Алматыда «Мемлекеттік қызметтің персоналын басқаруды жетілдірудің басымдықтары» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік семинар өтті.
Оған мемлекеттік органдардың персоналды басқару қызметтерінің (кадрлық қызметтердің) басшылары, Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша орталық органдардың аумақтық бөлімшелерінің өкілдері, Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының, Халықаралық бизнес академиясының, Білім және ғылым министрлігінің өкілдері қатысты.
Жаңа жағдайларда мемлекеттік қызметтің персоналын басқару жүйесін жетілдіру туралы баяндамамен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің мемлекеттік қызметтің персоналын басқару бөлімі меңгерушісінің орынбасары Алма Құлжамбекова сөз сөйледі.
Семинар жұмысына, сонымен қатар, шетелдік сарапшы – Қазақ-неміс университетінің деканы, германиялық профессор Бодо Лохман қатысты. Ол Германияның мемлекеттік қызметтің персоналын басқару бойынша тәжірибесі туралы айтып берді.
Семинардың мақсаты «Қазақстан-2050» Стратегиясында қойылған міндеттермен, Қазақстан Президентінің «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауымен, сонымен қатар, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы жаңа заңнамасымен анықталды.
Президенттің Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында елдің мемлекеттік кадрлық саясатын ары қарай жетілдірудің маңызды бағыттары айқындалды.
2013 жылы ауылдық округтердің, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, селолардың әкімдерін сайлау өтті, олардың қызметтері мен штаттары біршама кеңейіп, өкілеттіліктері өзгерді. Енді орталық мемлекеттік органдардың аудандық, қалалық және аумақтық бөлімшелері деңгейінде бірыңғай кадрлық қызметтер құрылды. Бұдан бұрын аудандық және ауылдық деңгейде 5 мыңдай адам негізгі қызметін «кадршы» міндеттерін орындаумен бірге атқарды.
Бүгінгі күні қалаларда және аудандарда кадрлық жұмысты жүйелендіру үшін бірыңғай персоналды басқару қызметтері құрылған, олардың жалпы штаттық саны – 515 адам.
Жаңа заңнамамен мемлекеттік қызмет саласында тәлімгерлік, ротация, тағылымдама, мемлекеттік қызметшілердің жұмыс сапасын бағалау мен мансабын жоспарлау және басқа да институттар қарастырылған.
Семинар секциясының жұмысы барысында тақырыптық мәселелерді талқылау бойынша кіші топтарда жұмыстар жүргізілді. Кіші топтар модераторларының презентациялары нәтижелері бойынша мемлекеттік органдар, аудандар және облыстар деңгейінде мемлекеттік қызметтің персоналын басқаруды жетілдіру бойынша ұсыныстар мен тәжірибелік шаралар дайындалды.
«Егемен-ақпарат».