркәсіпке, зауыттар мен фабрикаларға жұмысшылар қажет болды. Ал алғашқы өнеркәсіп иелері жаңа таптың – буржуазияның негізін құрады. Олар саяси қайраткерлермен, яғни мемлекет басшыларымен ымыраға келе алды. Өйткені, болашақтың кілті солардың қолында болды. Жаңа өндірістерді қажетті жұмыс күшімен қамту, осы үшін помещиктер қолындағы басыбайлы адамдарды өндіріске тарту мақсатында буржуазиямен біріккен сая­си қайраткерлер құлдықты заңды түрде жою үдерісіне белсене кірісе бастады. Біздің ойымызша, оянып келе жатқан жаңа заман тынысын алғашқы болып сезін­ген тарихи тұлғалардың бірі – АҚШ-тың 16-президенті (1861-1865 жылдар) Авраам Линкольн болды. Ол құлдардың басына азаттық беру мәселесіне барынша белсене кірісіп, әлемде бірінші болып осы туралы заң қабылдады. Бұл тарихи қадам АҚШ-тың мұнан кейінгі кезеңдерде ұзақ мерзімдік қарқынды дамуына жол ашып берді. Сөйтіп, жер иеленуші помещиктердің қолы­нан бостандық алған адамдар жаңа ашылған зауыттар мен фабрикаларға қарай ағыла бастады. Мұның ақыры қалалардың көбейіп, көркейіп дамуына әкелді. «Буржуазия тарихта бірінші рет адам қызметінің қандай биікке шыға алатындығын дәлелдеп берді. Ол барлық ұлттарды өркениетке қарай ұластырды. Әлем халықтарының елеулі бөлігін ауыл өмірінің нақұрыстық артта­ қалушылығынан жұлып алып, үлкен қалаларды өмірге әкелді. Ол өзінің 100 жылға жетпейтін қызметінің негізінде адам­заттың бұрынғы барлық ұрпақтарының бәрі­нің қосып істегеніне қарағанда неғұрлым көп дүниені өмірге әкелген аса зор өндірістік қаты­настарды жолға қойды», деп жазған еді әлем­де алғашқылардың бірі болып капитализм мен ондағы еңбек рыногының, соның ішінде жұмыс­сыздық мәселесінің сырын ашқан Карл Маркс. Әрине, басы еркін жұмысшы қаладағы өнеркәсіп иесіне барып, өз еркімен жалдан­ғанда өнеркәсіп иесінің оған тамақ тауып­ бере алмайтыны түсінікті. Өйткені, ол феодал немесе помещик емес, оның қолында жер жоқ. Ол азық-түлік өндірмейді, басқа заттар шығарады. Сондықтан ол жұмысшының еңбегін жалақымен өтегісі келеді. Ал жала­қының бірден-бір тиімді жолы – ақша. Себебі, ақшаны сақтау да, алып жүру де, үлестіру де өте же­ңіл. Оның үстіне, ақшаның басты бір үлкен қа­сиеті – оны кез келген затқа оңай айырбас­тап алуға болады. Бұл үшін, әрине, кез келген тауардың мөлшерлі бағасы болуы­ керек. Міне, осылайша ақша-тауар-ақша қатынасы қалыптасты. Осы қатынастың нақ ортасында көзге көрінбей үнемі жұмысшының еңбегі жүреді. Өйткені, тауар өздігінен өндірілмейді. Тауарды жұмысшы өндіреді. Ал жұмысшы адам үнемі өз қожайынының көңілінен шығып, оның айтқанын орындап, жақсы жұмыс істеуге ұмтылып отыру үшін оған бұрынғыдай помещиктің қамшысы жарамайтын болып қалды. Капиталистік қоғамда жұмысшыны еңбекке өз бетімен мүдделі етудің басқа жолдары қарастырылды. Еңбек­ке ынталандырудың әдіс-тәсілдері пайда болды. Адам жақсы жұмыс істеген сайын жақсы жалақы алатын болды. Бірақ, ең бас­ты­сының өзі – бұл емес. Ең бастысы – жұмыссыздар армиясының пайда болуы. Демек, егер жұмысшы өзі еңбек етіп отырған өндірісте талап деңгейінен көріне алмаса, оған қожайынның түгі кетпейді. Оны жұмыстан шығарып, басқа адамды алады. Себебі, қоғамда оның орнына таласып отырғандар жетіп артылады. Ал басы еркін болғанымен қолында алатын айлық жалақысынан басқа түгі жоқ жұмысшы үшін жұмыссыз қалу дегеніміз помещиктің қамшысына қарағанда да әлдеқайда ауыр жаза екендігі анық. Сонымен жұмыссыздық