• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
05 Ақпан, 2014

Адамзат алдындағы алапат асулар

2126 рет
көрсетілді

Әлем ғалымдары мен мамандарының пайымынша, қазіргі заманда адамзат бұрын-соңды болып көрмеген орасан зор апаттар қарсаңында тұр. Жер бетіндегі тіршіліктің таяу болашақтағы тағдыры біздің осы өзекті мәселелерді қаншалықты дәрежеде оңтайлы шеше алуымызға тікелей байланысты болмақ. Және бұл жұрттың жай үрейін туғызып, құлағын түргізіп, соңынан жылы жауып қоя салатын кезекті бір әсіре науқанның әуселесі емес. Дүниені түгел қусырып келе жатқан бұл жолғы даңғайыр дағдарыстың жөні тіптен бөлек.

Проблеманың басы – экономика

Осыған орай, жер жүзінің сарапшылары жыл ұзаған сайын жаһанға қаупін қаттырақ төндіріп келе жатқан бұл проб­лемаларды шешуге қажетті ең басты тетіктердің бірі ретінде экономиканың рөлі бұрынғыдан бетер арта түсетінін ауызға алып отыр. Экономика жалпы адамзат тіршілігінің бір ғана бөлігі болып табылатынына қарамастан, оның таяу жылдардағы дамуының барысы көп жағдайда адам баласының XXI ғасырдағы өмір сүру мүмкіндігі мен қоршаған орта­­сын, сондай-ақ моральдық, діни және философиялық құндылықтарын, тұтас­тай алғанда, әлемді сақтап қалу мен оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге барынша пәрменді түрде ықпал жасайтын болмақ. Ал өткен жылдардың өрнегіне тағы бір мәрте көз жүгіртіп өтер болсақ, жаһандық деңгейдегі бұл проблемалардың мәні мен маңызы XX ғасырдың екінші жартысынан алғы кезекке шыға бастағанын аңғарар едік. Міне, тап осы уақыттардан бастап олар ұлттық және әлемдік шаруа­шылық құрылымына айтарлықтай дең­гейде әсер етуге кірісті. Тұтас бір құрылым ретіндегі әлем шаруашылығы оған дүние жүзінің мейлінше көп елдері араласа бастаған XX ғасырдың басында қалыптасып болды. Бұл мерзімде жер бетін аумақтық бөлініске салу процесі толық аяқталып, әлем шаруашылығы екі полюске бөлініп үлгерген еді. Осы жіктің бір басында өнеркәсібі дамыған бақуатты мемлекеттер тұрса, оған қарама-қарсы екінші басын олардың аграрлық-шикізат қоймасы есепті отар елдері құрады. Бұлардың соңғылары халықаралық еңбек бөлісіне өздерінде ұлттық рыноктар пайда болғаннан көп бұрын араласып кетті. Бірақ отар елдерді әлем шаруашылығына араластыру шын мәнінде олардың ішкі сұраныстарының тууына байланысты емес, индустриялық жағынан дамыған дәулеттердің үстемдігі негізінде жүзеге асырылды. Басында іргесін осылай қалап алған әлемдік шаруашылық кейін отар елдер егемен­дік алып, тәуелсіз мемлекеттерге айнал­­ған соң да көпке дейін өздерінің орта­лық және шет аймақ мәртебесіндегі арақатынас­тарын сақтап қалды. Біле-білгенге, бүгінгі таңдағы жаһандық дең­гей­дегі ауқымды проблемалар мен сан түр­лі кереғарлық­тар да өзінің бастауын сол кезеңдер­дегі аумалы-төкпелі ахуалдан алып келе жатыр. Әлбетте, орасан зор көлемдегі проб­лемаларды оңтайлы шешу үшін дәл сондай орасан зор мөлшердегі материалдық және қаржылық қолдау керек болады. Бұл үшін ең алдымен осы өзекті мәселелердің ауқымы мен оларды шешудің барша жолдарын белгілеп алуға тура келеді. Ал жаһандық деңгейдегі проблемалар дегеніміздің өзі планеталық ауқымдағы мейлінше маңызды қажеттіліктер мен оларды адам баласының бірлес­кен күшінің белгілі бір кезеңде қанағат­тандыру мүмкіндігінің өзара сәйкес келмеуін көрсетеді. Өз кезегінде адам баласының жаһандық проблемасы Жер шарының барлық тұрғындарының ортақ өмірлік мүдделерін алға шығарып, олар­ды барлық мемлекеттердің қаты­суы­мен бірлесе шешуді талап етеді. Қазіргі заманғы жағдайда мұндай проблемалардың бірнеше түрі қалып­тас­ты. Сарапшылардың түзілімі бойынша олардың арасында оңтүстік пен солтүстік теке-тіресі, кедейлік, азық-түлік, энергетика, экология және тұрақты даму, демография, адамзаттың даму әлеуеті, адам қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жер бетіндегі мұхиттар әлемін игеру секілді негізгі проблемалар бар.

