• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
04 Ақпан, 2014

Игорь Закурдаев: «Сенімді ақтауға тырысамыз»

350 рет
көрсетілді

Тау шаңғысы спортынан Қазақстан құрамасы Сочи Олимпиадасының төрт лицензиясына ие болды. Ел намысын қорғауға Игорь Закурдаев, Дмитрий Кошкин, Мартин Хубер және Екатерина Черепанова бел буып отыр. Біз енді дайындық барысы жөнінде Игорь Закурдаевпен аз-кем тілдескен едік. – Тау шаңғысы спортының басты ерек­ше­лігі қандай? – Бұл спортқа бала кезімнен қызықтым. Ата-анам менің осы ықыласымды байқа­ған болуы керек, өздері танитын жаттық­ты­рушының қарамағына берді. Сөйтіп, туған қалам Риддерде алғашқы дайындықты бас­тап кеттім. Негізі, тау шаңғысы спорты бес түрге бөлінеді. Олардың әрқайсысының биіктігі, ұзындығы, жылдамдығы болады. Ал мен алыс шақырымды жүріп өткенді қа­лаймын. Егер жылдамдықты бағындыра біл­месең, кездейсоқ жарақат алуың мүм­кін. Сондықтан, әрбір қимылыңды шеберлікпен орындауың керек. Бізде қазір сла­ломға дайындалудың мүмкіндігі болмай тұр. Алдағы уақытта бұл олқылық ретке келер деген сенімдемін. Өйткені, табиғаты әсем тау­лы аймақ Алматы қаласы мен Алматы, Шы­ғыс Қазақстан облыстарында осы спорт түрін дамытуға негіз бар. – Жалпы, биыл Олимпиадаға дай­ын­дық қай жерде өткізілді? – Дайындық 3 кезеңге жоспарланды. Соның алғашқысы Австралияда өткі­зі­ліп, онда біз 20 күн дайындалдық. Одан әрі Ыс­тық­көл аумағы мен Чили тауында дайын­далудың сәті түсті. Осының нәтижесінде мен Оңтүстік Америкада өткізілген жарыста жақсы жетістікке қол жеткіздім. Жалпы айтқанда, біздің Олимпиадаға дайындығымыз жаман емес. Осы тұста қатарымызға қосылған Мартин Хубердің жеке жаттықтырушысы ретіндегі әкесі де біздің тыңғылықты дайындалуымызға бар жағдай жасағанын атап өткім келеді. – Сочиде тау шаңғысы спортынан кім­дердің десі басым болады деп ойлайсыз? – Жарыс жолында кімнің жолы болатынын нақ қазір дөп басып айту қиын. Алғашқы отыздыққа енудің өзі жақсы жетістік дер едім. Егер мен қателеспесем, тау шаңғысы спортынан Әлем кубогында ешқайсысы отыздыққа ілінген жоқ. Соған қарамастан, Австрия елі өзгелерге қарағанда, көш ілгері келеді. Франция, Швейцария, Италия, Сло­вения мен Хорватия спортшыларының да дайындығы жаман емес. – Сонда олардың деңгейіне жету үшін не істеуіміз қажет? – Шындығын айтсам, осы спорт түрін дамыту бойынша біз олардан 15-20 жылдай артта қалдық. Екіншіден, бізді тәжірибесі мол шетел жаттықтырушылары дайындауы қажет. Дегенмен, Сочиде өткізілетін Олимпиадада жоғары жетістікке жету үшін бар күшімізді жұмсаймыз. Әңгімелескен Әмірхан АЛМАҒАНБЕТОВ. «Егемен Қазақстан».
Соңғы жаңалықтар