2021 жылдың тамыз айында жаңа автокөліктерді сатып алу көрсеткіші төмендеп кеткен. 2020 жылдың тамызымен салыстырғанда 5,4 пайызға азайған. Бірақ жылдық мәнге салсақ, көрсеткіш – оң. Жыл басынан бері 76 039 көлік сатылыпты. 2020 жылдың қаңтар-тамызымен салыстырғанда 42,5 пайызға жоғары.
Сатылған 76 мыңнан астам көліктің 73 367-сі – жеңіл және жеңіл коммерциялық автомобильдер болса, 2 672-сі – жүк көліктері мен автобустар екен.
«Автомобиль мен компоненттерді жеткізу бойынша жағдай мәз емес, бірақ автокөлікке деген сұраныс өсіп келеді. Дилерлер мен өндірушілер Қытай арқылы өтетін автомобилдер мен құрамдас бөліктерді жеткізіп беру бойынша шешімді күтіп отыр. Жүктерді жіберу кезегі бірнеше айға созылып тұр. Сонымен қатар әлемдік нарықтағы электронды компоненттердің тапшылығы ай сайын сұраныс пен ұсыныс арасындағы алшақтықты ұлғайтып жатыр» деп жазады қазақстандық автобизнес қауымдастығы.
Ал тамыз айында ең көп сатылған брендтер ондығының көшін Chevrolet бастады – 2 196 дана. 1 561 данамен Hyundai – екінші орында. Үздік үштікті 1 012 данамен Toyota түйіндеген. Kia дилерлері өткен айда 825 көлік сатса, Lada – 716, Volkswagen – 356, Nissan – 331, JAC – 328, Renault – 308 және BMW 114 автомобиль саудалаған.
Тамыздағы ТОП-10 модель тізімінің басында 1 330 сатылыммен Chevrolet Cobalt тұр. Одан кейінгі орында – Chevrolet Nexia (542) және Hyundai Accent (499). Сондай-ақ тұтынушылар тарапынан Toyota Camry (437), Hyundai Elantra (326), Lada Largus (282), Hyundai Sonata (255), Hyundai Tucson (243), Kia Rio (243), Toyota Rav4 (213) модельдеріне деген де қызығушылық аса жоғары болып тұр.