Атырау кеденшілері ел бюджетін 275 миллиард 887 миллион 695 мың теңгемен толықтырды
Мұнайлы Атыраудың АҚШ, Ұлыбритания, Италия, Франция, Қытай, Жапония, Корея, Түркия, Ресей, Германия секілді экономикасы өрге басқан көптеген елдермен сауда-экономикалық байланыс орнатуының жемісі кедендік түсімдерге оң ықпал етіп отыр. Осы және өзге де елдермен бірлесе құрылған кәсіпорындар жұмысы да жандануда. Өңірде іске асырылып жатқан маңызды жобаларға шетелдерден тасымалданатын импорттық тауарлардың түрлері де мол. Атыраудан әлемнің әр түкпіріне жөнелтілген экспорттық өнімдердің үлесі ұлғаюда. Ал бұл өңір кеденшілеріне үлкен жауапкершілік жүктеп отырғаны даусыз.
Ел шекарасы арқылы контрабандалық тауарлардың өтпеуін қырағылықпен қадағалайтын өңір кеденшілері ел бюджетіне кіріс түсіру көлемін жыл сайын арттыра түсуде. Облыстық кедендік бақылау департаменті ұсынған мәліметке сүйенсек, былтыр Атырау кеденшілері ел бюджетіне 275 миллиард 887 миллион 695 мың теңге кіріс түсірді. Бұл алдыңғы жылғы көрсеткіштен 63 миллиард 716 миллион 597 мың теңгеге артты.
Кеденнен түскен кенен кірісті әр кеденшінің үлесіне шаққанда 1 миллиард 232 миллион теңгеден келеді екен. Демек, ел қоржынын кедендік кірістер мен түсімдер арқылы толтыруда Құрманғали Тасмағанбетов жетекшілік ететін атыраулық кеденшілер тағы бір рет биік межеден көрінді деуге толық негіз бар.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
Атырау облысы.