Қостанай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 33 жастағы Дарина Ахмадиеваның өліміне қатысты атышулы істі қарап жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Осы жылдың 16 маусымында жұмыстан шыққан әйелді бұрынғы күйеуі Азамат Молдахметов қуып жетіп, кезекті жанжал үстінде денесінің бірнеше жеріне пышақ салған. Мойын артериясына түскен жарақаттың терең болуы себебінен Дарина Ахмадиева жедел жәрдем көлігінде жан тапсырды. Даринаның артында 11 жасар ұлы қалған.
5 жылдан бері әйелінің соңына түскен Азамат Молдахметов бұрынғы әйелін пышақтаған соң өз ішіне пышақ салған. Оны екінші жедел жәрдем бригадасы ауруханаға жатқызып, қалалық аурухананың хирургтері ота жасады.
Жантүршігерлік оқиғадан кейін ҚР ҚК 99 -бабы «Адам өлтіру» бойынша іс қозғалды.
Сот алдында жәбірленуші деп танылған марқұм Дарина Ахмадиеваның әпкесі Әсел Шамғанова сіңлісінің отбасында табыстың болмауы мен күйеуі тарапынан болған қызғаныштың салдарынан отбасын сақтап қалу мүмкін болмағандығын жеткізді. Алайда сіңлісінің бұрынғы күйеуіне баласымен қарым-қатынас жасауға тыйым салмағанын, соңғы кездері Дарина Ахмадиеваға сені өлтіремін деп жиі жазғанын айтты.
Сотталушы Азамат Молдахметов өз кезегінде баласы 8 жасқа толғанда 2 ай көруге мүмкіндік бермегенін айтып, қылмысын толық мойындаған.
Бүгінде тергеп-тексеру амалдары жалғасып жатыр.