• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
04 Ақпан, 2014

Головкин биылғы жылды да жеңіспен бастады

295 рет
көрсетілді

Өткен жылы кәсіпқойлар рингінде 4 кездесу өткізіп, соның барлығын да мерзімінен бұрын бітірген қазақстандық Геннадий Головкин биылғы жылды да жеңіспен бастады. Ол ақпанның 2-сіне қараған түні Монаконың Монте-Карло қаласында ганалық Осуману Адамамен қолғап түйістіріп, оны 7 раундта нокаутпен ұтты. Бұл жолы өзінің WBA және IBO нұсқалары бойынша Әлем чемпионы деген атағын қорғаған Геннадий ұрыстың басынан басымдығын байқатты. Гонг соғылысымен буырқанған бурадай арқырап алға ұмтылған қарағандылық қабылан қарсыласын таптап өте шығатындай болып көрінді. Шынында солай болды. Бірінші раундта-ақ алғашқы нокдаунын алып үлгерген Осуману Адама бұдан кейін біздің бағланға сес танытатындай қарсылық көрсете алмады. Уақыт ұзаған сайын қарқынын үдеткен Гена оны алтыншы раундта тағы бір есеңгіретіп тастады. Осы тұста-ақ Адаманың адымы ұзаққа бара қоймасы аңғарылып қалды. Сол көрінген көкжиек келесі раундта алдымыздан жарқырап шыға келді. Қарсыласын тағы бір ұрып құлатқан Геннадий Головкин техникалық нокаутпен жеңіске жетті. Осылайша, қазақстандық боксшы кәсіпқойлар рингінде өткізген 29 ұрысын түгел жеңіспен аяқтап шықты. Солардың 26-сы дәл осылай мерзімінен бұрын аяқталды. Біздің бағланның келесі жекпе-жегінің өтетін уақыты болып 26 сәуір белгіленіп отыр. Әзірге оның сол күнгі қарсыласы кім екені белгісіз. Руслан ИГІЛІК.
Соңғы жаңалықтар