Жаһандық мәселелердің жіктелісі

Бүгінде халықаралық ұйымдар қа­был­даған классификацияға сай жаһандық проблемалар өздерінің шығу тегіне, сипаты мен қабілетіне қарай бас­ты үш топқа бөлініп қарастырылуда. Бұлардың бірінші тобын адамзаттың негізгі әлеу­меттік-экономикалық және сая­си мін­дет­терін айқындап беретін проб­лемалар құрайды. Олардың қатарына әлемді сақтап қалу, бейбіт өмірді қалыптастыру, жаппай қарулануды тоқтату, ғарышқа милитаризация жасамау, әлемдік әлеуметтік прогрестің дамуына қолайлы жағдай туғызу, жан басына шаққандағы табыстары төмен елдердің дамуда артта қалушылығын жеңу секілді тармақтар қарастырылған. Екінші топ «адам – қоғам – техника» деп аталатын үштіктен шығады. Мұнда топтасқан проб­лемалар ғылыми-техникалық прогресті адамның әлеуметтік жағынан үйлесімді дамуы мен оған техниканың кері әсері тиюін болдырмау мүддесіне, халықтың өсу қарқынына, адамның мемлекеттегі құқығы сақталуына, оның мемлекеттік институттар тарапынан шектен тыс қадағалануынан босатуға, әсіресе, адам құқының маңызды құрамдас бөлігі болып табылатын жеке тұлға ретіндегі бостандығын қалыптастыруға тиімді пайдалану тұрғысынан өрбиді. Үшінші топқа әлеуметтік-экономикалық үдерістер мен қоршаған ортаға, былайша айтқанда, қоғамның табиғатпен қарым-қатынасына байланысты туындайтын өмірлік өзекті мәселелер топтасып отыр. Бұған шикізат, энергетика және азық-түлік проблемалары, барған сайын қамтыған аумағы мен адам өміріне келтіретін залалы ұлғайып бара жатқан қоршаған ортаның дағдарысын жеңу жатады. Осы ретте XX ғасырдың соңы мен XXI ғасырдың басы елдер мен аймақтар дамулары барысында туындаған бірқатар өзіндік ерекшелікті өңірлік жайларға ерекше екпін беріп, жаһандық проблемалар қатарына алып шыққанын да айта кетуіміз керек. Алайда, мұны тудыруда әлемдік көлемдегі интернациаландыру шешуші рөл атқарды. Ал мұндай проблемалар барған сайын көбейіп барады. Қазір сарапшылар олардың жиырмаға жуықтағанын айтып отыр. Авторлар енді бұларды экологиялық, бейбітшілікті сақтау мен қарусыздану, демографиялық, отын-шикізат проблемалары деп аталатын төрт негізгі топқа бөліп қарастырады. Сонымен бірге, қазір жекелеген жаһандық проблемалардың ауқымы, орны мен рөлі өзгеріп кеткені байқалады. Айталық, бейбітшілікті сақтау мен қарусыздану проблемасы таяуда ғана бірінші кезекте тұрған болса, қазіргі таңда оның орнын экология мәселесі емін-еркін тартып алды. Сол сияқты жаһандық проблемалар өз іштерінде де өзгерістерге түсуде. Бұл негізінен кейбір өзекті мәселелердің бұрынғы құрамдас маңызын жоғалтып, орнына басқасы пайда болуынан көрініп жатыр. Мәселен, бейбітшілікті сақтау мен қарусыздану проблемасында негізгі салмақ ендігі жерде жаппай қырып-жою қаруы санын қысқартып, жаппай қыру қаруын таратпауға, әскери өндірісті консервациялау жөнінде шаралар жасап, жүзеге асыруға түсірілсе, отын-шикізат түйткілінде орны толтырылмайтын бірқатар табиғи ресурстардың сарқылып біту ықтималдығы ақиқатқа айналды, ал демографиялық мәселеде тұрғындардың халықаралық көші-қоны мен еңбек ресурстарының ауқымы кеңейе түсуіне байланысты жаңа міндеттер туындай бастады.

