• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
04 Ақпан, 2014

Алқа отырысында анықталған оң қадамдар

270 рет
көрсетілді

Кеше Астанада Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен Көлік және коммуникациялар министрлігінің алқа отырысы болды. Оған аталған саланың министрі Асқар Жұмағалиев төрағалық етті. Мәжілісте өткен жылғы жұмыстар қорытындыланып, алда атқарылатын міндеттер нақтыланды. Алқа мәжілісіне сала мамандарымен қатар, Парламент депутаттары мен Президент Әкім­шілігі қызметкерлері келді. Жи­налған қауымды күн тәртібімен таныстырған А.Жұмағалиев, өткен жылдың қорытындысы туралы баяндай келіп, дәл бүгінгі күнде министрліктің алдында тұрған міндеттер жөнінде әңгімеледі. Мемлекет басшысы мен Үкімет жүктеген тапсырмалар мүлтіксіз іске асырылып жатқаны жайлы айтты. «Өткен жылы 2200 шақырым республикалық маңызы бар авто­жол жөнделді. Заман талабына сай 13 бірдей электронды таразы орнатылды. Сондай-ақ, көліктік бақылаудың 11 тұрақты бекеті жабы­лып, теңіз порттарының жүк­терді өткізу қабілеті 16,8 млн. тоннаға дейін ұлғайтылды. Ал, әуеде 15 халықаралық авиамар­шрут, теміржолда 6 бірдей жолаушы бағыты ашылды. Оған қоса, 241 қызмет көрсету мен рұқсат беру жүйесі автоматтанды­рылды. Тағы бір жетістігіміз, ұялы байланыс операторлары арасындағы интерконнект мөл­шері 15 пайызға төмендетіліп, облыс орталықтарында 4G қыз­метін қосу ісі басталды. Сон­дай-ақ, ел тұрғындарының тең­ жартысы эфирлік сандық телера­дио­таралымға қол жеткізді», деді министр. Елдегі автожолдар да А.Жұма­ға­лиевтың назарынан тыс қал­мады. «Бұйыртса, ағымдағы жылы Астана-Бурабай ақылы тас жолынан 1 миллиард теңгеден астам қаржы түседі деп отырмыз. Осылайша, бұл учаскені күтудің барлық шығынын толық жабамыз», деп қайырды ол. Негізі автожол ақылы болғаннан бері шамамен жарты миллиардтай теңге жиналыпты.  Министр өткен жылы жемісті атқарылған жұмыстарды тізбелей келіп, жолдарды жөндеу ісіне көптеп жаңа техника-технологиялар тартылып жатқанына тоқталды. Былтыр автопарк­тер мен теміржол парктерінің айтарлықтай жаңарып, жаңғырғанын тілге тиек етті. Мәселен, автопарктер 1700 жаңа автобус пен 840 жаңа жүк машинасымен толығыпты. Теміржолда 97 локомотив, 1704 жүк және 237 жолаушы вагондары жаңаланыпты. Коммуникация саласына да кеңінен тоқталған министр үстіміздегі жылы орындалатын міндеттер жөнінде айтты. 2014 жылы елімізде рес­пуб­ли­ка­лық маңызы бар 2,3 мың ша­қырым автожол жөнделіп, 18 қосымша электронды таразы орнатылады. Жаңадан 5 жо­ға­ры жылдамдықты теміржол ба­ғыттары іске қосылады. Бұдан бөлек, 13 әуе бағдары ашылып, 160 электронды қызмет пен рұқсат беру құжаттары автоматтандырылатын болады. Десе де, биылғы негізгі жұмыс Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған және «Ақпараттық Қазақстан-2020» мемлекеттік бағ­дарламасында қарастырылған шаралар аясында атқарылады, деді А.Жұмағалиев. Биыл «Электронды үкімет» дамуының жаңа кезеңі басталады екен. Атап айтқанда, smart government дамыту жөніндегі жұмыс жалғасады. Ол бойынша азаматтың жеке кабинеті жасалады. Ол e-gov порталының пайдаланушысына өзінің жеке деректерін бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, 160 электронды қызметті автоматтандыру жос­парланып отырылған көрінеді. Ұтқыр электронды қызметтер мен сервистер тізімі 50-ге дейін кеңейтілмек. Министрлік ұялы байланыс сапасын арттыру мақсатында ай­мақтарда тексеру жұмысын әрі қарай жалғастыра бермек. Одан тыс 2014 жылғы MNP-або­нентке өз нөмірін сақтай отырып, операторды ауыстыруына мүмкіндік беретін технологияны тестілеу ұйғарылыпты. Осынау жағымды ақпараттармен баяндамасын аяқтаған министр Мемлекет басшысы мен Үкіметтің биылғы жылға жүктеген міндеттерін толық орындайтындарын айтты. Алқа мәжілісін Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Б.Сағынтаев қорытын­ды­лады. «Мемлекет басшысы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір бо­ла­шақ» атты Жолдауында Кө­лік және коммуникациялар са­ласында ат­қарылуға тиіс жұмыстарды нақтылап берді. Ол міндеттерді жүзеге асыруға мемлекетіміздің шамасы жетеді. Сондықтан алдын ала жасалған бағдарламалар мен олардағы жоба-жоспарларды дұрыс жүйелеп, жүзеге асыру жолдарын айқындап алу керек», деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары. «Бүгінде жемісті жүргізіліп жатқан жұмыстарға қарамастан, жолдың сапасына қатысты мәселелер әлі де өзек­ті. Қазіргі уақытта жергілікті маңыздағы жолдардың – 40, рес­публикалық тасжолдардың 20 пайызының жағдайы қанағат­танарлықсыз. Сондықтан осы бағыттағы жұмысқа үлкен көңіл бөлу керек», деп жалғады сөзін Б.Сағынтаев. Оның айтуына қарағанда, көлік жағдайы да көңіл қуант­пайды. Әлі күнге дейін көп­те­ген елді мекендер автобус­пен толық қамтылмаған екен. Қамтылғандарының тозуы жоғары деңгейде. Өкінішке қа­рай, бұл көрсеткіш 80 пайызға жуық көрінеді. Кеден одағының техникалық регламентіне сәйкес, 2015 жыл­дың 1 қаңтарынан бастап одақ ау­мағында Еуро-5 стандарты ен­гізіледі. Ресей мен Белоруссия осы стандартқа өткен. Бұл біз­дің елге де қатысты. Көлік және коммуникация министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар­ еліміз Еуро-5 стандартына көш­кен­ге дейін автобус парктерін мей­лінше жаңартулары қажет, деді Б.Сағынтаев. Себебі, келер жылдың басынан бастап автобустардың бағасы 18 пайызға дейін қымбаттайды екен. Сондықтан, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары бұл шаруаға үлкен мән беріп, оң қадам жасау керектігін ескертті. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».
Соңғы жаңалықтар