Жамбыл облысының Сарысу ауданында кальцийленген сода өндіретін зауыттың тасын орнатудың салтанатты рәсімі өтті, деп хабарлайды Egemen.kz «KAZAKH INVEST» Ұлттық компаниясына сілтеме жасап.
Жобаны «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ қолдауымен Yildirim Holding түрік компаниясы жүзеге асырады. Салтанатты шараға ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, ҚР Түркиядағы Елшісі Азбал Сапарбекұлы, «Yildirim Holding» Президенті Юксель Йылдырым қатысты.
Жобаны іске асыру аясында Қазақстан экономикасына салынған инвестициялардың жалпы көлемі шамамен $400 млн құрайды, кәсіпорында 350-ге жуық жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Жергілікті кадрлардың біліктілігін арттыру мақсатында инвесторлар мамандарды оқытуды ұйымдастыруға ниетті.
«Жобаның негізгі бәсекелестік артықшылығы - тұзды тікелей қайта өңдеу кәсіпорнына құбырлар арқылы жіберу мүмкіндігінде, бұл дәстүрлі кәсіпорындардағы бірнеше өндірістік циклдарды болдырмайды», деп атап өтті «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ жобалық менеджері Диляра Тектигулова.
Жобаның жалпы қуаты жылына 500 мың тонна өнімді құрайды, бұл көрсеткішті біртіндеп 1 млн-ға дейін ұлғайту мүмкіндігі бар.
Инвесторлардың айтуынша, жобаны іске асыру барысында әлемде баламасы жоқ, инвестор патенттеген нөлдік қалдықтар технологиясы пайдаланылатын болады. Бұл дәстүрлі ұқсас кәсіпорындармен салыстырғанда түпкілікті өнімнің өзіндік құнын айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді.
Рәсім барысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов бұл зауыт елдегі кальцийленген сода өндірісі бойынша алғашқы зауыт болатынын атап өтті. Бүгінгі таңда Қазақстан аталған өнімді Ресей мен Өзбекстаннан импорттайды.
ҚР Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы ҚР СІМ, KAZAKH INVEST және басқа да мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысының, сондай-ақ жергілікті әкімшіліктің нақты бақылауының арқасында жоба жан-жақты қолдау тапқанын атап өтті. Ол сондай-ақ бұл жоба тек өңір үшін ғана емес, бүкіл ел үшін стратегиялық маңызды болып табылатынын атап өтті.
Жоба кальцийленген сода импортын толығымен алмастыруға мүмкіндік береді. Зауыт іске қосылған кезде ішкі нарықтың қажеттіліктері толығымен қанағаттандырылады. Сондай-ақ, өнімнің 30%-ы экспортқа шығарылады. Болашақта жаңа өндіріс үлесіне ТМД және Балтық елдері нарығының шамамен 22%-ы тиесілі болады деп жоспарлануда.