Мәжіліс депутаттары ақпан айының 6-сы мен 15-і аралығында еліміз аймақтарында болып, Елбасының «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауын түсіндіру, насихаттау жұмысына кіріспек.
Бұл туралы «Нұр Отан» партиясы фракциясының жиналысында Мәжіліс Төрағасы, фракция жетекшісі Нұрлан Нығматулин мәлім етті.
Жиын барысында нұротандық-мәжілісмендер алдағы жұмыс жоспарын қарап, бекітті.
Халық қалаулылары еңбек ұжымдарымен, шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесіп, әлеуметтік нысандарды аралайды. Депутаттар ұзақмерзімді «Қазақстан-2050» Стратегиясын негізге ала отырып, еліміз дамуының басым бағыттарын белгілеген Жолдаудың мақсаттары мен міндеттері жайында кеңінен әңгімелейді.
Бұл ретте аталған стратегиялық құжатты құқықтық қамтамасыз ету бойынша заң шығармашылық жұмысына баса назар аударылмақ. Сондай-ақ, осы уақытқа дейін қабылданған және қазіргі уақытта қарауға алынған заңнамалық актілерге де баса назар аударылады.
Нұрлан Нығматулиннің атап өткеніндей, Президентіміз еліміз алдында үлкен мүмкіндіктерге жол ашып отыр. Оны жүзеге асыруға әрбір қазақстандық белсене араласуға тиіс.
Мәжіліс спикері насихат жұмысы барысында облыс, аудан орталықтарымен қатар, шалғайдағы елді мекендерді де қамту маңызды екенін қадап айтты, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.