Осы уақытқа дейін еліміздің егін даласындағы 14,1 млн гектардың дәнді және дәнді-бұршақты дақылы жиналыпты. Орташа өнімділік гектарына 9,2 центнерден айналған. Бұл 2020 жылғы деңгейден 22,8 пайызға төмен. Жалпы, 13 млн тонна астық жиналса, соның 10,4 млн тоннасы бидай.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 197,8 мың тонна майлы дақыл, 2 142,7 мың тонна картоп, 3 730,1 мың тонна көкөніс дақылдары, 2 581,3 мың тонна бақша дақылдары жиналған. Егін егетін негізгі үш өңір – Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында 10,6 млн гектар егін алқабы жиналыпты. Бұл жалпы алаңның 91,4 пайызы. Орташа өнімділік гектарына 8,4 центнерді құрап, жиналған өнім 8,9 млн тоннаға жетті.
«Астықтың жалпы түсімі 15,3 млн тоннаға жетеді деген болжам бар. Соның ішінде бидайдың түсімі 10,5 млн тоннаға жуықтауы мүмкін. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес 2021 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша республикада дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 3,5 млн тонна, оның ішінде бидай 2,8 млн тонна болған. Өткен жылдан қалған астықты есептегенде шамамен 18,8 млн тонна астық бар. Оның 13,3 млн тоннасы – бидай. Астықтың қажеттілік есептеріне сәйкес ішкі тұтынуға 7,6 млн тонна бидай, оның ішінде азық-түлік қажеттіліктеріне 3 млн тонна, жемге 2 млн тонна, тұқымға 1,8 млн тонна, өнеркәсіптік өңдеуге 0,8 млн тонна астық қажет», делінген министрлік мәлімдемесінде.
Бидайдың экспорттық әлеуеті ұнды қоса есептегенде шамамен 5,5-6 млн тонна көлемінде бағаланып отыр. Көктемгі егіс және күзгі жиын-терін жұмыстарын жүргізетін фермерлерге мемлекеттік қолдау көрсету аясында қаржы жеткілікті деңгейде бөлінеді. Азық-түлік келісімшарт корпорациясы ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алуды жүзеге асырмақ.
Сондай-ақ ведомство минералды тыңайтқыш, тұқым, пестицид сатып алған шаруаларға субсидия береді және суармалы жерге жұмсалатын су шығынының бір бөлігін өтейді. Инвестициялық субсидия бағдарламасы аясында техника сатып алған, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және қайта өңдеу объектілерін құрған, жылыжайлар мен өсімдік бақтарын салған, суару жүйелерін құрған әрі кеңейткен және тағы басқа да іргелі істерді қолға алған фермерлер шығындарының бір бөлігі өтеледі.
Егін жинау жұмыстарын уақтылы атқару үшін фермерлерге 396,5 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінген. 2021 жылдың 16 қыркүйегіндегі жағдай бойынша 247,5 мың тонна жеткізіліпті. Мұнай өңдеу зауытындағы отынның литрі 156 теңге (тоннасы 189,0 мың теңге), операторлардың жеткізу қызметінің құнын қоса есептегенде де дизель отынының өңірлердегі орташа бағасы қымбат емес. Шаруалар оның бір литрін 177 теңгеден алады.
«Республикада 28,8 млн тонна астық сақтайтын мүмкіндік бар. Оның ішінде астық қабылдау кәсіпорындарында 12 млн тонна, фермерлерде 16,8 млн тонна астық сақтайтын орын бар. Биылғы егін жинау науқаны штаттық режімде және жоспарланған кестеге сәйкес жүріп жатыр. Жұмысты уақытында атқаруға қатысты барлық мәселе министрліктің тұрақты бақылауында. Тиісті мониторинг пен талдау жасалып отырады», деп хабарлады ведомство.