Қарағанды облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы және мәдени ойын-сауық және халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталығы ұйымдастырған «Сарыарқаның көшпелі мәдениеті» атты өңірлік фестивалі Балқаш қаласында өтті.
Арқа төсінде тұңғыш ұйымдастырылған іс-шараның мақсаты да айқын. Ол ұлтымыздың бай мәдениетін шығармашылық, музыка, қолөнер, ойын-сауық және спорт арқылы көрсету еді.
Фестиваль аясында «Шеберлер қаласы» деген тақырыпта халық қолөнершілерінің экспозициясы келушілер назарына ұсынылды. Балқаштағы М.Хамзин атындағы мәдениет сарайының іші киіз кілемдерге, текеметтерге, зергерлік бұйымдарға, ұлттық нақыштағы киім-кешектерге толып кетті. Бұдан бөлек, ұлттық тағамдар көрмесі де келушілердің назарын өзіне аударды. Ал жергілікті спортшылар болса, қазақ күресі, асық ату және тоғызқұмалақ сынды ұлттық спорт түрлерінен өз шеберліктерін көрсетті.
Арнайы құрылған қазылар алқасы өнерпаздардың шығармашылық дарынына баға бергеннен кейін, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге сый-сыяпаттар жасалды. Сондай-ақ «Сайын далам – Сарыарқа» атты театрландырылған қойылымда әншілер мен айтыскерлер жұрт алдында өнер көрсетіп, қазылар мен көпшіліктің ықыласына бөленді.
Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов Балқаштан бастау алған «Сарыарқаның көшпелі мәдениеті» фестивалі алдағы уақытта Осакаров, Бұқар жырау, Нұра және Абай аудандарында, сонымен бірге Қарағанды мен Теміртау қалаларында жалғасатынын айтады.
Ал байқау мәреге жеткеннен кейін, үздік шыққан өнерпаздар мен шеберлер желтоқсан айында кеншілер астанасында өтетін гала-концертте өнер көрсететін болады.
Қарағанды облысы,
Балқаш қаласы