Проблемалардың бір-бірімен байланысы

Әдетте жаһандық проблемалар бір-бірімен тығыз байланыста болып келеді. Мысалы, халық саны көбеюінің ауыл шаруашылығы өндірісінің өсуінен озып кетуі азық-түлік проблемасының өткірлігін еселеп күшейте түседі. Қазір әлем ғалымдарын қатты алаңдатып отырған мәселенің бірі де осы. Ал жаһан оқымыстылары қазір адамзатты алда алапат аштық дәуірінің күтіп тұрғанын айтып, дабыл қағып жатыр. Олардың болжамы бойынша, таяудағы 40 жылға жуық уақыттың мұғдарында, яғни 2050 жылға қарай планетада азық-түлік қоры таусылады. «Бұл уақытта Жер тұрғындары тағы 2,5 млрд. адамға көбейіп, жалпы саны 9,6 миллиардқа жетеді. Ал жеуге жарайтын нәрсенің бәрі азық-түлікке деген сұраныстың күрт артуымен бірге, айтарлықтай азая түседі», деген тұжырым жасайды олар. Жалпыға ортақ аштықты жеңудің бірден-бір тиімді жолы орман алқаптарын егіс танаптарына айналдыру болып табылар еді. Алайда, сарапшылар жаппай жылымық дәуірі жылжып келе жатқан шақта ауылшаруашылық мұқтажы үшін ағаштарды жайпап салу ауаға парник­тік газдың көптеп тарауына апарып соқ­тырады, деп алаңдап отыр, деген ойдың ұштығын шығарады ағылшын ғалым­дары осыған орай. Британия зерттеу­шілері сонымен бірге, әлемдік ауқым­дағы азық-түлік дағдарысынан қашып құты­лу іс жүзінде тіпті де мүмкін емес еке­нін тағы алға тартады. Мұны тек дәнді да­­қылдар өндіру көлемін арттыру есебінен ғана жеңуге болады. Ал АҚШ-тың Мин­нессота университетінің ғалым­дары 40 жылдан кейін мұның өзі де жет­кі­ліксіз болып шығатынын дәлелдеп берді. Талдаушылар адамзатқа әлемдік ауқымдағы аштықтың алдын алу жолында бес түрлі проблеманы шешіп алудың тура келетінін еске салады. Бұл бесеудің қатарында биоотыннан бас тарту, астық өнімділігін арттыру, тыңайтқышты күшейту, адамдар рационындағы еттің көлемін азайту және бүкіл дүние жүзінде тамақ қалдықтарын қысқарту секілді өзекті мәселелер бар. Жер бетінде азық-түліктің жетіспеушілігін XXI ғасырдың ортасына қарай Қытай мен Үндістан сезіне бастайтыны да қазір ешбір құпия болып отырған жоқ. Дүниежүзілік банктің басшысы Роберт Зеллик соңғы кездері халық­­­­­ара­лық қауымдастықты жер бетіне ақырын жылжып келе жатқан кең ауқымды аштықтан қорғаудың шараларын қабылдауға шақырып бағуда. Оның ойынша, аштықтың араны қазірдің өзінде көптеген кедей елдердің төбесіне төніп тұр. Банкир