Жақында Астанада теннистен өткен Дэвис кубогының 1/8 финалдық кездесуінде Қазақстан командасы Бельгия құрамасын 3:2 есебімен жеңіп, ширек финалға шықты. Бірінші күні біздің отандастар қарсыластарын 2:0 есебімен ұтып, 1/4 финалға шығудың негізін қалады. Осы күні өткен матчты Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев келіп, тамашалады.
Кездесудің алғашқы күні алдымен әлемдік рейтингте 67-орындағы Михаил Кукушкин бельгиялық қарсыласы Рубен Бемельмансты қиналмай ұтты. Төрт сетке созылған матч 6:4, 6:7, 6:2, 6:3 есебімен аяқталды.
Екінші ойында Андрей Голубев пен Давид Гоффен кездесті. Бұл ойын аса тартысты өтті. Ол төрт сағатқа созылды. Бірінші сет тай-брейкке дейін жалғасты. Голубев 11:9 есебімен оны өз пайдасына шеше білді. Екінші сетте 6:3 етіп ұтқан қарсыласы есепті теңестіріп кетті. Үшінші сетте тағы да Гоффен басымдық көрсетті. Бұл жолы ол 6:4 есебімен жеңді. Ал төртінші сетте қазақстандық теннисші екі брейкті сәтті орындап, жалпы есепті қайта теңестірді – 6:2. Сөйтіп, кімнің басым екенін соңғы сет шешті. Ақырғы айқас 12 геймге дейін жалғасты. Осы тұста Гоффеннің шаршап қалғаны анық байқалды. Мұны жақсы пайдаланған Голубев сетті 12:10 етіп аяқтады.
Осылайша, жарыстың алғашқы күні Қазақстан құрамасы 2:0 есебімен алға шықты. Екінші күні Евгений Королев пен Денис Евсеев жұбы Оливье Рохус - Киммер Коппеянс тандемімен ойнады. Бұл кездесуде қарсыластар 2:6, 7:4, 3:6, 6:7 (4:7) есебімен ұтты.
Соңғы күні Михаил Кукушкин Оливье Рохустан ұтылды. Бельгиялықтар есепті теңестірді. Ал шешуші матчта Андрей Голубев Рубен Бемельманспен ойнап, 6:2, 6:3, 6:1 есебімен жеңіске жетті. Қорытынды есеп – 3:2. Сөйтіп, Қазақстан құрамасы осымен үшінші рет ширек финалға жолдама алды. Енді біздің құрама тағы да Швейцариямен ойнайды.
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақстан».
Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.