дегеніміз капита­листік қоғамның басты даму сырларының бірі. Бір қызығы, капиталистік қоғам қаты­нас­тары орнағаннан бергі кезеңде заман алға басып, өмір дамыған сайын ақша-тауар-ақша қатынасындағы жұмысшы еңбегінің үлесі барған сайын азайып келеді. Өйткені, бұрынғыға қарағанда көп жұмыстарды енді машиналар атқаратын болып жүр. Қазіргі еңбек өнімділігінің күрт артуының негізгі себебі де осында. Жаңартылып, жетілдірілген сайын атқаратын жұмысы мен қызметінің көлемі де ауқымдана түскен осы машиналардың даму үдерісіне ілесу үшін енді адамдардың өзі көп оқып, көп ізденуге, заманға сай білім алуға мәжбүр болуда. Әйтпесе, атқарып отырған жұмысынан айырылады. Қысқасын айтқанда, машиналар жетілдіріліп дамыған сайын адамдар өндірістік үдерістен ығыстырылуда. Тіпті жаңа технологиялардың дамуы нәтижесінде конвейерлі ірі өндірістер үшін жұмысшының күші қажет болмауға айналды. Ендігі кезекте оның міндетін робот (яғни қолдан жасалынған интеллект) техникалар атқаратын болды. Сөйтіп, қазіргі ғылыми-техникалық про­г­ресс бір жағынан алғанда еңбек өнімділігін ора­сан арттырды да, екінші жағынан алғанда өнді­рістегі адам еңбегіне арналған жұмыс орын­­­дарының барынша қысқаруына алып кел­­ді. Егер Джереми Рифкиннің «Жұмыстың ақы­­­ры» кі­табындағы деректерге сүйенетін бол­сақ, 1979-1992 жылдар аралығында АҚШ-тың өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі 35 пайы­з­ға артқан да, жұмыспен қамту көрсеткіші 15 пайыз­ға төмендеген. Бұл салада жұмыс істейтін жұ­мысшылар санының азаю үдерісі әлі күнге дейін өсе түспесе, тоқталатын түрі байқал­майды. Әртүрлі дерек көздерінен алынған мәлі­меттер Құрама Штаттарда жыл сайын 1,5-2 миллион жұмыс орнының жойылатындығын көрсетіп отыр. Тіпті, мұны айтасыз, таяудағы жылдардың ішінде бұл елде 90 миллион жұмыс орны қысқаруы мүмкін екен. Негізінде бұл жұмыс орындары ешқайда кетпейді. Ол жұмыс орындары бұрынғысынша тауарлар шығарады немесе қызметтер көрсетеді. Бірақ ондағы адамдардың орнын енді машиналар басатын болады. Ал, қожайын үшін машинаның бір жақсысы, ол оған жалақы төлеп жатпайды, тек күтімін келістіріп ұстаса бол­ғаны. Екіншіден, машина жұмысшылар арасында әлемдегі қазіргі қалыптасқан норма бойын­ша сегіз сағаттық жұмыс күнін талап­ етпейді, тозғанша тоқтаусыз жұмыс істей бере­ді. Оның үстіне, адамға қарағанда барын­ша шап­шаң және жоғары дәлдікте әрекет ете алады. Міне, қоғамымызда үздіксіз жүріп келе жат­қан осындай үдерістің нәтижесінде қазіргі әлемді «жұмыссыздық» атты дерт кернеп алды. Ол жаһандық құбылысқа, жалпы, адамзаттық ортақ проблемаға айналды. Мәселен, АҚШ-та жұмысы жоқ адамдар үлесі 50-жылдары 3 пайызды құраса, 90-жылдардың басында бұл көрсеткіш 13 пайызға дейін (ішінара жұмыссыздықпен қоса есептегенде) өскен. Басқа да дамыған елдерде, әсіресе, Еуропа елдерінде осыған ұқсас жағдай орнығуда. Францияда жұмыссыздық көрсеткіші 11,5 пайызға дейін жетті. Ұлыбританияда 10,4 пайызды, Италияда – 11,1 пайызды, Бельгияда – 11, Данияда – 11,3, Ирландияда 17,5 пайызды құрады. Ал, Испанияда жұмыссыздықтың тұрақты деңгейі 20 пайыздан асып түсті. Қазіргі жүріп жатқан технологиялық үдеріс­­­­­тердің жағымды нәтижелерімен қатар жағым­­сыз салдарлары да аз емес екендігін біз ең алды­мен байырғы салалардың бірі – ауыл шаруа­шылығындағы қалыптасқан жағдайлар арқылы түсіне аламыз. Кезінде кез келген елде адам­дардың басым көпшілігі нақ осы салада