осыған орай, әзірге экономикалық жағынан қуатты саналатын мемлекеттердің тез арада 500 млн. доллардан қаржы жинап, оны Бүкіләлемдік азық-түлік бағдарламасын жүзеге асыруға жұмсаулары керек еке­нін мәлімдейді. «АҚШ, Еуропа одағы, Жапония және басқа да дамыған елдер тапшылықтың орнын толтыру үшін қазір­­ден бастап іске кірісулері керек, әйт­­песе аштықтан зардап шегетін адам­дар­­дың ауқымы өте көп болады», дейді ол. Жасыратыны жоқ, Зелликтің бұлайша дабыл қағуы тіпті де бекер емес. Қазіргі таңда астықтың кез келген түрінің бағасы шарықтап, аспанға шыға бастады. Айталық, Чикаго сауда биржасында бүгінде әлемдегі үш миллиард адамның негізгі дақылы болып табылатын күріш­тің құны тарихи шарықтау шегіне дейін жетіп, 100 фунтының (шамамен 45 кг) бағасы 20,26 долларға барған. Бағаның бұлайша секіріп шыға келуіне әлемдегі дәнді дақылдар экспортының салыс­тыр­малы түрде азайып кетуі себеп болған. Жағдайдың қатты ушығып кет­кені сондай, дәнді дақылдар мен электр энергия­сы бағаларының өсуі қазір әлемдегі 33 елде әлеуметтік тұрғыдағы ереуілдер мен көтерілістердің бұрқ ете қалу қаупін төндіріп тұр. Ал астық қоры­ның мөлшері биыл соңғы 26 жылдан бер­гі бірін­ші рет ең төменгі көрсеткішке жеткен. Енді аграрлы экономика елдері өзі­нің ішкі рыногына қажетті резервті қа­лыптастырып алу үшін шетелдерге астық шығаруды доғара бастады. Айта­лық, Вьетнам өзінің ішкі рыногын тұрақтандыру үшін сыртқа күріш шығаруды күрт қысқартатынын жария­лап та үлгерді. Египет өткен жылғы сәуірден қазанға дейін аталмыш дақылды шығаруды тоқтата тұрды. Әлемде күріш өндіру жөнінен үшінші болып келе жатқан Индонезияның ауыл шаруашылығы министрі былтыр күзде осы «коалицияға» қосылғалы тұрғандарын мәлімдеді. Сарапшылардың көзқарастарынша, азық-түлік бағасының бұлайша шарықтап өсе беруіне мұнайдың қымбаттай түсуі тікелей әсер етіп келеді. Егер мұнайдың бағасы көтерілуін тоқтатпаса, азық-түлік өнімдерінің тұрақ­тала қоюы туралы ойлаудың өзі артық. Жыл санап қара бұлты қоюланып келе жатқан дағдарыстың ушыға түсуіне биоотынның да қосып отырған үлес салмағы аз емес көрінеді. Оның негізінен жүгеріден өндірілетінін ескерсек, бұл дақыл бағасының неге ұдайы қымбаттап бара жатқанын түсіну де қиынға соқпайды. Ал бұл дақыл бағасының артуы өз кезегінде басқа дақылдарға да серпінді ықпал жасайды.

