Қазақстан Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының басқармасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы орындау, әскери қызметшілердің белгіленген нормаларды, шектеулер мен міндеттемелерді сақтау жөніндегі комиссияның отырысы болып өтті.
Әскери полиция бас басқармасының өкілдері әскери қызметшілермен жемқорлыққа қарсы қызметтік мінез-құлық стандарттарының сақталу мәселелері бойынша сабақ өткізді.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа стратегияны қалыптастыру және іске асыруды жалғастыру міндетін белгілеп берді, сондай-ақ, мінсіз мінез-құлқымен және жоғары кәсіби деңгейімен ерекшеленуге тиіс зор өкілеттілік пен құқық иеленген шенділерге назар аударған болатын.
Комиссия отырысы барысында «сенім телефондары» бойынша азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеуге ерекше назар аударылды, сыбайлас жемқорлық туралы ақпарат анықталған жағдайдағы жауапкершілік түсіндірілді.
Бұл комиссияның қызметі лауазымды адамдардың өз жұмысы үшін жауапкершілік дәрежесін арттыруға және оны одан әрі мөлдір етуге бағытталған.
«Егемен-ақпарат».