• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
04 Ақпан, 2014

«Әл-Каиданың» мәлімдемесі

310 рет
көрсетілді

Шарайна «Әл-Каиданың» мәлімдемесі «Әл-Каида» халықаралық террорлық ұйымы «Ирак және Леванта ислам мемлекеті» радикалды исламистік тобына қолдау көрсетуді тоқтататынын мәлімдеді. Оған топ мүшелерінің «Әл-Каида» лидері Айман Әз-Завахиридің бұйрықтарына бағынбауы себеп болған сыңайлы. Өткен жылдың мамырында Әз-Завахири «Ирак және Леванта ислам мемлекеті» тобының басшылығына Сириядағы «Әл-Каиданың» «Ән-Нусра майданы» атты ұяшығынан тыс әрекет ету жөнінде тапсырма берген болатын. Дегенмен, «Ирак және Леванта ислам мемлекеті» тобының лидері Әбу Бакр әл-Бағдади Әз-Завахиридің өкімін тыңдамай, «Ән-Нусра майданымен» бірігу туралы талпыныс жасаған еді. 83 адам бомбалау құрбаны болды Сирия әуе қарулы күштерінің Алеппо қаласын бомбалауы салдарынан 83 адам қаза тапқан. Бұл жөнінде Лондонда орналасқан Сириядағы Адам құқықтары жөніндегі қадағалаушы кеңес хабарлаған. Құқық қорғаушылардың айтуларына қарағанда, соққыдан құрбан болғандардың басым көпшілігі бейбіт тұрғындар. Белсенділер сонымен бірге, жарылғыш заттар, болат бөлшектер мен жанғыш заттар салынған канистрлардың қолданылғанын атап көрсетуде. Айта кету керек, үкімет әскері ұзақ уақыттан бері Алеппоның бірқатар аудандарына бақылау жасап отырған ереуілшілерді қуып шығуға талпынуда. Жанартаудан туындаған қатер Эквадор билігі бірнеше күннен бері белсенділік танытып тұрған Тунгурауа жанартауы орналасқан өңірде қауіп тууы мүмкін екендігін айтып, ескертулер жасауда. Оның сыртында жанартауға жақын орналасқан елді мекендерден бірнеше жүздеген адамды қауіпсіз жерлерге көшіру жөнінде шешім қабылданған. Жанартау өткен сенбіден бастап аспанға күл мен тас лақтыра бастады. Ал ол жергілікті билікті бірқатар жолдарды жабуға мәжбүрлеп отыр. Аталмыш жанартау 1999 жылдан бері белсенділік танытуда. Сальвадорда президенттік сайлау өтті Сальвадорда президент сайлауы шеңберінде дауыс берулер аяқталып, сайлау учаскелері жабылды. Бұл туралы латынамерикалық БАҚ-тар хабарлап отыр. Президенттікке кандидаттар саны бесеу болған, бірақ, әлеуметтік сауалнамалар бойынша, олардың екеуінің ғана жеңіске жетуге мүмкіндіктері бар. Осылайша, солшыл центристік партияның мүддесін қорғайтын елдің қазіргі вице-президенті Сальвадор Санчес Серен фаворит атанып отыр. Оның қарсыласы консервативті Ұлттық-республикалық альянс мүшесі Норман Кихано болып табылады. Егер кандидаттардың бірде-біреуі ең төменгі 50 пайыз дауысты ала алмаса, олар 9 наурызда өтетін екінші турда қайта кездесетін болады. Елшілік жанындағы жарылыс Йеменнің астанасы Санадағы Франция елшілігіне жақын жерде бірнеше миномет снарядтары жарылды, деп хабарлады дүйсенбі күні арабаралық Al Arabiya телеарнасы.        Оның сыртында дипломатиялық миссиядан бірнеше жүз метр жерде жарылғыш зат салынған автомобильдің де күл-талқаны шыққан. Ал мұның алдында Йеменнің астанасында екі снаряд қорғаныс министрлігіне жақын жерге, тағы екі снаряд елдің бұрынғы президенті Али Абдаллы Салехтің үйінің маңайына құлаған болатын. Бұл жарылыстар соңының екі жақ арасындағы атысқа ұласқанын да айта кету қажет. Хиллари Клинтон және жаңа санкциялар АҚШ-тың отставкадағы мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон америкалық сенатор-демократ Карл Левинмен жазбаша хабарласу кезінде өзінің Иранға қатысты жаңа санкциялар енгізуге қарсы екенін мәлімдеген. Қазір, Иранмен шынайы келіссөздер жүріп жатқан кезде біз олардың мәселені шешуді тұрақты негізге қаншалықты көшіре алатынын тексеруге тиіспіз, деп атап көрсеткен ол сенатордың жолдауы­на жауап қайтара отырып. Х.Клинтонның бұл сөзді 26 қаңтар күні жазғанына қарамастан, ол туралы көпшілікке тек өткен жексенбі күні ғана мәлім болып отыр. Сөз орайында сенаторлардың жартысынан көбінің Иранға қарсы жаңа санкциялар енгізуді қолдайтынын да айта кету қажет. Бір жынысты некеге қарсылық Мыңдаған француздар Парижде жексенбі күні өткен бір жынысты некені заңдастыруға қарсы ереуілге қатысты. Бұл туралы «Фигаро» газетінің веб-сайты хабарлаған. Акция ұйымдастырушылардың оған 500 мың адам қатысты дегеніне қарамастан полицейлер 80 мың адамның ғана қатысқанын айтуда. Лион қаласында да дәл осындай іс-шаралар өтіп, оған 20 мыңнан 40 мыңға дейінгі адам қатысқан. Айта кету керек, өткен жылдың сәуірінде Франция әлемдегі бір жынысты некені заңдастырған 14-елге айналған болатын. Еуропадағы табиғат апаты Ауа райы Еуропада өте қолайсыз жағдайлар туындатып, оның соңы бірнеше адамның қаза табуына әкеліп соқтыруда. Ақпанның алғашқы күндерінде Еуропаның бірнеше мемлекеттерінде қолайсыз ауа райы қалыптасқан. Одан, әсіресе, Италия, Испания, Сербия, Словения, Австрия және Швейцария мемлекеттері қатты зардап шегіп отыр. Толассыз жауған жауын Италияда су тасқынын туғызып, соның салдарынан 3 адам қаза тапқан. Испанияда алып толқындардың туристік инфрақұрылымға елеулі зақым келтіргені белгілі болып отыр. Ал Сербия мен Словения тұрғындары қалың жауған қардың астында қалуда. Оларға әскерилер көмекке келіп, қар астында қалғандарды танктер мен тікұшақтар көмегімен құтқаруда. Шығыс Еуропада қарлы боран мен күшті дауыл тұрып, оның салдарынан бірқатар өңірлерде алдын ала ескертулер жасауға тура келген. Сол сияқты Швейцария мен Австрияда да қар көшкіні болу қаупі туындап отыр. Интернет материалдары негізінде әзірленді.
Соңғы жаңалықтар