Жаһандық азық-түлік жетіспеушілігі

Соңғы жылдары саны ұдайы өсіп келе жатқан планета тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз етуге бағытталған бағдарламаның маңызы мен мәні барынша артып, барған сайын алдыңғы лекке қарай жылжи бастады. Мұны азық-түлік қорының әлемдегі барлық елдерге тең мөлшерде бөліне бермейтіні одан бетер күрделендіре түсуде. Осының салдарынан тағам түрлері бойынша мейлінше молшылықта тұрып жатқан елдермен қатар тұрғындарының негізгі бөлігі ең қажетті деген азық-түлік өнімдерінің өзіне қолдары жетпей жүрген кедей мемлекеттер қатары көбейіп келеді. Бұлардың біріншілеріне өнеркәсібі жоғары қарқынмен дамыған дәулеттер кірсе, соңғыларының сапын дамудың жолына жаңа түскен кембағал елдер түзеді. БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ААҰ) берген есеп бойынша, бүгінгі таңда жер бетінде ұдайы аштық жағдайын бастан кешіп, тоя тамақ іше алатындар санатына кірмейтін 1 миллиардтан астам адам бар екен. Маңызды тағамдық компоненттердің жетіспеушілігі өз кезегінде осы миллиардтаған және соған жақын адамдардың денсаулық жағдайларына кері әсер етіп, олардың жұмыс күші ретіндегі сапасына төмендетіп отыр. Бұл көптеген елдерде жоғары экономикалық өсудің қамтамасыз етілуіне айтарлықтай кедергі келтіруде. Ал бұл тұйықтан шығу үшін азық-түлік бағдарламасы саласында өнімдерді өндіру, қайта бөліске салу және тұтыну мәселелері бойынша халықаралық бірлескен стратегияны жасап, жүзеге асыру қажет. Ағылшын сарапшыларының есебінше, жер өңдеудің дәл қазіргі тәсілінің өзімен-ақ 10 миллиардтан астам адамды азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етуге болады екен. Мұның бәрі бүгінгі таңда өңделген жерді пайдаланудың барынша бетімен жіберіліп отырғанын тағы бір мәрте айғақтай түседі. Осы орайда дамушы елдердің проб­лемаларын тиімді шешудің маңызы ерекше зор. Бұл реттегі бағдар олардағы экономикалық және ғылыми-техникалық артта қалушылықты жеңуге бағытталуы тиіс. Мұның өзі елді әлеуметтік-эконо­микалық жаңғыртудың негізін қалай­тын экономикалық кеңістік эволюциясына бас­тап, жерді игерудің артта қалған пішіндерін жою мен оған ғылыми әдістерді енгізу негізінде ауыл шаруашылығын көтеруге жол ашып береді. Ресей ғалымдары осы ретте кеңестік кеңістіктегі елдердің ең алдымен құнарлы ауылшаруашылық жерлерін сақтау мен олардың әлеуетін арттыруға, сондай-ақ, азық-түлік өнімдерін сақтау мен бөлуге басты назар аударулары керек екенін алға тартады. Ғалымдар азық-түлік проблемасын шешу үшін өнеркәсібі дамыған елдер мен арнайы көмек көрсету бағдарламаларын жасаған халықаралық ұйымдардың ресурс әлеуетін пайдалану қажеттігін де ұсынады. Жаһандық проблемалардың әлемдік шаруашылықтың қалыптасуына әсер етуі жайын қарастыру оларға жеке ел тұрғысынан да, тұтастай алғандағы жаһандық қоғамдастық тұрғысынан да жан-жақты талдауды талап етеді. XX ғасырдың екінші жартысынан қалыптасқан әлемдік дамудың барша ерекшеліктері ғылыми-техникалық революцияның шаруашылық қызметін барлық жағынан дамытуға ықпал ететін тұрақты факторға айналуынан көрініс тапты. Алайда, өндіргіш күштер дамуының жеделдетілуі, техникалық прогрестің жоспарлы сипаты мен кең ауқымды көлемі басқарудың жетілген тетігінен қолдау ала алмайтын болса, оның ақыры орны толмас олқылықтарға апарып соқтыруы мүмкін. Мұның азық-түлік проблемасын шешу мәселесіне де тікелей қатысы бар.