ең­бек еткені белгілі. Енді осы саланы дамытуда алға озған АҚШ-та америкалықтардың бар бол­ғаны 2,7 пайызы немесе 3 миллионға жуы­­ғы ғана ауыл шаруашылығымен тікелей шұғыл­дануда. Себебі, өндірістік үдерістердің көпші­лігі автоматтандырылғандықтан бұл салада бұрын­­ғыдай көп жұмыс жоқ. Міне, осындай себеп­­термен екінші дүниежүзілік соғыстан бергі уа­қыт­та 15 миллионнан астам фермер өздерінің ата-ба­баларынан бері шұғылданып келе жатқан үйрен­шікті тірліктерін тастап шығуға мәжбүр бол­ған. Дегенмен, қазіргі халықаралық сарапшы­лардың пікірінше, бұл әлі барлық істің басы ғана. Ауыл шаруашылығындағы техно­логиялық революция әлі де болса өз дамуы­ның бастапқы сатысында тұр деп айтуға болады. Таяудағы жылдардың ішінде мүлдем жаңа мәндегі биотехнологиялардың, соның ішінде молекулярлық және гендік инженерияның, басқа да технологиялардың қолданылуы белок пен басқа да органикалық тағамдық заттарды зертханалар мен өндірістік цехтар жағдайында мейлінше арзан бағамен алуға мүмкіндік беретін болады. Мұның өзі дәстүрлі егін мен мал шаруашылығының бірте-бірте жойылып кетуіне әкеп тіреуі әбден мүмкін. Рифкин осындай жағдайларға талдау жасай келіп, «осы ғасырдың ортасына таман өндірістегі жұмысшы табы жойылатын болады, ол неғұрлым жоғары технологиялық тиімділікке қол жеткізуге деген құлшыныс нәтижесінде үшінші индустриялық революция жетістіктерінің құрбандығына айналады» деген тұжырым жасайды. «Біз адамзат дамуының ерекше тарихи жол айрығына шапшаң қарқынмен таяп келе жатырмыз. Жаһандық корпорациялар жұмысшылар санының барынша қысқара түскендігіне қарамастан тауарлардың барынша мол көлемін әп-сәтте шығара аларлықтай қуатқа ие болды. Адамзат саны бұрын көз көріп, құлақ естімеген деңгейде барынша қаулап өсіп келе жатқан осынау тарихи сәтте пайда болған жаңа технологиялар бізді адамдарсыз жұмыс істейтін, яғни адам еңбегін қажет етпейтін өндіріс дәуіріне алып кірді. Демек, саны өсіп келе жатқан халық пен жұмыс орындарының қысқару факторының бір-бірімен бетпе бет келуі жаһан бойынша жоғары технологиялық экономика орныға бастаған осы ғасырымыздың басты геосаяси шындығын қалыптастыратын болады», дейді ол. Осы жағдайға байланысты Рифкин «әлем барынша қауіпті бола түсуде» деген қорытындыға келген. АҚШ-та және басқа да елдерде қылмыстың қарқынды өсе түс­кендігін осының мысалы ретінде келтір­ген. Бұл құбылыстар жұмыссыздықпен, халық­тың кедейленуімен тығыз байланысты екенді­гін айтқан. Оның пікірінше, әлемнің әр түк­пірінде радикалдық көңіл күйдің, әлеумет­тік шиеленістің күшейе түсуі де адамдар­дың жұмыссыздық жағдайынан туындауда. Осылардың барлығы ақыр аяғында фашистік, басқа да экстремистік ұйымдардың пайда болып, бас көтеруіне қолайлы жағдай туғызуда. Атап көрсететін бір жайт, Рифкин жаһан­дық экономиканың жаңа ағымдарына өздері жүргізген зерттеулердің Карл Маркс, Фридрих Энгельс секілді ойшылдардың кезінде жасаған болжамдарын толық расқа шығарғандығын ашық мойындаған. «Маркс өндірісті автоматтандыру үдерісінің күшеюі ақыр соңында одан жұмысшыларды түгелдей ығыстырып шығатындығын «еңбектің соңғы метаморфозасы» деп бейнелеп айтып, «автоматтандырылған машиналар жүйесі» түбінде өндірістік үдерісте адам қалдырмайтындығын нақты болжаған еді» дейді Рифкин. Дегенмен, Рифкин осы жағдайға қарамас­тан үшінші индустриялық революцияның жаңа жетістіктері жер шарында жаңа жұ­мыс орындарының көптеп пайда болуына