• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
05 Ақпан, 2014

Кәсіпкер қолдауға ие

314 рет
көрсетілді

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов брифинг өткізді. Ол Мемлекет басшысының «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауына орай кәсіпкерлер палатасының 2014 жылға арналған міндеттері жөнінде әңгімеледі. Елбасы Жолдауында мемлекет жұмысының негізгі бөлігі Қазақстан бизнесін, әсіресе, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға барынша қолайлы жағдай жасау болатынын айрықша атап өтті. Сөйтіп, Үкіметке Ұлттық кә­сіп­кер­лер палатасымен бірлесіп, жұмысын жаңа бастаған бизнесмендерге әдістемелік көмек­тің тиімді тетіктерін жасауды тап­сырды, деп бастады сөзін А.Мырзахметов. Мемлекет бас­шысының осы тапсырмасына­ орай атқарылып жатқан шаруа­ларды саралаған палата төрағасы, бизнеспен шұғылданамын деген адамға әдістемелік көмекпен қатар, қаржылай демеу шараларының түрлі тиімді механизмдері қарас­ты­рылып жатқанын алға тартты. Ұлттық палата шағын және орта бизнесті дамыту мен қолдауда туындап отырған мәселелерді түпкілікті шешуге­ бел буыпты. Төр­ағаның айтуына­ қарағанда, шағын және орта кәсіпкерліктің иін көтеріп, еркін дамып кетуіне кедергі болып отырған көлемді проблемалар топтамасы бар көрінеді. Біріншіден, әкімшілік кедергілер. Осыған байланысты Ұлттық палата бірқатар күрделі мәселелерге жүйелі талдау жасап, олардың тиімді шешімін табуға мүмкіндік беретін тәсілдер тізілімін құру жұмысымен айналысып жатыр екен. Мәселенің шешімін табатын тәсілдер тізілімі құрылып болған соң, кәсіпкерлердің жеке проблемаларына талдау жасай отырып, нормативтік және заңнамалық базада өзгертулерді талап ететін нақты шараларды анықтамақ. Сөйтіп, бизнестің еркін тыныстауына жол ашпақ. Мұнымен қатар, А.Мырзахметов кәсіпкерлердің бизнеске салатын қаражатқа қолжетімділігі мәселесіне де айрықша тоқталды. Қажетті қаражатты алу мен оны тиімді пайдалану үшін әр облыс, аудан орталықтарында кеңес беретін орталықтар жұмыс істей бастайтынын тілге тиек етті. Ол Үкімет ұсынып отырған табысты кәсіпкерлер туралы роликтер айналдыру шарасын толық қолдамайтынын білдірді. Оның ойынша, ауылды жердегі қарапайым адамдарға теледидарда айналдырылған роликтер қатты әсер ете қоймайды. Сондықтан аудан орталықтарында бизнесін ашып, оны дамытуға арналған кеңес-семинарларды жиі ұйым­дас­тырып, әр қалаушыны кәсіпке қолынан жетелегендей етіп алып келген әлдеқайда тиімді екен. Өңірлік палаталардың қыз­метіне сұраныс бар көрінеді. Әсіресе, өңірлік кәсіпкерлердің құқығын қорғау ісіне сұраныс көп түсе бастаған. Осыған дейін кәсіпкерлердің түйткілді мәселелеріне арналған үш бірдей отырыс өткізіліпті. Дәл қазіргі уақытта кәсіпкерлердің құқын қорғау жөніндегі кеңес жұмыс істеп тұр. Бұл кеңес құрылғалы бері бизнесмендерден 70 өтініш-хат келіп түсіпті. Бұлармен бірге, Ұлттық палата бизнесмендерді қосымша оқытып, білім-білігін арттыруды қарастыратын интернет арқылы білім беру жүйесін іске қосуды жоспарлап отыр екен. «Елбасы айтқандай, шағын бизнестің орта кәсіпкерлікке көшуіне ықпал жасауда интернеттік оқыту жүйесі өте маңызды деп ойлаймыз. Бұл жерде ақпараттануды, құзыреттілікті, жалпы білім деңгейін арттыру ең басты фактор болып табылады», деді төраға. Еліміздің жекелеген өңірле­ріндегі еселеп өсіп жатқан тарифтер де А.Мырзахметовтің назарында екен. Оның сөзіне сенсек, Ақтөбе және Оралда тариф өсімдері шағын және орта бизнестің еңсе көтеруіне мұрша бермей тұр. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бұл мәселені ежіктей келіп, алдағы наурыз айында Үкі­метке аталған проблемаларды шешу туралы арнайы ұсыныс жасауды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, ауылшаруашылық өнімдерін өндіруші ауыл кәсіп­керлеріне кепілзат жетіс­пеуші­лігінің мәселесі де палата назарында екенін жеткізді. Брифингтің екінші бөлімінде журналистердің бірнеше сұрақ­тарына толымды жауап қайтарған А.Мырзахметов Мемлекет бас­шы­сының тапсырмасы бойынша Қазақстан бизнесі елдегі әрбір отбасыға кіріп, еркін дамуы үшін, кәсіпкерлерді қолдап, қорғау қажеттігін қадап айтты. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».
Соңғы жаңалықтар