Халықтың көбею қаупі

Қазіргі таңда айрықша жіті назар аудар­­­­­­масқа болмайтын жаһандық проблема­­­­лардың алдыңғы легінен біз Жер шарында­­ғы тұрғындар санының қауырт көбейіп бара жатқанын да көрер едік. XX ғасырдың 40-жылдары В.Вернадский, Н.Моисеев сынды кеңес ғалымдары «демографиялық дүмпу» деген атау берген бұлайша халық санының күрт өсе бастау үрдісі соңғы жарты жүзжылдықта өзінің шарықтау шегіне жетті. Жоғарыда аталған оқымыстылар сол тұста біздің планетамыздың қанша адамға «төтеп бере алатынын» есептеп шығарып, бұл шектеуді 500 млн. тұрғын­­мен тиянақтаған екен. Содан бері 70 жыл­дан сәл ғана астам уақыт өтті. Ал жер бетін­дегі халықтың саны әлгіндегі «шектеу­лі шектен» қазір 10 еседен де асып түсті. Планета халқының бұлайша қауырт өсуі қазіргі дәуір ерекшелігінің бір сипаты болып отыр. Адамзат тарихы өзінің бұған дейінгі көптеген мыңжылдықтарда орын ала қоймаған деңгейдегі халық саны өсуі­нің жоғары қарқынын бастан кеше бастады. Бұл проблеманың екінші бір жағы, халықтың қазіргі заманғы өсу көрсет­кішінің 80 пайыздан астам ауқымын енді дамып келе жатқан елдер құрайды. Мұндай серпінді өсім негізінен Азия, Африка және Латын Америкасы құрлық­тарындағы мемлекеттерге тән. Бұл тұрғындарының өмір сүру жағдайы онсыз да төмен аймақтардағы ахуалды бұрынғыдан да қиындата түседі. Дамушы елдердегі халық санының күрт көбейіп кетуіне олардағы өлім санынан туу мөлшерінің анағұрлым көп болып отырғаны нақтылы себеп болуда. Нәтижесінде олардағы демографиялық ахуал қиындаған үстіне қиындап келеді. Аталмыш проблеманың екінші жағы, егер даму қарқындары төмен елдерде халық санының ұлғаюы қисынды ықтималдылықтан да жоғары болып тұрса, керісінше, өнеркәсібі өзгеше өркендеген өңірлерде бұл көрсеткіш жылдан-жылға мейлінше азая түсуде. Бұл елдердегі мұндай демографиялық дағдарыс азық-түлік бөлінісіндегі теңсіздікті бұрынғыдан бетер күшейту­мен бірге, олардағы халықтың негізгі бөлі­гінің қартая бастауына апарып соқтырып жатыр. Былайынша айтқанда, дамыған дәулеттердегі адамдардың өлімі мен өсімі арасындағы алшақтық тең дерлік жағдайға жетіп, жұртшылықтың басым бөлігін ересек кісілердің құрауын қамтамасыз етуде. Бұдан шығатын қорытынды, мемлекеттер экономикалық жағынан дамудың мейлінше жоғары биігіне жеткен сайын олардағы тұрақты туу үрдісі міндетті түрде төмендеу тиегіне қарай бағыт ала береді. Ал дамушы елдердің демографиялық дүмпуге байланысты тап болатын келесі бір қиындықтары жұмыссыздық деңгейінің шамадан тыс көтеріліп кетуінен көрінеді. Әдетте өнеркәсібі жоғары қарқынмен өркендеп тұрған мемлекеттерге қарағанда, дамушы елдерде тұрғындарды материалдық және мәдени құндылықтармен, қарапайым ғана білім берумен қамтамасыз ету, сондай-ақ, жұмыспен қамту деңгейі айтарлықтай төмен болады. Жұмыссыздық пен жұмыс күшін толық пайдалана алмау экономикалық жағынан артта қалған елдердің басым бөлігінің негізгі «бас ауру­ларының» біріне айналады. Мұндай мемлекеттерде тұрғындардың ауылдық жерлерден өз елдерінің ірі қалаларына, сондай-ақ, өнеркәсібі дамы­ған дәулеттерге қарай ағылып барулары үйреншікті көрініске ұласады. Мұндай кездерде жұртшылықтың көші-қон тасқыны негізінен не жұмыс тауып алуға, не неғұрлым жоғары ақылы жұмысқа қол жеткізуге ұмтылу талабынан туындайды. Алайда, бұл тілектердің көпшілігі мигра­ция көлемінің шамадан тыс көптігі мен кедей елдердегі білім деңгейінің төмен­дігіне байланысты жүзеге аспай қалады.