әке­летіндігін айтады. Мәселен, энергетика саласының әртараптандырылуы, яғни қайта жаңғыртылатын энергия көздеріне иек артылуы көптеген ұсақ энергия өндірушілердің пайда болуына әкеледі. Мәселен, біз алдыңғы мақа­­­ламызда Еуропада 190 миллион ғимарат бар екендігін айтқан едік. Егер осы ғимараттардың бәрі тұрғын үй, бизнес орталығы, мектептер мен балабақшалар секілді өздерінің негізгі қызметтерімен қатар алдағы ғылыми-техни­калық прогресс нәтижесінде бірте-бірте күн мен желден, тұрмыс қалдықтарынан қуат өнді­ре­тін шағын цехтар мен зауыттарға айналатын болса, онда Еуропада ең кемінде жаңадан 190 миллион жұмыс орны ашылмақ. Сондай-ақ, көптеген қажетті заттарды үй жағдайының өзінде өндіріп алуға мүмкіндік беретін 3D принтерлерінің (принтер қағидасымен жұмыс істейтін болашақ өнеркәсіптік станоктардың) пайда болуы миллиондаған адамдардың қолын өздерін өздері тиімді жұмыспен қамту жағдайына жеткізетін болады. Алайда, Джереми Рифкиннің орыс тілі­не үзік-үзік аударылған еңбектерінің жалпы мазмұнынан ұққанымыз, үшінші индус­триялық революция жетістіктерінің өзі адамзаттың жалпы жұмыссыздық мәселесін толықтай шешпейтін секілді. Иә, олар жаңа технологияларды өмірге әкеледі де, осылар­дың есебінен жаңа жұмыс орындары көп­теп ашылатын болады. Ал екінші жа­ғынан алғанда, сол жаңа технологиялардың нәти­же­сінде зауыттар мен фабрикалардағы жұмыс орындары қысқара береді. Адамдар үшін алдағы уақытта денеге салмақ түсіретін қол жұмысының бәрі қысқарып, тек ақыл-ойдың жұмыстары қалады. Осыған байланысты спорт дамиды. Адамдар көбінесе жаңа жобаларды әзірлеу ісімен шұғылданып, дизайн­дық, бизнестік, конструкторлық орта­лық­тарда, яғни офистерде қызмет ететін болады. Демек, адамдардың жаппай жұмыспен қамтылуы немесе қоғамның әлеуметтік тұрғыдан жаппай көркеюі нәтижесінде жалпы жұмыссыздық атты проблеманың жойылуы индустриялық революциялардан кейін болатын постиндустриялық қоғамның еншісіндегі мәселе. Постиндустриялық қоғам туралы қазіргі күні әртүрлі пікірлер бар. Біреулер ол қоғамда да бұрынғыдай капиталистік қатынастар үстемдік құра береді десе, екінші біреулер ол кезде нарық­­­тық экономика жойы­лып, нағыз социализм орнайды дейді. Үшінші біреулер бұл қоғамда нарықтық экономика мен әлеумет­тік экономика қатар әрекет ететін аралас экономика қалыптасады дейді. Енді тағы бір оқымыстылар кезінде Карл Маркс айтып кеткен коммунизм келеді, өйтке­ні, технологиялардың барынша дамуы нәти­жесінде өнім өндіру барынша жеңілдеп, тұрмыстық заттардың барлығы адамдарға жеткілікті болады, жер бетінде технологиялық жұмақ орнайды да, жеке меншіктің болуы өз мәнін жояды деген тұжырым жасайды. Гарвард университетінің профессо­ры Дэниел Белл өзінің «Келесі постиндустриялық қоғам» атты еңбегінде адамзат қоғамының дамуын­ үш сатыға бөлген. Оның тұжыры­мын­ша, бірінші сатыда аграрлық (индустрияға дейінгі) қоғам қалыптасты. Оның бас­ты са­ласы – ауыл шаруашылығы, басты құры­лымдары шіркеу мен әскер болды. Мұнан кейін индустриялық қоғам келді. Оның бас­ты саласы – өнеркәсіп, басты құры­лым­дары корпорациялар мен фирмалар болды. Енді адамзат қоғамы өз дамуының үшін­ші сатысы – постиндустриялық қоғамға өтуі тиіс. Оның басты саласы – теориялық білім, ал басты құрылымдары университеттер мен зерттеу инс­титуттары болады. Көптеген оқымыстылар постиндустриялық қоғамға қатысты осы тұжырыммен келісіп отыр. Осыларды оқи келе біз