Ғаламдық экологияның жай-күйі

Жаһандық проблемалар қатарына адамзатты толғандыратын мәселелердің бәрі де жатады. Қазіргі таңда сондай адам баласын еріксіз ерекше ойландырып отырған өзекті жайттардың алдыңғы буынында барған сайын ушығып бара жатқан қоршаған орта мен экология мәселелері де бар. Экология проблемасы бүгінгі күннің ең бір өзекті де шешуі қиын мәселелерінің бірі болып табылады. Бұл мәселенің өткірлігі сонда, осы күні қоршаған ортаның жағдайын жақсартуды былай қойғанда, оны дәл қазіргі қалпында ұстап қалудың өзі мұңға айналып бара жатыр. Планетаның экологиялық ахуалы­ның нашарлай түсуіне демография саласындағы дүмпудің де тигізіп отыр­ған әсері аз емес. Жұртшылықтың тығыз орналасуы шаруа адамының шаруа­шылықты жүргізудің мейлінше тиімдірек тәсілдерін қарастырып, жүзеге асыруының алдын орап кете береді. Бұл фактордың ықпалы негізгі мақсаты табысты көбейтудің шегіне жетуден гөрі шығынның мөлшерін шектеуге бағыттаған көшпелі мал шаруашылығының мыңжылдықтар бойғы дағдылары мен тәжірибесі төңірегін талқандап шығатын айғақтарынан айқын көрінеді. Осылайша, бұрыннан бар көптеген құнды да құнарлы табиғи жайылымдар адам іс-әрекетінің тиімсіз жаратылуынан бірте-бірте құлан дала, құла дүзге ұласып, шөлді сахараға айнала береді. Осындай кеңістікті эволюцияның әсерінен кейін келе ресурстық, отын-энергетикалық, азық-түлік проблемалары және солар туғызатын экологиялық мәселелер айрықша өткір қалпында бой көрсете түседі. Адамзат өндірістік күштерді жеткілік­ті жоғары деңгейде ұстап тұруы үшін табиғи ресурстарды тұтынуды ұдайы кеңейтіп отыруға мәжбүр болады. Бұл өз кезегінде өндіріс қалдықтары мен тұтыным көлемін арттырып жебереді. Ал әлем шаруашылығы дамуының қазіргі кезеңінде табиғат ресурстарының бірнеше категориясы бойынша белгілі бір мөлшерде шектеу керек етіледі. Соған қарамастан, планетада бүгінде табиғи ресурстардың тапшылығы қалыптасты деген тұжырым шығаруға әлі ерте. Бірақ бұл экологиялық проблеманың өзектілігін төмендете алмайды. Басқа да жаһандық ауқымдағы проблемалар тәрізді, экология мәселесінің де тарихы әріде жатыр, ол да XX ғасырдың екінші жартысынан бастап айтарлықтай ушыға бастады. Ал жер жүзінде экологиялық тәртіптің бұзылуы XIX ғасырдың екінші жартысында индустрияның өркен жая бастаған кезінен бастау алды. Планетада экологиялық дағдарыс ушығуының басты бағыттарына жел және жер эрозиясынан бүлінген егін­шілік танаптарының тұздануы, химиялық тыңайтқыштарды шамадан тыс қолдану, тағам өнімдері мен суға, адамның тіршілік ету ортасына химияның көбірек әсер етуі, орман алқаптарының жойылуы, адамның өмір сүруі мен денсаулық жағдайына кері әсерін тигізетін нәрселердің бәрі, белгілі бір деңгейде озонның қорғаныс қабатын біртіндеп бүлдіруге апаратын атмосфераға лас заттар тарауының ұлғаюы, қалдықтар көлемінің қауырт көбеюі, адам қонысының түрлі өнеркәсіп және тұрмыстық күл-қоқысымен қоңсылық құруы жатады. Табиғатты тиімді пайдаланбаудың нәтижесінде қоршаған ортаны титықтату, оны қатқыл, сұйық және газ тектес қалдықтармен лас­тау, радиоактивті қалдықтармен улау жаһандық ауқымдағы экологиялық проблеманың айтарлықтай деградацияға ұшырауына апарып соқтырды. Бірқатар елдерде экологиялық проблеманың ушығуы экологиялық дағдарыс жағдайына жетті. Осы тұста экологиялық дағдарысты аудан және апатты эколо­гиялық жағдай деген ұғымдар қалып­­тасты. Мұның ақырында Жер клима­тының бақылаудан тыс өзгеруі, страсто­фераның озон қабатының бүлінуі түрін­дегі жаһандық ауқымдағы экология­лық қауіп пайда болды. Айналып келгенде, осы экологиялық дағдарыс қазіргі таңда ұлттық және халықаралық экономикалық қауіпсіздікке қауіп төндіріп отыр. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан».
Соңғы жаңалықтар