өзімізше мынадай тұжырым түйдік. Постиндустриялық қоғамның алғашқы белгілері қазірдің өзінде байқалып қалуда. Мәселен, АҚШ-тың ең бай адамдары Билл Гейтс пен Уоррен Баффет өздерінің миллиардтаған доллар байлықтарын балаларына мұраға қалдырмайтындықтарын, қайырымдылық көмек ретінде қоғамға беретіндіктерін мәлімдеді. Қазірдің өзінде Билл Гейтс өзінің 75 миллиард долларға жуық байлығының 28 миллиард долларын, ал Уоррен Баффет 59 миллиард долларының 29 миллиард долларын қайырымдылық шараларына аударып үлгерген. Олар мұнымен де тоқталып қалмай, екеуі бірлесіп 2010 жылы «Сыйға тартуға анттасу» атты филантроптық компанияны бастап, басқа да миллиардерлерді өздерінің бастамаларына қосылуға қызу үгіттеуде. Қазірдің өзінде бұл компанияға әлемнің 105 миллиардері еніп, өздерінің кем дегенде жарты байлықтарын қоғамға беру жөнінде ант қабылдаған. Осы іске өткен жылдың басында Ресейден «Интеррос» компаниясының президенті 14 миллиард доллардың иесі Владимир Потанин де қосылды. Ол өзінің байлығының түгелге жуығын қоғамға беретіндігін, ал балаларына олардың алаңсыз өмірін қамтамасыз ететіндей ғана қаржы мен дүние-мүлік қалдыратындығын мәлімдеді. Әлемнің ең бай азаматтары неліктен мұндай қадамдарға баруда? Олардың мәлімдеуінше, ұрпаққа қалған артық байлық олардың дамуын, өздерін өздері жетілдіруін тежейді. Білімді ұрпақ үшін өмірдің ең қызығы – алға ұмтылу, барған сайын жария­лы бола түскен қоғам алдында өзіңнің кім екендігіңді дәлелдеу. Олар өз ұрпақтарын осындай өмірдің шыңына қарай өрмелеу бақытынан айырғысы келмейді. Алдымыздағы қоғам өзгерістеріне қарап, олардың бұл пікірлеріне әбден қосы­луға болады. Билл Гейтс 2035 жылы жаңа технологиялардың дамуы мен бай азамат­тардың қайырымдылық шараларының кү­шеюі нәтижесінде әлемде кедей елдер қатары мейлінше азаяды деген қорытындыға келген. Демек, постиндустриялық қоғамда білім басты байлық пен игілікке айналады да, материалдық игілік оның көлеңкесінде қалады. Себебі, ол кезде әлемнің барлық елдерінде адамның өмір сапасының өзі стандартталады. Артық материалдық байлық жүк болады. Ол кезде саналы азаматтар артық материалдық игіліктерді өздерінің жеке бастары үшін емес, қоғамның қажеті үшін ұстауды дағдыға айналдырады. VІІ ғасырда өмір сүрген мұсылмандардың алғашқы төрт халифасының бірі Әзірет Әліге (Әли ибн Әбу Талиб) «Білім артық па, әлде байлық артық па?» деп сұрақ қойғанында ол білімнің артықшылығын мынандай он дәлелмен баяндап беріпті. «Білім артық, өйткені, ол – пайғамбарлардан қалған мирас, байлық – бақылдардан мұра. Білім артық, өйткені, ол сені бағады, байлықты сен бағасың. Білім досыңды көбейтеді, байлық дұшпаныңды көбейтеді. Білім іздей берсең көбейеді, оны жұмсағанмен азаймайды. Байлық жұмсасаң азаяды, білімнің артық болатыны сондықтан. Білім артық, білімің көп болғанымен есеп-қисап жүргізбейсің, байлығыңа ұдайы есеп жүргізіп отыруың керек. Білім қанша көп болса да, іріп-шіріп бүлінбейді, дүние-мал бүлінеді, сондықтан да білім артық. Білім артық, ол жаныңды байытады, байлық жан-дүниеңді шектейді, өзіңді тура жолдан тайдыруы мүмкін. Білімді адам орнымен сөйлейді, мәдениеті артады, байлығы мол адам оған мас болып мақтанады, астамшылық көрсетеді, сондықтан білім артық», деген екен. Әзірет Әлі айтқан қағида, міне, осы постиндустриялық кезеңде жүзеге асатын болар деп ойлаймыз. Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан».
Соңғы жаңалықтар